Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС референдумынан кейін Үкімет құрамының ауысуы мүмкін бе деге...
Тарихта ұқсас оқиғалар неге көп?
Адамзат тарихында неше түрлі таңқаларлық оқиғалар орын алған. Оның бірі кездейсоқ кейбір оқиғаларда ұқсастықтар бар.
Бірақ күнделікті тұрмыста жиі кездесетіндіктен оған адам баласы мән бермеуі де мүмкін. Десек те, кейбір оқиғаларда еліктеушілік те орын алатынын жасыруға болмайды.
Мысалы, Қытай тұрғыны Ван Лэйдің Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ұқсастығы бар. Ол бет-әлпетіне пластикалық ота жасатып, жұртшылықтың алдына шықты. Ван Лэймен Ким Чен Ынды енді тіпті айыра алмайсыз. Бет-әлпетті өзгерткенмен, диктатор Ким Чен Ындай болу қайда?! Қытай тұрғыны бұл әрекетке саналы түрде барды. Бірақ адамзат тарихына көз салсақ, мұндай ұқсастықтар көп. Әрине, «болмасаң да ұқсап бағу үшін» кейде ақылға сыймайтын санасыз әрекетке барудың қажеті шамалы. Алайда тарихта сәйкестіктер қайталана береді. Тіпті бұл таңғаларлық оқиға да болуы мүмкін. Мысалға жүгінсек, мән беретін жайттар жетерлік.
Айдың бетіне адамзаттың табаны тиген кезде орын алған оқиғаны қазір жұртшылық ұмытып қалды. Америкалық ғарышкер Нейл Армстронг Айдың бетіне аяқ басқанда, алғашқы қолданған сөзі «Сізге табыс тілеймін, мистер Горски!» болыпты. Неге? Мұның қандай себебі бар. Сөйтсек, Армстронг тұрған үйдің ауласындағы көрші әйел күйеуіне ылғи «Әлі- ақ көресің, көршінің баласы келешекте Айға ұшады, ал сен осы күнге дейін әйеліңе де дұрыстап бір құрмет көрсетпеген еркексің!» деп ұрсатын көрінеді. Енді жүзеге асқан оқиғаны қараңыз, үнемі ұрыс-керіс болып тұратын көршілердің отбасылық фамилиясы Горски екен. Армстронгтың Айға табаны тиген сәттегі қолданған алғашқы сөзі арманның орындалғаны болар. Бірақ көршінің сөзі кездейсоқтық па? Бірақ бұл сәйкестіктің таңғаларлық болғанын жасыруға болмайды.
Жақында шетелдік БАҚ Италияның қала сыртындағы даңғылында екі көліктің жол апатына ұшырағанын жапатармағай жазды. Бақытына қарай, екі жүргізуші де жарақаттанбаған. Көліктен түскен жүргізушілер таныса келгенде, екеуінің де фамилиясы Джакомо Феличе болып шыққан. Бұл есім итальян тілінен аударғанда «бақыттылар» деген ұғымды білдіреді екен.
Тарихқа көз салсаң, таңғаларлық керемет оқиғалардың жиі қайталанып тұратынына көз жеткізесің. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Детройт қаласының тұрғыны Джозеф Фиглок көшеде көпқабатты үйлердің тұсынан өтіп бара жатады. Кенет төбеден... Джозефтің басына бір жасар бала құлап түседі. Екеуі де жеңіл жарақат алады. Сөйтсе, шешесі терезені жабуды ұмыт қалдырып кеткен көрінеді, сәбилік құмарлық қойсын ба, «терезенің жақтауына» шығамын деп жерге құлап түскен. Оны Джозефтің басы аман алып қалған. Бір жыл өткеннен кейін тағы бір таңғаларлық оқиға орын алады. Джозеф Фиглок тағы көшеде әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатқан кезде, баяғы бала тағы оның басына құлап түсіп, аман қалады. Бұл не, кездейсоқтық па? Ең бір қуанарлығы, екі рет қайталанған бұл сәйкестіктен ешкім де зардап шеккен жоқ. «Періштесі қаққан бала» әйтеуір аман. Бірақ өмір болған соң, ұқсас оқиғалар орын ала беретіні рас. 1966 жылы төрт жасар бала Роджер Лозьер Американың Салем қаласының маңайындағы теңізде суға кетіп қала жаздаған. Бақытына қарай, оны Элис Блейз атты әйел құтқарып қалған. Ал Роджер 12 жасқа келгенде дәл осы жерде теңіз жағасында шомылып жүріп, суға кеткен бір ер кісіні жағаға алып шыққан. Ал білісе келгенде, ол ер адам баяғы өзін құтқарған әйелдің күйеуі болып шыққан көрінеді.
Жалпы, адам баласының жақсы нәрсені ғана ойлау қажет екенін мына бір мысалдан-ақ аңғаруға болар. Италияның белгілі кино актері Марчелло Мастроянни «Мен бақытты болған үй, ол да отқа оранды» деген әнді жиі айтады екен. Енді танымал ән болған соң, әуенін салатын шығар. Бірақ осы ән оған бақыт сыйлай қойған жоқ. Күндердің бір күнінде Марчелло осы әуенді достарының алдында дастарқан үстінде айтып отырған сәтте, оның екі қабатты тау беткейіндегі саяжайы жанып кеткен көрінеді.
1898 жылы жазушы Морган Робертсон «Сергелдең» атты роман жазады. Бірақ оның даңқы кейін шығады. Бұл еңбегінде жазушы «Титан» атты кеменің алып мұхитта жүзіп келе жатып, айсбергке соғылғанын арқау етеді. Екі жастың махаббаты, апатқа ұшыраған кемедегі байлар мен кедейлердің өмірі, аман қалған адамдардың кейінгі тағдырын сөз еткен жазушы арада 14 жыл өткен соң дәл сол оқиғаның өмірде орын алатынын білген жоқ. Ең бір қызығы, Морган Робертсонның «Сергелдең» атты сол кітабы 1912 жылы айсбергке соғылып, апатқа ұшыраған «Титаниктің» бортында бар болып шыққан. Кейін «Сергелдең» романындағы «Титан» алып кемесі мен «Титаниктегі» оқиғалар бір-біріне ұқсас екені анықталған. Романда кемеге жолаушылардың шектен тыс көп болғаны, корабль капитанының сауатсыз басқаруы, құтқару құрылғыларының жетіспеуі де сөз болады. Апатты жағдайды суреттеген «Сергелдең» романы 14 жыл өткен соң, сөйтіп, «Титаникпен» бірге суға кетеді.
Бірақ «Құдай сақтағанды сақтайды» деген рас. 1939 жылы дәл осы «Титаник» апатқа ұшыраған Атлантика маңайында тағы бір «Титаниан» атты кеме жүзіп келе жатады. Кеме капитанының мықтылығы болар, бір кезде айдында айырып білуге болмайтын қарауытқан бұлыңғыр бір алып сұлбаның көлеңкесін көріп, корабльді оңға бұруға бұйрық береді. «Кемедегенің жаны бір» емес пе, бұл оқыс бұрылыстан қаннен-қаперсіз тұрған жолаушылар оқиғаның жай-жапсарын білмей жатып, шу шығарады. Бірақ аз ғана зақымданып, алып мұзтауды жанай өткен «Титаниан» апатқа ұшырамай аман қалады. Міне, үш кеме. «Титан», «Титаник» пен «Титаниан». Мұның бәрі кездейсоқ орын алып жатқан оқиға десек те, тарих кейбір сәттерді айна-қатесіз қайталап отыратыны ақиқат. 1664 жылдың бесінші желтоқсанында Уэльстің жағалауында жолаушылар кораблі суға батып кетеді де, Хью Уильямс атты жалғыз жолаушы аман қалады. Бір ғасыр өткен соң осыған ұқсас оқиға тағы қайталанады, тағы бір кеме апатқа ұшырайды. Жалғыз ғана жолаушының көрер жарығы бар екен. Оны да аты-жөні Хью Уильямс болып шығады. Арада тағы бір ғасыр, 100 жыл өтті. 1860 жылы 10 балықшы мінген үлкен қайық теңіз дауылына тап болып, барлағы да жан тапсырады. Тағы да Хью Уильямс деген балықшы аман қалады.
Жалпы, бұл қарапайым өмірде орын алып жатқан оқиғалар. Бірақ тарихты жасайтын тұлғалардың тіршілігінде де ұқсастықтар жетерлік. Мысалы, бір дәуірде өмір сүрген Гитлер мен Рузвельттің тағдырын алайық. Олардың сыртқы кескін келбеті бөлек пішіндес болғанымен, өмірбаяндық ғұмыры бір-біріне ұқсас. Екеуі де 1933 жылы билікке келді. АҚШ президентінің инаугурациясы болып жатқан сәтте, немістің Рейхстагында депутаттар Гитлердің биліктегі өкілеттілігін кеңейту туралы дауыс беріп жатты. Екі билеуші де алты жыл уақыттың ішінде өз елдерін күрделі дағдарыстан алып шықты. Бірақ олардың өлімі де бір-біріне жақын уақытта өтті. Екі билеуші 1945 жылдың сәуірінде арасына 18 күн салып өмірден өтті.
Бірақ қаншама ұлы билеуші, әулие бол, бірақ өлімнен ешкім қашып құтыла алған жоқ. Кейбір жұлдызнамашылар XVI Людовикке 21 санынан қорқудың қажеттілігін ескерткен көрінеді. Әрбір айдың 21-і келген күні ол ешқайда шықпай, ешкімге көрінбей, жатын бөлмесінде жатып алатын көрінеді. Бірақ «жаманның сандырағы келеді» деген рас екен, 1791 жылдың 21 маусымы күні Людовик пен оның әйелі тұтқындалады. 1792 жылдың 21 қыркүйегінде Францияда ханзадалық билік жойылып, мемлекет республика болып жарияланады. Ал 1793 жылдың 21 қаңтарында XVI Людовик өлім жазасына кесіледі.Сөйтіп, «21» саны ақыры Людовиктің түбіне жетті.
Иә, не толқытса, соның мұңын тартасың. Бұл енді ақиқат. Бірақ кездейсоқтық пен сәйкестік өмірде кездескен сайын оған таңғалудан басқа әрекет болмайды. Мысалы, АҚШ президенттерінің көпшілігі «0»-мен аяқталатын жылы қайтыс болады екен. Линкольн (1860), Гарфилд (1880), Маккинли (1900) өз ажалынан қайтыс болса, Кеннеди 1960 жылы қастандықпен өлтірілді. Гаррисон 1840 жылы өкпесіне суық тиіп бақилық болды. Хардинг 1920 жылы жүрек талмасынан көз жұмды. Рейганға 1980 жылы қастандық жасалды.
Мұқым дүниеге танымал ғұламалардың ішінде өзінің қай жылы, қай кезде өлетінін болжаған мықтылар да болады. Мәселен, жазушы Марк Твеннің 1835 жылы туғаны мәлім. Сол күні Жер шары маңынан Галлея кометасы ұшып өткен. Жазушы 1909 жылы өзінің күнделігіне мынандай сөз қалдырған: «Мен бұл әлемге Галлея кометасымен бірге келдім және бірге кетемін». Бұл болжам ақиқатқа айналды. 1910 жылы Галлея кометасы Жер орбитасынан көрінгенде, Марк Твен өмірден өтті.
Тарихты таразылаған адам мұндай ұқсастықтар мен кездейсоқ сәйкестіктердің көп болатынына көз жеткізеді. Бірақ тіршілікте қай нәрсе орын алмасын, тоқетері, бәрінің сәтті, нәтижелі аяқталғанына ештеңе жетпейді.