Белгілі фотожурналист Болат Омарәлиев өмірден өтті, деп хабарлайды madeniportal.kz Massage...
Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары
6 маусым, 2018. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» деп аталатын көрме ашылады.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мемлекеттік Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова, сонымен қатар ресейлік және қазақстандық өнертанушылар қатысады.
Көрмеде Константин Коровин, Абрам Архипов, Константин Юон, Петр Кончаловский, Илья Машков, Аристарх Лентулов, Павел Кузнецов, Игорь Грабарь, Михаил Нестеров, Исаак Бродский, Татьяна Яблонская, Юрий Пименов, Дмитрий Жилинский, Виктор Попков, Таир Салахов және тағы басқа ХХ ғасыр өнері тарихындағы маңызды есімдер таныстырылады.
Елу көркем сурет туындысы ХХ ғасырды тұтастай қамтыған десе де болады: ең ерте суреттер 1900 жылдарға, соңғылары 1980 жылдарға жатады. Экспозицияға Абрам Архиповтың «Шаруа әйел», Константин Коровиннің «Бауда. Гурзуф», Аркадий Рыловтың «Жасыл шу», Илья Машковтың «Мәскеу азық-түлігі: нан», Александр Герасимовтың «Балет әртісі Лепешинскаяның портреті», Федор Решетниковтың «Тағы да екілік», Татьяна Яблонскаяның «Таңертең», Юрий Пименовтың «Болашақ көшедегі той» сынды әйгілі еңбектері кірген.
Экспозицияланатын суреттердің көпшілігін есімдері орыс бейнелеу өнерінің ұлттық дәстүрін алып жүруші Мәскеу көркем сурет мектебімен байланысты шеберлер жасаған. Суретшілердің дербес мәнеріне, өздеріне шабыт беріп отыратын бағыттарына, темпераментіне, көркем сурет тобына қатыстылығына қарамастан дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа, шеберден-шеберге беріледі. «Жылжытушылар серіктестігі», «Орыс суретшілер одағы», «Қиық балта», «Революцияшыл Ресей суретшілерінің ассоциациясы» сынды атақты бірлестіктерді Мәскеу мектебінің шеберлері құрған.
Экспозициядағы басты орын Татьяна Яблонскаяның жарыққа, үмітке, жасампаз күшке толы «Таңертең» суретіне берілген. Бұл картинаның Қазақстанмен байланысты өзіндік тарихы бар. Бұл жұмыста Татьяна Яблонскаяның Лена атты үлкен қызы бейнеленген. Ол кезде Лена 13 жаста. Аталмыш картинаның репродукциясы журналдарда, мектеп оқулықтарында басылған. Лена қыз бейнеленген «Таңертең» картинасы Алматылық қазақ Арсен Бейсембиновтың қабырғасында ілініп тұрыпты. Ол суреттегі бұрымды қызға ғашық болған. Арсен ер жетіп, Мәскеуге барып, Строганов училищесіне түседі. Міне, осы училищеде Арсен өзінің суреттегі ғашығы Ленамен танысқан. Осылай, қазақ жігіті Арсен Бейсембинов өзінің қабырғасында кішкентай кезінен ілініп тұрған, көрмей ғашық болған қызы Ленаға үйленеді.
ҚР Ұлттық музейіндегі «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» көрмесінің ашылу салтанатында дәл сол «Таңертең» картинасының кейіпкері Елена Бейсембинова қатысады деп күтілуде.
Көрме 2018 жылғы 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.
mks.gov.kz