Дәрігерлер Алматы қаласы Түрксіб ауданында тұрғын үй подъезінен табылған сәбидің жағдайы туралы айтт...
«Көз жасына ерік берді»: Димаштың ата-анасын Мексикада қалай қарсы алғаны жұртты тәнті етті
Димашньюс
Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтарды Мексикадағы жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды. Кездесу барысында қазақ әндері шырқалып, әсерлі сәттерге толы кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Ерекше кездесу 10 қараша күні Мексиканың Мерида қаласында, Димаштың DIMENSIONS әлемдік турнесі аясындағы концерті қарсаңында өтті.
Шараны Dears Península de Yucatán жанкүйерлер клубы ұйымдастырған. Кешке әншінің ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ Қазақстанның Мексикадағы елшілігінің кеңесшісі Ерлан Құбашев қатысты.

Жанкүйерлер қонақтарға арнап екі елдің мәдениетін тоғыстырған арнайы бағдарлама дайындаған. Кеш барысында мексикалық өнерпаздар ұлттық билерін билеп, танымал «Bésame Mucho» әнін орындады.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі мексикалық блогер Лео Кантроның Димаштың ата-анасымен жүздесуі болды. Қазақстандық әншінің шығармашылығын испантілді аудиторияға бірнеше жылдан бері таныстырып жүрген блогер Қанат пен Светлана Айтбаевтарды көргенде көз жасына ерік берген.
Ал Димаштың ата-анасы жанкүйерлерге ерекше тосынсый жасады. Қанат Айтбаев қолына гитара алып, жұбайымен бірге «Мерекем сен» әнін орындады.

Кеш барысында қазақ тіліндегі әндер де шырқалды. Әсіресе мексикалық жанкүйерлердің бір дауыспен «Қазақстан! Қазақстан!» деп ұрандатуы жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.
Осылайша, Димаштың өнеріне деген сүйіспеншілік екі елдің мәдениетін жақындастырып, Мексика төрінде қазақ әні мен Қазақстанның аты тағы бір мәрте асқақтады.
Айта кетейік, бұған дейін Мексиканың Монтеррей қаласында Димаш Құдайбергенге арналған үлкен мурал пайда болған еді. Оны жергілікті жанкүйерлер әншіге деген құрметінің белгісі ретінде жасатқан.
Ал 14 қарашада Димаш Монтеррей қаласында DIMENSIONS әлемдік турнесі аясында концерт береді.