Жеңістің 80 жылдығына арналған айтыстың жартылай финалы өтті

Фото: Amanat

ЖАҢАЛЫҚТАР
404

Астанада «Ерлік – елдік дастаны» атты республикалық командалық айтыстың жартылай финалы өтіп жатыр, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Іс-шара «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып, Жеңістің 80 жылдығына арналды. Айтысты елорда әкімдігінің Мәдениет басқармасы өткізді.

Жартылай финалдың алғашқы кезеңінде Қарағанды облысы мен Астана қаласының суырыпсалма ақындары мен дәстүрлі өнердің дарабоздары сахна төріне шығып, сөз өнерінің шеберлігін паш етті. Ақындар қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыс пен өтірік өлең айтып сайысса, дәстүрлі әнші, жыршы, термеші мен күйшілер өзара бақ сынады.

Астана қаласы командасының тізгінін белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы ұстап, сахнада Дінмұхаммед Боранбай таныстыру айтты. Қаланың намысын қорғаған жас ақындар қатарында Мұхтар Қонарбаев, Иранғайып Күзембаев, Нартай Тілеуқұл мен Еркебұлан Қайназаров бар. Олармен бірге дәстүрлі ән, жыр-терме, күй өнерінің майталмандары Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Ерболат Шалдыбеков және Бақытжан Дүйсенғазиев өнер көрсетті.

Ал Қарағанды облысы құрамасының сапында да осалдар жоқ еді. Команданы ақын Айтбай Жұмағұл бастап келсе, сахналық таныстыруды Жанарыс Тілеубек айтты. Сүре мен түре айтыста Тілеген Әділов пен Мақсат Аханов, өтірік өлең мен қайым айтыста Нұрмұхаммед Байсүгір мен Дидар Қами шеберліктерін танытты. Олардың өнеріне дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, термеші Дәуренбек Әркенов, жыршы Қазыбек Әдікей және күйші Балқан Смағұлов та өз үлестерін қосты.

Сахна төріндегі өнер сайысын еліміздің беделді тұлғаларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын Ғалым Жайлыбай, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, күйші-профессор Жанғали Жүзбай, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ақын Қалқаман Сарин және эстрада бағытындағы өнер иесі Ақан Әбдуәлі болды. Айтысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай тізгіндеді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығының амфитеатрында әскерге шақырылғандарды салтанатты...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Аптап ыстықтың салдарынан Манитоба мен Онтарио провинцияларында орман өрті басталды, деп хабарлайды&...