Жамбыл облысындағы сарбаз өліміне қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Гвардей...
Тікелей рейс, инвестиция және AI: Қазақстан мен Оман маңызды келісімдерге келді
Ақорда
Қазақстан мен Оман сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, жасанды интеллект және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейтуге уағдаласты. Сондай-ақ екі ел арасында тікелей әуе қатынасын мүмкіндігінше тезірек іске қосу мәселесі көтерілді. Бұл туралы Ақорда жариялаған Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығының бірлескен мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқтың 5–6 қазанда Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың арасында инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау, әуе қатынасы, Оман – Қазақстан іскерлік кеңесін және бірлескен инвестициялық қор құру жөніндегі келісімдер бар.
Екі ел басшылары сауда айналымын ұлғайтып қана қоймай, Қазақстан мен Оман нарықтарына тауарлардың шығуын жеңілдетуге ниетті.
«Мемлекеттер басшылары екіжақты сауданы одан әрі кеңейту және әртараптандыру үшін айтарлықтай әлеует барын атап өтті. Олар екі ел арасында алмасатын тауарлар мен өнімдердің түрлерін кеңейтуге, қолданыстағы сауда кедергілерін жоюға және екі елдің өнімдеріне, бір-бірінің нарықтарына кеңірек қол жеткізу мүмкіндігін жеңілдетуге бағытталған үйлестірілген шараларды жүзеге асыруға келісті», – делінген Ақорда таратқан бірлескен мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, тараптар энергетика, табиғи ресурстар, өндіріс, азық-түлік өңдеу, денсаулық сақтау, логистика, туризм, жаңартылатын энергия және тау-кен өндірісіндегі инвестициялық жобаларды дамытуға мүдделі екенін білдірді. Осы мақсатта Қазақстан – Оман инвестициялық қорын құру құпталды.
Көлік қатынасына да ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Оман Орталық Азияны Таяу Шығыс және Африка нарықтарымен байланыстыратын жаңа көлік-логистикалық дәліздерді дамыту мүмкіндігін қарастырмақ.
«Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Оман арасында тікелей және тұрақты әуе қатынасын мүмкіндігінше тезірек орнату маңызды екенін атап өтті. Мұны екі ел арасындағы бизнес, туризм, мәдениет салаларындағы қатынастарды және гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал ететін маңызды фактор ретінде мойындады», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар екі мемлекет цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Технологиялық компаниялар, инновациялық хабтар мен білім беру мекемелері арасында бірлескен жобалар іске асырылуы мүмкін.
«Тараптар екі елдің технологиялық компаниялары, инновациялық хабтары, академиялық және білім беру мекемелері арасында білім алмасу, инновацияларды енгізу және өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыру үшін тығыз өзара іс-қимыл мен серіктестікті дамытуға дайын екендерін білдірді», – деп хабарлады Ақорда.
Білім беру саласында студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері де қарастырылды.
Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанына Қазақстанға мемлекеттік сапары үшін алғыс айтты. Ал Хайсам бен Тариқ екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растап, Қасым-Жомарт Тоқаевты Оманға сапармен келуге шақырды.