Ол сахна үшін өмір сүрді: Алғашқы рөлдерден халық махаббатына дейін

Фото: Brod.kz

Өнер
839

Көрерменге «Қазақ хандығы», «Алмас қылыш» және «Алтын тақ» фильмдеріндегі Керей хан бейнесі арқылы жақсы таныс актер Қайрат Кемаловкөз жұмғанын жазған болатынбыз. MADENIPORTAL.KZ ұжымы тарихи кинолардағы айқын образдарымен көзге түсіп, көрерменнің ықыласына бөленген Қайрат Кемалов көзі тірісінде өмірін арнаған өнер жолындағы басты рөлдері мен жетістіктерін ұсынады.

Қайрат Кемалов Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек елді мекенінде туып өскен. Қарағандыдағы мектеп-интернатта алаңсыз оқуын оқып жүрген баланың өмірін Алматыдан арнайы келген ұстаз Рәбиға Қаныбаевның сапары бір-ақ сәтте түбегейлі өзгертіп жіберген. Театр факультетіне оқуға қабылдайтын талантты талапкерлерді іздеп барған Рәбиға Мұқайқызымен жолығуы – актер үшін тағдырдың берген үлкен сыйы іспеттес болған. Сол кісінің арқасында Алматыға келіп, оқуға түсіп, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов, Қазақстанның халық әртісі Шолпан Жандарбекова бастаған ұлағатты ұстаздардың тәлімін алған.

Қайрат Кемалов оқу бітірген уақытта оқуды енді бітірген актердің М.Әуезов театрына қабылдануы сирек жағдай еді. Десе де өнерді сүйген актер бұл мақсатына қол жеткізіп «Әкемтеатрға» жұмысқа кіреді. Кейін отбасылық жағдайына байланысты туған жері Қарағандыға қайтып, С.Сейфуллин театрына жұмысқа орналасады. Ол жерде де Қарағанды театрының негізін қалаған Жәмилә Шашкиналардан бастап, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаевалар да жас актерді аялап қарсы алып, білгендерін үйреткен.

Өнер жолын М.Әуезов атындағы ұлттық академиялық қазақ драма театрынан бастаған актердің  шығармашылық репертуары жоғарыда атап өткен Керей ханның рөлінен бөлек, Абай, Ақан сері, Сәкен, Қазыбек би сынды кіл тұлғалардың бейнелерімен толыққан.

Бар ғұмырын театрға арнаған актердің кинодағы дебюті әрі көп күттірген, көпке танытқан рөлі Қайрат Кемаловқа алпысты алқымдаған шағында бұйырған екен. Дегенмен, ол соған тұрарлық болды деп ойлаймыз. Себебі, ол қатардағы көп рөлдің бірі емес, қазақ хандығының негізін қалаған Керей ханның бейнесін кескіндеу бақытымен бұйырған болатын.

Бұл туралы бір сұхбатында актердің өзі: «Киноға түссек деген асқақ арман жастығымызбен бірге қол бұлғап қалып бара жатты. Бірақ мен оған өкпелемеймін. Заман солай, тағдыр былай болғаншығар. Әмбе мен өзгеден емес, кінәні үнемі өзімнен іздеймін. Осы уақытқа дейін киноға шақырылмасам, демек камера мені сүймейтін, қабылдамайтын болғаны деп түйдім. Өйткені режиссерлерге мән-жай бізге қарағанда айқынырақ көрінеді ғой. Сондықтан кино саласындағы бұл тыныштықты қабылдап, соған үнсіз көнген едім. Алайда Керей хан рөліне шақырылған сәттен бастап барлығы бірден өзгеріп шыға келді. Сөнген үміт жанып, шығармашылығымның екінші тынысы ашылғандай болды», - деп үмітінің ақталып, мақсатының орындалғанын айтқан екен.


Саналы ғұмырында сомдаған рөлдеріне аса жауапкершілікпен және мұқият дайындалатын актер
Керейдің рөліне дайындалғанда оның батырлығын, тұлғалығын ғана емес, адам ретіндебасына түскен тауқыметті қалай сезінгенін, ішкі қиналыстарын көрсетіп, өзі де соны іштей сезіне отырып ойнауға тырысатын болған. Сол арқылы кейіпкерді халыққа, көрерменге барынша жақын еткісі келген. Қайрат Кемаловтың актерлік стильінің ерекшелігі де осыда, ол барлығы көре алатын сыртқы болмыс пен даңқына емес, әрбір кейіпкерінің кез-келген адам көре бермейтін, ішкі сезімдеріне терең үңіліп, оны өзі сезініп сомдау арқылы әрбір рөлін шынайы, жанды етіп ойнаған. 

Өнерге деген қызығушылығы қалай пайда болды?Актер болу деген арманға не түрткі болды деген сауалға Қайрат Кемалов бір сөзінде былай жауап берген екен:

«Қалаға келгеннен кейін мектеп-интернаттың балаларын театрларға, музейлерге алып баратын. Сол кезде, бірінші рет Сейфуллинатындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында үлкен ұлттық-классикалық спектакльдерді көрдім. Мен үшін қиял-ғажайып дүние сонда ашылды. Үлкен сахна, театр, спектакль деген дүние менің ішкі психологиялық әлемімді төңкеріп тастады. Театр өнері осындай болады екен-ау деп «ауыра» бастадым. Мінекей, осыдан кейін актер болу деген дүниені балақиялым армандай бастады».

Айтып өтейік, Қайрат Кемалов 2001-2002 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. 2006 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері және Мәдениет қайраткері атағын алған. 

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...