Футболдан ұлттық құрама команданың қорғаушысы Нұрәлі Әліпке қатысты тіл мәселесіне нүкте қойылды, де...
ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы: Елтаңбамызды азаматтардың танымай жатуы қуанарлық жайт емес
«Мәдениет порталында» «Қазақстандықтар Елтаңбаны неге танымайды?» деген тақырыппен «Жаңа адамдар» қозғалысының жүргізген сауалнамасын жариялаған едік.
Сауалнамаға қатысқан адамдардың 70 пайызы Елтаңбамызды танымай, масқара болған. Осыған орай, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының пікірін беріп отырмыз.
«Жаңа Адамдар»деген жастар қозғалысының Астана мен Алматы тұрғындары арасында жүргізген сауалнама қорытындысын естіп жатырмын. Бес жүз адамның 70 пайызы Қазақстанның Елтаңбасын білмеген. Онда не бейнеленгенін түсіндіріп бере алмаған. Көбісі нышандағы атрибуттары күрделі дегенді айтыпты. Енді қоғам болған соң әртүрлі көзқарас болатыны белгілі ғой.
Мемлекеттік нышанымыз – Елтаңбада бейнеленген символдарға келсек, маған осы Елтаңбамыздың шекесіндегі бес жұлдыз кеңестік гербтерден қалған ескерткіш белгідей көрінеді. Тұлпардың қанаттары да советтік гербіміздегі бидайға көбірек ұқсайтын сияқты. Елтаңбамыздың осы екі жақтауы көріп-тануға тым күрделеніп кеткендей де әсер береді.
Ал ондағы күн-шаңырақ пен одан сәуле түрінде шашырап тұрған уықтар, екінші планда тұрған кереге көздері біздің елдің нышаны ретіндегі нағыз ұлттық бейнелер. Елтаңбаның алтын түсі мен аспан көк түсі сәтті таңдалған, туымызбен де үйлесім тауып тұр. Олар біздің ұлттық сипатымызды мейлінше жақсы беріп тұр деп ойлаймыз.
Дегенмен, жоғарыдағы әлеуметтік сауланамда Елтаңбамызды отандастардың көбі танымай жатуы көп ойға жетелейді. Жалпы бұл қуанарлық жайт емес. Мұның себептерін әлі де тереңірек зерттеп көру керек сияқты. Елтаңбамыз тым күрделі жасалған десе немесе басқа да кемшін тұстары болса оны таңбатанушы, рәмізтанушы мамандар, суретшілер тап басып айта жатар. Қалай болғанда да 30 жылдан астам төрімізде тұрған өз елтаңбамызды азаматтарымыздың елеулі бөлігі танымай жатуы бәрімізді ойлантуы керек. Біздіңше, мұны тек Елтаңбаның күрделілігімен ғана түсіндіру жеткіліксіз деп ойлаймыз.