Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектері табылды, де...
«Тұншыққан»: Атырауда ақ халаттылардың салғыртығынан жүкті әйел сәбиінен айырылды
Сурет ашық дереккөзден алынды
Атырау облысы Қызылқоға ауданының тұрғыны Айгүл Егізбаева дәрігерлердің салғырттығынан сәбиінен айырылғанын айтады. Бір жылдан бері ол кінәлілердің жазалануын талап етіп келеді, алайда әлі күнге дейін бірде-бір медицина қызметкері жауапқа тартылмаған, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ orda.kz-ке сілтеме жасап.
2023 жылдың 25 мамырында Сағыз ауылының тұрғыны, жүкті әйел Айгүл Егізбаева Атырау қаласындағы Алмагүл ықшамауданында орналасқан перинаталдық орталыққа жедел жәрдеммен жеткізіледі. Кешкі сағат 21:00 шамасында оны дәрігер Нұргүл Маратовна қабылдап, палатаға жатқызған. Түн ортасында толғақ басталған.
«Ауырсыну қатты болды, бірақ мені ешкім қарап тексерген жоқ. Кейін акушер Аманғалиева КТГ аппаратын қосып қойды, болды. Бірде-бір гинеколог палатаға кірмеді. Жалғыз өзім қалдым, қатты қорықтым», – деп еске алады Айгүл.
Тек келесі күні таңғы сағат 7:30 шамасында ғана дәрігерлер палатаға кірген.
«Сізде жамбастық келу бар екенін неге айтпадыңыз?» – деп таңданысын білдірген гинеколог Гилманова. Айгүлдің айтуынша, оған бұған дейін мұндай диагноз туралы ешкім айтпаған. Дәрігерлер түнде-ақ анықтауы тиіс болған жамбастық келу диагнозын тек таңертең қойған. Кейін оған шұғыл ота жасалған, бірақ нәресте өлі туған.
«Моргтағылар баламда ешқандай туа біткен ақау болмағанын айтты. Өлім себебі – тұншығу. Егер дер кезінде көмек көрсетілсе, тірі қалар еді», – дейді Айгүл.
Ол медициналық қызметтердің сапасын бақылау департаментіне шағым түсірген. Тексеру нәтижесі бойынша перинаталдық орталықтың кінәсі расталған. Азаматтық іс аясында сот Айгүлге бір миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді. Алайда әйел бұл соманы жеткіліксіз деп санайды:
«Мен ақша үшін келген жоқпын. Әділдік керек. Мен секілді тағдыр кешетіндер болмасын. Дәрігерлер жауапкершіліктен жалтармасын. Бәрі үшеуі де жұмыстан шығып кетті», – дейді ол.
Айгүл полицияға арыз жазған. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында тергеу тоқтатылған.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі бойынша құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты, қылмыстық іс 2024 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтатылды», – деп жауап берді Атырау облыстық Полиция департаменті.
Яғни, ресми түрде дәрігерлер кінәсіз деп танылған. Тергеу олардың әрекетін қылмыс ретінде қарастырмайды. Ал тілші екі рет облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрау жолдағанымен, жауап келмеген.
Айгүл бұл шешіммен келіспейді және істі қайта сараптамаға жіберуді талап етіп отыр. Осы уақыт аралығында істі үш тергеуші ауыстырған.
Жылға жуық уақыт бойы әйел жүрегі жаралы күйде, жауабын таба алмай жүр. Ол дәрігерлердің немқұрайлығы салдарынан сәбиінен айырылғанын айтып, әділдікті талап етуден бас тартар емес.