Қызылорда облысындағы 223 ауылдың 207-сі, яғни 92%-ы интернетпен қамтылған. Ал қалған 16 шалғай ауыл...
Талдықорған қаласында 20 жастағы студент жанжал кезінде қаза тапты
ашық дереккөз
Талдықорған қаласында жанжал кезінде 20 жастағы студент қаза тапты. Полиция күдіктіні ұстады, сот оны екі айға қамауға санкция берді, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Марқұмның анасының сөзінше, 7 мамыр кешінде оның ұлы достарымен футбол көруге кеткенін жазады. Пәтерде шамамен он адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған.
«Жастар арасында жанжал туындаған. Ұрыстан кейін олар сыртқа шыққан, кейін қайта кездескен. Анасының айтуынша, мектеп оқушысы оның ұлын қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан студент көз жұмды.
Әйел қайғылы оқиғаға дейін ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенін айтты. Оның сөзінше, ұлының көңіл күйі жақсы болған, әзілдесіп, кейін тағы хабарласатынын айтқан. Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның жазалануын талап етеді», – делінген жарияланымда.
Жетісу облысы полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
«Мамандандырылған тергеу соты оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізілуде. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені атқарылып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Ведомство өкілдері тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Сондай-ақ полиция департаменті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.