Жер жоқ десе де, жер берілді: Алматыда әкім бөлген телімдер дау тудырды

Фото: madeniportal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
1447

Алматыда ресми түрде бос жердің жоқтығына байланысты жеке үй салуға арналған жер телімдеріне өтініш қабылдау тоқтатылған. Алайда 2024 жылы қала әкімі Ерболат Досаев бес азаматқа жер телімдерін бөліп берген. Солардың қатарында Алматы облысының қазіргі әкімі Марат Сұлтанғазиевтің анасы да бар, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Михаил Козачковтың каналына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттен жеке үй салу үшін 10 сотық жер алуға құқылы. Ол үшін тек кезекке тұру жеткілікті. Алайда іс жүзінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жер кезегі ұзақ жылдар бойы тоқтап тұр — бос жер жоқ деген себеппен жаңа өтініштер қабылданбайды.

Дегенмен, кей жағдайларда “жоғын тауып”, жер телімдерін үлестіру мүмкін болып жатады. Алматы қаласының Геоақпараттық картасы — alag.kz сайтында Ерболат Досаевтың өзі қол қойған тиісті қаулылар жарияланған.

Жер телімдері 3–4 жылға жеке үй салу үшін уақытша берілген, құрылыс аяқталғаннан кейін олар жеке меншікке өткізілуі мүмкін. 

Сонда бұл бақ кімге бұйырды?

Тізімде төрт әйел мен бір ер адам бар.

Бірінші назар аударатыны — 37 жастағы Нұрбек Күлышев. Ол «Newgen Electrical» ЖШС-нің бас директоры, компанияның жылдық табысы шамамен 240 миллион теңге. 2024 жылғы шілде айында Күлышевке Медеу ауданынан 10 сотық жер телімі берілді.

Одан кейін 42 жастағы Александра Омарова — Астанада тұратын жеке кәсіпкер, мүлікті жалға берумен айналысады. Ол өз жерін 2024 жылғы 1 тамызда алған.

Үшінші — 73 жастағы Бибихан Ноғаева. Ол сол маңайдан 6 сотық жерді 2024 жылғы желтоқсанда иеленген.

Тізімдегі ең қызықты екі есімнің бірі — 69 жастағы Гүлбақыт Сейсенбекова. Оған да 2024 жылғы 3 желтоқсанда шамамен 7 сотық жер берілген, бірақ бұл қаулы alag.kz сайтында жоқ. Қағаз жүзіндегі нұсқасы ғана бар. Бұл — құжат базадан әдейі алынып тасталуы мүмкін деген ойға жетелейді.

Соңғысы — 78 жастағы Гүлбахар Мансурова. Ашық дереккөздерге сүйенсек, ол шаруа қожалығының иесі әрі 2015 жылы «ДАМУ» қорының басқарушы директоры Қанат Сұлтанғазиевпен аффилирленген тұлғалар қатарында болған. Қанат оның ұлы, ал оның інісі — қазіргі Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев. Яғни, бұл отбасыға әкім де, жер де бұйырған.


Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде жүйе ме?

Алматыда көптеген азамат жылдар бойы кезекте тұрса да, жер ала алмай жүргенде, бес адамға бірден телімдердің берілуі көптеген сұрақ тудырады. Неге дәл осы адамдар? Оларды қалай таңдады? Әлеуметтік осал топтарға жататындар қайда қалды?

Бұл жақсылық жасау ма, әлде әкімдік пен туыстық байланыстар арасындағы бейресми шешім бе? 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы – Орталық Азиядағы ең жылдам өсіп жатқан туристік хаб, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.А...

ЖАҢАЛЫҚТАР

15 жастағы қызылордалық қызды 21 жастағы колледж студенті бірнеше рет зорлаған. Жәбірленуші жігітпен...