Көлік және коммуникация министрлігі қол жүгі мен багажды тексеру қағидаларына өзгеріс енгізбек, деп...
«Жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен»: Қостанайлық танымал блогер 10 жылға сотталды
ашық дереккөз
Қостанай облысы Арқалық қалалық соты жергілікті тұрғын, «Арайлы Арқалық» YouTube арнасының авторы Қанат Әлімбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Оның ұсталғаны биылғы сәуір айында белгілі болған еді. Сол кезде Қостанай облысы полиция департаменті Арқалық қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам әйелдердің жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы бағытталған бірқатар қылмыстарды жасады деген күдікке ілінген.
Полицияның мәлімдеуінше, күдікті кейбір әйелдерге қарызға ақша беріп, кейін олардан интимдік қарым-қатынас талап еткен. Ведомствоның ақпараты бойынша, әйелдер бас тартқан жағдайда ол жыныстық сипаттағы заңсыз әрекеттерге барған болуы мүмкін.
22 мамыр күні Арқалық қалалық соты бұл іс бойынша үкім шығарып, Канат Әлімбаевты кінәлі деп таныды. Сот құжаттарынан белгілі болғандай, оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы («Зорлау»), 123-бабы («Жыныстық қатынасқа, еркек пен еркектің жыныстық қатынасына, лесбияндыққа немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу»), сондай-ақ 121-бабы («Сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері») бойынша айып тағылған.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот айыпталушыны 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Қорғау тарапы апелляциялық шағым түсірді.
Қылмыстық істің егжей-тегжейі ашық дереккөздерде жарияланбаған. Сот актісі де Сот кабинеті жүйесінде орналастырылмаған. Болжам бойынша, сот процесі жабық режимде өткен, бұл аталған санаттағы істерді қарауда жиі қолданылатын тәжірибе.
Белгілі болғандай, блогер Канат Әлімбаев билік органдарын сынаған бейнематериалдар мен өзге де жарияланымдар жасап жүрген. Кейбір пікірлерге сәйкес, бұл қылмыстық іс саяси астарға ие болуы мүмкін және азаматтық белсендіні ұстанымы үшін жазалауды мақсат еткен деген болжам айтылады.