Әлемдегі мобильді интернетті ең көп тұтынатын қай ел?

Фото: Pixabay.com

PESTEL
210

Үндістан тұрғындары мобильді интернетті пайдалану көлемі бойынша әлемдік көшбасшылыққа шықты. The Times of India газетінің Ericsson компаниясына сілтеме жасап мәлімдеуінше, бір пайдаланушы айына орта есеппен 36 ГБ мобильді трафик жұмсайды. Бұл көрсеткіш бойынша Үндістан АҚШ, Қытай және Батыс Еуропа мемлекеттерін айқын басып озған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz El.kz-ке сілтеме жасап. 

Сарапшылар мұндай серпінді өсімді бірнеше фактормен байланыстырады. Ең алдымен, елде мобильді интернеттің бағасы өте төмен, ал қолжетімді, арзан смартфондар нарығы кең. Бұл жағдай халықтың интернетке қосылу мүмкіндігін барынша арттырып отыр. Болжауларға сәйкес, 2031 жылға қарай Үндістандағы мобильді байланыс абоненттерінің саны 1 млрд-қа жетеді.

Стриминг платформалары мен әлеуметтік желілердегі видеоконтенттің жоғары танымалдығы да тұтынуды еселеп өсіріп жатыр. Ericsson деректеріне сүйенсек, 2031 жылы бір пайдаланушының айлық орташа трафигі 65 ГБ-қа дейін ұлғайып, жыл сайын шамамен 10% өсім көрсетеді.

Салыстыру үшін айта кетсек, қазіргі әлемдік орташа көрсеткіш – 21 ГБ, ал сегіз жылдан кейін оның 39 ГБ деңгейіне жетуі мүмкін.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди да елдегі интернеттің қолжетімділігіне бірнеше рет назар аударған. Оның айтуынша, «Үндістанда 1 гигабайт мобильді интернеттің бағасы — бір шынаяқ шайдан да арзан».

Үндістан интернет және мобильді байланыс ассоциациясының мәліметінше, 2025 жылы елдегі интернет қолданушылар саны 900 млн адамнан асады. 1,4 млрд халқы бар мемлекетте онлайн пайдаланушылардың 98%-ы жергілікті тілдердегі контентті тұтынады. Ал интернет қолданушылардың 47%-ын әйелдер құрайды. Сонымен қатар, елдегі ұялы байланыс абоненттерінің 90%-ы жасанды интеллект технологиясы енгізілген қосымшаларды тұрақты түрде пайдаланады.

Айта кетейік, Speedtest Global Index 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жаңартылған рейтингін жариялап, мобильді интернет сапасы жоғары елдердің тізімін ұсынды.

Бұл жолы Қазақстан 45-орынға тұрақтады. Алдыңғы есеппен салыстырғанда бір саты көтерілгеніміз байқалады.

Қызығы, мобильді интернет жылдамдығы бойынша еліміз Канада (46), Италия (50), Испания (52), Германия (56), Ұлыбритания (57) және тіпті Жапонияны (64) да артта қалдырып отыр.

Қалалар рейтингінде Астана мен Алматы қатар жүр:

  • Астана — бес орын төмендеп, 62-орын; орташа жылдамдық 132,13 Мбит/с.

  • Алматы — екі орын төмендеп, 63-орын; орташа жылдамдық 130,72 Мбит/с.

Үйдегі (фиксацияланған) интернет бойынша көрсеткіш күткендей емес: Қазақстан әлемде 89-орында. Дегенмен өткен жартыжылдықпен салыстырғанда бір сатыға көтерілген. Орташа жылдамдық — 82,47 Мбит/с.

Мобильді интернет жылдамдығы бойынша үздік бестікте:

  1. БАӘ — 652,87 Мбит/с

  2. Қатар — 515,23 Мбит/с

  3. Кувейт — 384,40 Мбит/с

  4. Бразилия — 251,55 Мбит/с

  5. Болгария — 237,03 Мбит/с

Айта кетейік, биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстан 47-орында тұрған. Демек, позициямыз өткен жылмен салыстырғанда біршама жақсарған. 

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...