Журналист Думан Мұхамедкәрім карцерде екі рет өзіне қол жұмсамақ болған

Фото: әлеуметтік желі

ЖАҢАЛЫҚТАР
149

Сотталған журналист Думан Мұхамедкәрім Қызылордадағы карцерде екі рет өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл туралы оның әкесі Алмаз Тілепов Қазақстанның халықаралық адам құқықтары бюросында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Оның айтуынша, оқиға 4 қыркүйекте болған. Журналист өз көйлегін пайдаланып, екі рет суицид жасауға әрекеттенген. Осыған байланысты әкесі Бас прокуратураға, Президент кеңесшісі Ерлан Каринге және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жағдайды тексеруді сұрап өтініш жолдаған.

Тілеповтің сөзінше, ұлы бұған дейін өз құқықтарын заңды жолмен қорғауға тырысқан. Мемлекеттік органдарға және Президентке шағым түсіріп, нәтиже болмаған соң аштық жариялаған. Кейін денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге барып, магниттерді жұта бастаған. Соның салдарынан оны бірнеше рет ауруханаға жеткізген.

Әкесінің айтуынша, осыдан кейін журналист тәртіптік изоляторға 15 тәулікке қамалған.

«Адам шағым жазып, аштық жариялап, соңында өзіне зиян келтіруге әрекет жасағаны үшін ғана түрме тәртібін бұзушы болып санала ма? Оның мұндай жағдайға не себепті жеткенін анықтау керек емес пе?», - деді Тілепов.

Ол ұлының жалғыз адамға арналған тәртіптік изоляторда 600 күннен астам уақыт отырғанын айтып, оған қатысты барлық тәртіптік жазаның заңдылығын және мекеме қызметкерлерінің әрекетін тексеруді талап етті.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов те журналистің денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Думан Мұхамедкәрімге тәуелсіз медициналық мекемеде толық тексеру жүргізіп, асқазанында бөгде заттардың бар-жоғын және ішкі ағзаларына зақым келген-келмегенін анықтау қажет.

Бұған дейін Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесі журналистің өзіне зиян келтіруге әрекет жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада массаж қызметін көрсететін әйел үйге шақырған клиент тарапынан зорлық-зомбылық көргенін мәл...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Осы жылдың көктемінде Жаңа адамдар Қазақстан халқының бірлігі күніне және Еріктілер жылына орай &laq...