Ұларбек Нұрғалымұлы. Апталық сапар сарқыты

Жаңалықтар
1365

Аллаға шүкір, жақсы бір сапарды аяқтап, үйге келдік. Барған жерімізде ресми шаруамызды тындырғаннан кейін қалам-қағаздың айналасындағы ақкөңіл ағайындармен қауышып, көңіл өсіріп, әңгімеге байып қайттым.

Ел іші ғой, көңіліңді селт еткізер дүниелер де аз болмады. Бала күнінен бері бәкіден коллекция жинап келе жатқан Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық коллеждің директоры, дәстүрлі әнші Саян Болатұлының сандық толы бәкілерінің өзі неге тұрады. Сәкеңнің қазақы болмысы, ұсталық өнері де қатты ұнады. Әңгіме қыза келе маған бір бәкі қарыз болып қалды өзі)) Айта берсек, әңгіме көп))

Қарағандыға жеткенімізді естіп айтыскер ақын Айтбай Жұмағаұлов шауып жетті. Аздан соң достары келді, әңгімені ұзаққа жібердік. Алдағы күндерде арнайы жалғастыратын болып, қош айтыстық. Жезқазған сапары да тамаша болды. Кезінде Арман Әлменбет бауырым таныстырған, болмысы бөлек Кенжебай Ахмет ағамыздың үйінде болдым. Ағамыз ағытылып бір әңгімені жіберді дегейсің. "Атақ пен медальға жүгірмесең болды, сенен көп нәрсе күтем" дейді))) Қысқасы, ойына алған ісін бір жағынан шығармай тынбайтын күрескер көкеміз жақында бір фильм түсіріп тастапты. Айдың соңын ала Астанада көрсетілімі болады екен. Мүмкіндік болса келесіздер ғой.

Жезқазғанға жеткенімізді әлеуметтік желіден естіген Абай Ораз деген ақын інімізбен Кенжебай ағамыздың үйінде отырған жерімізде жүздестік. Өзі бір ерттеулі аттай елпілдеп тұрған жігіт екен. Оңаша бір жерге барып отырдық. Өлең оқып бастады, ағып тұр! Өлеңдері ұнап, жаныма жағып барады, бірінен соң бірін тыңдадым. Сосын сіздерге де дәм таттырайын деп бір өлеңін сұрап алдым. Айтпақшы, ақын жігіттің жылқышы болған атасы мен әжесі әлі бар. Сол атасының қасында өзі де алты жастан атқа мініп, жылқы шетіне шыққан ер екен!

Бір апталық сапарда бірге болған жолдастарым Қазақ ұлттық өнер университетінің білікті мамандары "Фортепиано" кафедрасының доценті Лариса Латышова, "Үрмелі және соқпалы аспаптар" кафедрасының аға оқытушысы Ербол Мамырбаев, "Ішекті аспаптар" кафдерасының аға оқытушысы Қанат Жандаулетов сынды шетінен музыканттар болды. Шүкір, мақсаттап шыққан шаруамызда табысымыз аз болмады. Оны алдағы уақыт көрсете жатар.

Мен сіздерге Абай бауырымның өлеңін ұсынайын.

БҰРЫНҒЫНЫҢ ШАЛДАРЫ

Қайран қалам! 
Атқа шауып, баладай бәйге алмаған. 
Үгілемін тұлпардың тұяғындай, 
Құлын едім желіге байланбаған!

Мен кешегі шалдарды түгел көрдім, 
Шалдар көрдім, төрінен жүген көрдім.
Жиі сұрай барамын хәл-қуатын, 
Иісін-ай, қаракөк, күреңдердің.

Кеше қыстақ барғанмын «ассалаулап», 
Сәлем бере алмаймын басқаға арнап. 
Жатсынбаймын жанымның босағасын, 
Жүйрік десе мен балаң – отқа жанбақ.

Кешегі күн келмеске кетсе дағы, 
Біздің шалдар өткенін еске алады. 
Ет-жүрегі езілсе өзі соққан, 
Қаңыраған қорадай бос қалады.

Баяғыдан баяны – жылқы жайлы.
Бәйге атындай қарасаң тұрқы да әйгі. 
Бір-ақ шөкім бурыл шаш оның өзі – 
Будақ-будақ бұлттай боп бұрқырайды.

Құлағымды тігем де тыңдай қалам, 
Әңгімесін шалдардың мыңды айдаған. 
Ағыл-тегіл жылаймын, содан кейін, 
Бастауы жоқ бұлақтай құрғай қалам.

Қозғалақтап, тыпыршып таңдай қағам! 
Жүйрік жайын айтқанда жарға айдаған.
Аптап боп ыстық құшам, шоқты шайнап, 
Онан соң денем мұздап тоңға айналам.

Түн баласы менің де түсіме енген, 
Су ішем деп құдыққа түсіп өлген 
жорға құнан мұқым ел қасіреті,
Ал иесі күйіктен ішіп өлген.

Сәйгүліктің сықпытын сұра менен.
Шын тұлпарға мен дағы мұрагер ем.
Шалдар кетсе мұндай жыр жазылмайды, 
Бір жүйріктің тағдыры – бір-ақ өлең!

author

Ұларбек Нұрғалымұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...