Екібастұзда көпқабатты үйдің ауласында жеңіл көлік алты жастағы баланы қағып, ол оқиға орнында қаза...
Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады: жүз мыңдаған адам жұмыспен қамтылады
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президенттің айтуынша, бұл бағыттарға қомақты қаржы бөлініп, барлық өңірді қамтитын нақты жобалар тізімі әзірленеді. Сондай-ақ ол ауқымды инфрақұрылымдық бастамаға «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды.
Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға және халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге басымдық берілетінін айтты. Бұл бағытта елді мекендерге газ бен таза ауыз су тарту жоспарланып отыр.
«Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады».
Мемлекет басшысы жоспарланған жобаларды жүйелі жүзеге асыру үшін олардың бастапқы тізімін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл тізім жекелеген өңірлермен шектелмей, елдің барлық аймағын қамтуға тиіс.
«Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек».
Президент халықтың үмітін ақтау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, қолға алынатын бастамалар ел тұрғындарының игілігіне бағытталуы керек.
«Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет.
Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін».
Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасының ел экономикасын дамытудағы рөліне де тоқталды. Президент бұл бастама азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал ететін ірі инфрақұрылымдық жоба болатынын атап өтті.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ».
Мемлекет басшысы бастаманың тағы бір маңызды бағыты ретінде жұмыспен қамтуды атады. Оның пікірінше, ауқымды құрылыс жобалары көптеген адамға жұмыс тауып, нәтижесінде оның игілігін бүкіл халық, соның ішінде жас ұрпақ та көреді.
«Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін».