Ұлы Абайды ұлықтаған кеш

Фото: ашық дереккөзден

Өнер
715

Елордадағы Жастар театрында Астанақаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының ұйымдастыруымен хакім Абайдың 180 жылдығына орай «Өлең сөздің патшасы» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Жыр кешінің тізгінін ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Бабажанұлы ұстады.

Кеш шымылдығын ашқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай осыдан отыз жыл бұрын өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойын еске алып,

«Найзағай-тағдыр, шатырламашы,

Дегбірін алып пенденің.

Аға сұлтанның ақын баласы,

Сөзімді тыңда сен менің» деп басталатын – Абайға арнаған өлеңін оқыды

Ардакүрең ақынды Сұраған Рахметұлы, Оңайгүл Тұржан, Жанарбек Әшімжан, Маржан Ершу, Әбубәкір Смайылов, Мұхарбек Жәкейұлы, Батырболат Айт-Болатұлы, Қалқаман Сарин, Толқын Қабылша, Мақпал Мыса, Жәнібек Әлиман, Батырхан Сәрсенхан, Қабиден Қуанышбайұлы, Асантемір Қаршығаұлы, Шапағат Әбдір сынды ақындар жалғады. 


Осы жерде ұзақ
жыл әскери салада жүріп, әдебиеттен алыстап кеткен Әбубәкір Смайылов1992 жылдан соң тұңғыш рет сахнаға шығып, өлең оқыған атап өту керек.

Әдеби ортадан саяқ жүретін Батырболат Айт-Болатұлы да Жанарбек Әшімжанның кеу-кеуімен сахнаға шығып, студенттік шақтағы атақты «Мен ғашық қызын»оқыды.

Талант көрсе, қолтығынан демеуге асығатын Ғалым Жайлыбай өткен аптада «Қазақ әдебиеті»газетіне Қытайдан жақында ғана көшіп келген Өркен Салубайдың өлеңдеріне алғысөз жазып жариялаған болатын. Бүгінгі кеште де Өркенніңөлеңі жұртшылыққа қатты ұнады.

Жыр кешін «Көркем» ансамблі әнмен әрлеп отырды. Абайдың әндері шырқалды. Басқа да әдемі әндер мен күйлер орындалды.

Көрерменнің көңілін сергіткен шараға қолдау көрсеткен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына ақындардың алғысы шексіз

Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған бұл кеш – тек еске алу емес, рухпен қауышу, жырмен тыныстау болды. 

Мұхарбек Жәкейұлы