Бұған дейін Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 800 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жібе...
Жаңа жылдан бастап декреттегі ата-аналардың зейнетақы шотына бюджеттен ақша түспейді
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын ата-аналардың зейнетақы жарнасына қосымша ақша аудармайды. Бірақ әлеуметтік төлемнің өзі тоқтамайды: одан ұсталатын міндетті зейнетақы жарнасы жеке шотқа түсе береді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қазір әлеуметтік төлемнің 10%-ы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталады. Бұған қоса, жарна есептелетін бұрынғы табыс пен төлемнен ұсталған жарнаның арасындағы айырманы мемлекет бюджеттен толықтырады. 2027 жылдан бастап осы қосымша төлем тоқтайды. Өзгеріс 2026 жылғы 11 маусымда қабылданған заңда қарастырылған, ал Әлеуметтік кодекстегі бюджет субсидиясына қатысты баптар 2027 жылғы 1 қаңтардан күшін жояды.
Мысалы, жарна есептелетін орташа табыс 500 мың теңге болса, бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем оның 40%-ына - 200 мың теңгеге тең. Қазір осы төлемнен 20 мың теңге жарна ұсталып, мемлекет тағы 30 мың теңге қосады. Сөйтіп, зейнетақы шотына айына 50 мың теңге түседі. 2027 жылдан бастап бюджеттен берілетін 30 мың теңге тоқтап, шотқа тек төлемнен ұсталған 20 мың теңге аударылады.
Өзгеріс бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алушыларға қатысты. Жүктілік пен босануға байланысты төлемнің өзі бұл өзгеріске кірмейді. Бала күтімі кезеңі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептеле береді.