Жалған психологтардың дәурені аяқталды: Қазақстанда «Психологиялық қызмет туралы» заң қабылданды

Фото: әлеуметтік желіден

ЖАҢАЛЫҚТАР
100

Қазақстанда психологиялық қызмет саласын реттеуге бағытталған маңызды қадам жасалды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында авторлық «Психологиялық қызмет туралы» заңының Сенаттан сәтті өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұл заң қоғамда көптен бері қордаланған мәселелердің бірін шешуге бағытталған. Соңғы жылдары өзін психолог ретінде таныстыратын, алайда тиісті білімі жоқ адамдардың саны күрт көбейді. Әлеуметтік желілерде әдемі жарнама мен күмәнді сертификаттарға сенген азаматтар психологиялық көмек аламын деп, керісінше, өз жағдайын ушықтырып жатты.

Психологиялық қиындыққа тап болған адам үшін кәсіби көмек аса маңызды. Дұрыс қойылған диагноз, ғылыми негізделген әдістер мен этикалық нормаларды сақтай отырып көрсетілген қызмет адамның өмір сапасын жақсартып қана қоймай, отбасын сақтап қалуға, күйзелістен шығуға және психикалық денсаулығын қалпына келтіруге көмектеседі. Ал біліктілігі дәлелденбеген мамандардың кеңесі кей жағдайда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа заңның басты мақсаты – азаматтарды сапасыз қызметтен қорғау және кәсіби психологтардың мәртебесін арттыру.

Заңның негізгі бағыттары: 

1. Дипломсыз және мемлекеттік реестрсіз психолог болуға тыйым салынады

Енді арнайы жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдар өзін «психолог» деп атай алмайды. Азаматтар маманның ресми реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрге енбеген тұлғалардың психологиялық қызмет көрсетуге құқығы болмайды.

2. «Психо» атауын пайдаланып алдауға жол берілмейді

Дипломы жоқ түрлі тренерлер мен коучтарға өз жарнамаларында «психолог», «психо-коуч», «психо-кеңесші» секілді атауларды қолдануға заң жүзінде тыйым салынады. Осылайша қысқа мерзімді курстарды ғана аяқтап, өзін маман ретінде көрсететін адамдардың қызметіне шектеу қойылады.

3. Онлайн-жарнамаға бақылау күшейеді

Психологиялық қызметке қатысты жарнамалар мен интернеттегі ақпараттарға бақылау күшейтіледі. Бұл азаматтарды жалған ақпарат пен жаңсақ уәделерден қорғауға мүмкіндік береді. 

Қазіргі таңда психологиялық денсаулық мәселесі қоғам үшін ерекше маңызға ие. Күйзеліс, мазасыздық, отбасылық қиындықтар немесе эмоционалдық күйіп кету жағдайларында адамдар маман көмегіне жиі жүгінеді. Сондықтан психологтың кәсіби білімі мен біліктілігіне қойылатын талаптардың нақты болуы – азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет.

Жаңа заң адамдардың кәсіби және кәсіби емес мамандарды ажыратуына көмектеседі. Ең бастысы – психологиялық көмек іздеген азаматтар енді маманның білімін, мәртебесін және қызмет көрсету құқығын ресми түрде тексере алады. 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция бөлімінің аға детективі Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа...

ЖАҢАЛЫҚТАР

24 маусымда Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Гагарин көшесі мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысын...