Норвегиядан Нидерландыға ұшқан Boeing 737-800 жолаушылар ұшағы апатты жағдайда Сандефьорд халықара...
Тоқаев Қазақстан СІМ басшысының жаңа орынбасарын тағайындады
СІМ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Арман Исагалиев Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Арман Исагалиев Қазақстанның Катардағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған. Бұл лауазымға ол 2020 жылдың қыркүйегінде тағайындалған.
Арман Исагалиевке 53 жас. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын ҚазҰУ-да оқытушы болып бастаған. Кейін Қазақстан Ғылым академиясының Шығыстану институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
2000 жылы дипломатиялық қызметке ауысып, Қазақстанның Мысырдағы елшілігінде бірінші хатшы қызметін атқарған.
Кейін бизнес құрылымдарында еңбек етіп, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігінде кеңесші, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің сыртқы саясат орталығында сектор меңгерушісі болған.
2014-2017 жылдары Қазақстанның Дубай және Солтүстік Әмірліктердегі бас консулы қызметін атқарды.
Одан кейін Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалып, қоса атқарушы негізде Алжир мен Тунисте ел атынан өкілдік етті.
Арман Исагалиевтің дипломатиялық дәрежесі — Төтенше және өкілетті елші. Ол араб және ағылшын тілдерін меңгерген.