Жапонияда 21 жастағы студент қыз ерекше әрі күтпеген жағдайға тап болды. Ол қарым-қатынаста болған е...
"Жазбаша жауап қабылданбайды": Дания Еспаева вице-министрге ескерту жасады
Фото-коллаж: dalanews.kz
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева Көлік вице-министрі Дамир Қожахметовке депутаттардың сұрақтарына отырыс барысында нақты жауап беруге шақырып, ескерту жасады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Еспаеваның ескерту жасауына депутат сауалына берілген жауап себеп болды. Дамир Қожахметов қажетті ақпаратты кейін жазбаша түрде ұсынатынын айтқан. Алайда вице-спикер үш жылдық бюджет талқыланып жатқанда мемлекеттік органдар өздеріне қатысты негізгі көрсеткіштер мен шығыстарды алдын ала білуге тиіс екенін атап өтті.
"Бүгін біз үш жылдық бюджетті қарап жатқан отырыста жазбаша жауап беремін деуіңіз дұрыс емес", - деді ол.
Еспаеваның сөзінше, қойылған сауал Көлік министрлігінің шығыстарына қатысты болған және оған сол жерде жауап беруге мүмкіндік болған.
"Сұрақ өте қарапайым болатын. Тым қарапайым. Бұл сіздердің шығыстарыңызға қатысты еді. Оны бәрінен де жақсы білулеріңіз керек", - деп мәлімдеді ол.
Бұдан кейін Дания Еспаева отырысқа қатысып отырған басқа вице-министрлерге де үндеу жасап, депутаттардың сауалдарына толық әрі нақты жауап беруге шақырды. Ол жазбаша жауап берумен шектелмеу керегін ескертті.
"Жазбаша жауап қабылданбайды. Отырыс болатынын, таныстырылым жасалатынын алдын ала ескерттік. Әркім дайын болуы керек", - деп атап өтті вице-спикер.
Еспаева мемлекеттік орган өкілдеріне отырыстың форматы мен үш жылдық бюджет жобасының таныстырылымы жөнінде алдын ала хабарланғанын да еске салды.