Дүкен Мәсімханұлы: Мен, Тәңіртау мұзбалағы – қырағы

Фото: ашық дереккөз

ПОЭЗИЯ
174

Айтулы қазақ ақыны, әйгілі аудармашы, көрнекті шығыстанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлының аты-жөні бұл күнде еліміздің ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал есім-сойға айнала бастады. Атап айтқанда, ақын жырлары әр жылдары көптеген шетелдерде жарық көрудің сыртында, 2025 жылы Түркия астанасы Анкара қаласында орналасқан «Spica Works» баспасынан «Düken Mesimhanulı ve Şiir Dünyası» атты монография (авторлары: Орхан Сөйлемез, Өмер Фарук Атеш) жарық көрген болса, қытай әдебиетінен жасаған 5 томдық аударма еңбектері үшін биыл шілде айында ол ҚХР Жазушылар одағының «Friend of Chinese Literature» деп аталатын халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. Жақында Аустралияның Сидней қаласынан тағы бір сүйіншілі ұшбу хат келіп жетті. Ол хатта Дүкен Мәсімханұлына Халықаралық ақындар Пен клубы (Poets International Pen Club — PIPC) қазылар алқасының шешімімен клубтың ең басты марапаты «Golden Pen Award»(«Алтын қалам» сыйлығы) берілгені хабарланған.

 

ЖЫР-ҚҰДІРЕТ

Көкейім жыр бұлағы бұратылған,

Аузымнан «аһ» десем-ақ жыр атылған.

Дариға-ай, тіршіліктің бәрі өлең ғой,

Шабытты айырмағай тірі ақыннан.

 

Ол да өлең, күндес маған «өлсін» десе,

Ол да өлең, білмес надан «шөлсің» десе.

Мәңгілік жырларыммен,

Бақыттымын –

Оларға өлгенде де нөлсің десем.

 

Шың қандай, аспан қандай, Абай қандай,

Абай қашан тұрмаған арайланбай?!

Өлеңімнен бір буын артып кетсе,

Шошимын Абай маған алайғандай!

 

Ақында да алтын бар, қалайы бар,

Аспаны бар, бойға шақ сарайы бар.

Жер-жаһанға жар салса жарасады,

Біздей халық – ақыны – Абайы бар.

 

Өнерде ірікпестен озған атын,

Өмірден өту керек маздап ақын.

ХХ ғасырдың дара шыңы,

Табынар пірім менің Мағжан ақын.

 

Арманды алдаса да үміт кей күн,

Сен де тұр, мен де тізгін ірікпеймін.

Мағжанның мақсатының мақамымен,

Мен-дағы Алаш деймін, Түрік деймін!

 

Өрт қандай, алау қандай, Қасым қандай,

Қасым қандай, көк тілген жасын қандай.

«Дауылдай өртке тиген өлеңіне»,

Етпеттеп бар дүние бас ұрғандай.

 

Өрт еді, дауыл еді Қасым ақын,

Бүгінде не жөнің бар жасыратын.

Амал не, адам аз ғой бұл қазақта,

Жақсының жақсылығын асыратын.

 

Тау қандай, Мұқағали ақын қандай,

Ай-күнді жүрегіне батырғандай.

Тұрасың ол дегенде неге іркіліп,

Әлі де ала алмаған ақың бардай…

 

Шың қандай, Мұқағали сөзі қандай,

Сынғандай көк аспан да төзім алмай.

Не деген жүрек еді жанар таудай,

Не деген шет-шегі жоқ сезім, Алла-ай!

 

Осынау берен тектес заманда өткір,

Жыр жазды Мұқағали «АДАМ!» деп кіл.

Жазылмас оның жаны жара болды,

О, жұртым, өзім салған жарам деп біл.

 

Мен ерсем, осылардың көшіне ергем,

Мақтанам!

Мақтан етем осыны елге.

Алайда отауымды бөлек тігем,

Мен әсте танда туып, бесін өлмен.

Ұқсатпаймын, тігуі, жығуымен –

Парықталып тұрады қосым елден!

 

Бесін өлмен мен әсте туып таңда,

Ажалым алыстан ба, жуықтан ба?

Білмеймін.

Дауыл жүрек салқындамас,

Мұз бүркеп, таспен жауып суытсаң да.

 

Болса да қанша тозақ, азап өлең,

Не көрсем де өлеңді жаза көрем.

Жыр үшін жаратылған жүрек мынау,

Өзіме өлген күні маза берем.

Бұл не деген дерт еді ғажап, ерен!!!

 

КҮРЕҢ ӨЛЕҢ немесе «Ұрын бару»

 

Күрең жон деген жер еді,

Күрең тоғайлы бел еді.

Күрең жонды күздейтін,

Күрең күзден кілең қызық іздейтін,

Күрең үйлі ел еді…

Күрең жонның үстінде,

Күрең бұлақ бар-тұғын.

Күрең бұлақ жағасы,

Күрең тоғай, тал-тұғын.

Күрең шымды айырып,

Күрең тасты майырып,

Кілем-жонды жайнатып,

Кілең құсты сайратып,

Күрең бұлақ ағатын.

Күрең бұлақ жағасы,

Күрең тоғай арасы,

Ойдым-ойдым болатын.

Күрең, ойдым жазыққа,

Күрең ауыл қонатын…

 

Күрең жонда күрең жігіт келеді,

Күрең жігіт сері еді…

Күрең жігіт күрең атпен күрең ойда келеді.

Күлдір-күлдір кісінеген күреңі,

Қыл құйрықта шын жүйріктің бірі еді.

Күрең жорға күрең жонда

жорғаламай, желеді.

Күрең жігіт денелі –

Сері де еді, шері еді.

Басын сәл-сәл іркісе,

Тізгінді еппен сілкісе,

Күрең төбел жорғалайды қайтадан.

Ысығанын етінің,

Қызарғанын бетінің,

Күрең жігіт жаңа ғана байқаған.

Байқады да бойын қайта тіктеді,

Күреңнің де осы болар күткені.

Күрең жолда тайпалды-ау бір күреңі,

Жігіттің де күреңітіп реңі,

Тулап, жанып күрең-қызыл жүрегі,

Күрең жігіт күрең атты күрең үйге тіреді…

Күрең жамал толған айдай жайнаған,

Күрең бұрым жонарқада ойнаған,

Күрең үйден шықты күрең бой жеткен,

Жүріс-тұрыс кербез еді, пай, неткен!

Қыз шешесі жолаушылап той кеткен,

Қыз әкесі отарлатып қой кеткен,

Күрең үйде жалғыз еді бойжеткен…

Атын байлап шеткері,

Жігіт үйге беттеді.

Күрең төбет ырылдап,

Шығып еді қырындап,

Күрең ару күрең итке «кет!» деді.

«Кет» деді де, қатқыл шыққан үнінен

Балбұл жанды беттері…

Ару солай абдырап,

Күрең беті албырап,

Күрең шетен балталап,

Күрең қиды жоңқалап,

Күрең пешті қыздырды.

Жалын атқан күрең пеш

күрең үйді шыжғырды.

Күрең үйде қырланып,

Күрең жүзі нұрланып,

Жігіт отыр күрең қызға қызғынды.

Күрең жанның күрең ойын қыз білді…

Қыз білді де күрең шайын

жылдамдатып демдеді,

Күреңітіп батыс жақ, күн батуға дендеді…..

 

Түсінгендей төрде отырған батырын,

Күрең майшам сөне берді ақырын.

Күрең сезім алдында,

Дәрменсіз-ау ақылың….

 

Бір заманда кісінеді күрең жорға осқырып,

Күрең қызыл таң келеді күрең жонды

хош қылып…

 

ҚҰЛА АЙҒЫРДЫҢ ҮЙІРІ Шәріптің әңгімесі

 

Дос-дұшпанды иісінен айырып,

Тік тұрады «алғы шепте» күн, ай, жыл!

Бір үйірді қабағымен қайырып,

Қос құлағын қайшылайды құла айғыр.

 

Қиқулаған, иесі ме, ұры ма…

Қалт жібермей қадағалау міндеті.

Көкжалдар да қарап алсын сұрына,

Құла айғырмен ойнамасын кімде-кім.

 

«Мал» болғанмен, қақпан, құрық баспайды,

Арқырап бір, атты адамға шабады.

Дойырыңнан, сойылыңнан саспайды,

Тұяқты да, азуды да салады…

 

Ұлыққа да, ұрыға да жан керек,

Шыбын жанын олжалайды амалдап.

Құла айғырды күнә болар «мал» демек,

Тірлігі оның малға қалай саналмақ?!

 

Көкжалдарың күндік жерден безеді,

Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.

Құлын тұр ғой, қыл бермесін сезеді,

Сосын, басын өзге жаққа бұрады.

 

Ірілікті ұлылық деп сүйеді ел,

Күтеді оны көбіне-көп еркектен.

Құлын мүсін байталдар мен биелер,

Құла айғырға адалдыққа серт еткен…

 

Әттең дейсің!

Әттең, қазақ жұртының,

Тамырынан айырылғаны сор екен.

Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,

Ер жігітке үйретері көп екен…

 

Бір ауылды қабағымен қайырған,

Туған елін бермейтұғын дауылға.

Қара қылды қақ екіге айырған,

Құла айғырдай бір жігіт жоқ ауылда.

 

…. Деп күрсінді Шәріп жездем толғанып.

Ұшатұғын қыран құстай қомданып.

Сосын, үнсіз Сүгірменен сырласты,

Домбырасын жаймен ғана қолға алып…

 

ЖІГІТ

 

Құж денесі қорғасыннан құйғандай,

Жүрегі бар ғалам түгел сыйғандай.

Ақылы бар түн-түнекті түргендей,

Айбаты бар алапатты тыйғандай.

 

Ар-ожданның күзетшісі қабағы,

(Сол қабаққа ілінбесең жарады).

Намыс тұнған, иман сіңген екі бет,

Екі беттен қан да, нұр да тамады.

 

Ғадауатты кірпіктермен байлаған,

Сақшы дей бер қос жанарды жайнаған.

Адамдықтың ақ жолы мен арманы,

Қазан баста қашан көрсең қайнаған.

 

Тау – даланың, замананың сұлтаны,

Қам-қайғысы ─ Отаны һәм ұрпағы.

Батыл.

Батыр.

Бірақ оны байлауға

Қыз шашының жетіп жатыр бір талы.

 

Барын бұлдап, жоғын айтып зарламай,

Отырады көктен түскен қамбадай.

Сол ЕР ЖІГІТ қыздар түгіл,

бүгінде ─

Заманаға арман болып қалғаны-ай!

 

ТАУЛАРҒА ТАБЫНАМЫН

 

Белдеу-белдеу белең тау, белесі көп,

Өткен күннің белгісі, елесі жоқ.

Өздеріңдей қайсарлық, өрлікпенен,

Биігінде киіктей орғып келем.

 

Қырқа-қырқа қырат тау, қырқасын-ай,

Тау дегенде тұра ма жыр тасымай.

Шалқып келем төсіңде, шауып келем,

Сенде жүрсем, қашады қауіп менен.

 

Жылға-жылға жылға тау, жырасы гүл,

Тау елінің байлығы, мұрасы жыр.

«Шабыт» атты шәмкөстеу құр атпенен,

Жырым-жырым жыраға құлап келем.

 

Қысаң-қысаң, қысаң тау, қысаң қорық,

Қысаңдардан қысылмай ұшам қонып.

Қаратауым аманда қайғыра алман,

Әлдилейді әмәнда айдын-арман.

 

Шодыр-шодыр шошақ тау шоқылары,

Шоқыларға, шыңдарға шоқынамын.

Шоқысызда тауларым әсем де емес,

Шыңым барда талғамым бәсеңдемес!

 

Асқақ-асқақ аспан тау асқарлары-ай,

Аймалаған шекесін аспандағы ай.

Аспан тұлға кең халық ұрпағымын,

Асқар шыңда ақырған бір тағымын.

 

Көп-көгілдір, көгіш тау, көке белдер,

Кеуделерін төсеген төте желге.

Дауылдарда қайыспай тік тұруды,

Тауларымнан үйренгем, жұқтырғамын.

 

Тұма-тұма тауым-ай, бұлақ-бұлақ,

Бұлақ жатыр сайларда құлап-сұлап.

Тау суындай кіршіксіз таза көңіл,

Тау суындай жап-жапдақ қазақ едім.

 

Балбал-сынтас, үңгір тау, үңгірі жыр,

Үңгірінде бабамның күңгірі жүр.

Шежіре айтсаң кешеді жаным қайғы,

Сол қайғымен сорым да қалыңдайды.

 

Қара, Сары, Алатау, Шұбар тауым….,

Сендер менің сарқылмас жыр арқауым.

Мұңын тауға шағады тау баласы,

Бабасының жатқан соң тауда басы.

 

Тау туралы болғасын таудай таным,

Асқарды айтам, таусылып тауды айтамын.

Менің әнім – тау әні – Абай әні,

Қайталанар бұл әнім талай әлі…

 

Мен табынсам тауларға табынамын,

Мен шағынсам тауларға шағынамын.

Менің де «ылғи түсіме тау кіреді»,

Әлмисақтан біз деген таудың елі,

Мұң-жырымды, тілімді тау біледі.

 

ХАН ТӘҢІРІ МОНОЛОГІ немесе М.Әуезовтің жан сыры

 

Аңғал дала, ақымақ қыр,

ойсыз ойпат, ез дөңдер,

Тасырлардың табаны мен

табасына төзгендер.

Шың жоқ болса бір сәрі еді,

көкті тіреп мен тұрдым,

Күллі әлемді көзіммен де,

көкеймен де безбендер.

 

Мен асқарда тәтті арманды ащы

мұңмен сапырдым,

Мен аспанда далам үшін,

таулар үшін «аһ» ұрдым.

Мен Құдайдың сүйген құлы, мүмкін

тағы шығармын,

Өйткені мен Көктәңірге өзгелерден жақынмын.

 

Қамсыз дала, ақымақ қыр

басар түнде қорылға,

Сезбейді олар (сезген емес),

бақытын да, сорын да.

Мәңгі ұйқыға кетпесін деп, оянсын деп өлкемді,

Құба таңды шақырып ап,

әлдилеймін жонымда.

 

Біздегі қыр – қымызды да,

жалпақ дала – гүлстан,

Көз түнады асты менен үстіндегі ырыстан.

Қызыл көздер іші күйіп, салмасын деп шеңгелін,

Қалқан бол деп қара түнді

қалқалаймын шығыстан.

 

Жаралғалы жантаймадым,

көз ілмедім, тынбадым,

Ғаламшардың ғазалы мен азалы

үнін тыңдадым.

Сай-сала мен ой-санаға өтпей қойды бір сөзім,

Айтарымды ашылып та,

түнеріп те ымдадым…

 

Сайын дала, сайларын-ақ назарымды аударды,

Қасіреттен мен сау қалсам,

биіктікпен сау қалдым,

Мен қаншама мұз бүркеніп,

жасын кешіп өртендім,

Төбелерді тау етем деп,

шың етем деп тауларды.

 

Мені құдай жаратқасын күзетші ғып Тұранға,

Көк тірегін ақ басымды исем идім «Құранға».

Ірілік пен ұлылықты сақтайын деп өмірде,

Қарға, шымшық, көкек емес,

пана болдым қыранға.

 

Мен кеудеме қардан аппақ нар

бұлттарды шөктірдім,

Шөктірдім де, ар-намыстың

найзасы боп көк тілдім.

Жалғыз өзім кеуде төсеп талай

тасыр дауылға,

Етектегі орманымды күн көзіне өптірдім.

 

Кім болмайды, не жүрмейді

арасында нулардың,

Шашылмадым, тасымадым тіліне

еріп қулардың.

Көк табалап, жасын ұрып

жасытқанға жанымды,

Қара термен, қызыл қанмен

тұл даланы суғардым.

 

Мүмкін менің сәби шығар,

саяз шығар санам бек,

Мен масайсам, масайрадым

тауларым деп, далам деп…

Содан болар далаға емес, төбеге емес,

тауға емес,

Ең алдымен тіс батырды долы

дауыл маған кеп.

 

Солай, солай…ең алдымен,

дауыл мені табатын,

Аш бөрідей шулап келіп, қамалап бір қабатын.

Сондай сәтте мен алақтап

тау-далама қарасам,

Маң дала мен төбешіктер

жымың-жымың қағатын.

 

Сонда менің жүрегімнен қап-қара қан ағатын!

 

ОРМАНДАР КӨШІ

 

Түннің тұп-тура жарымында,

Он бесте толған айдың жарығында.

Қара орман күбірлесті.

«Көшейік бүгін» десті.

Осыны мақұлдасты,

Тау-таспен бақұлдасты…

 

«Тездеңдер! Үркер ауып кетті…» десіп,

Бір-біріне «жол болсын!» деп тілесіп.

Тау-тасына

Қара орман бір-ақ түнде кетті көшіп.

Қолдағанменен Тәңірі,

Табылғанменен сарығы,

Көшпелі қара орманның

Тауында қалды тамыры.

 

МЕН – ТӘҢІРТАУ МҰЗБАЛАҒЫ

 

Мен, Тәңіртау мұзбалағы – Дүкенмін,

Текті атадан жаралып,

Көкте күннен нәр алып,

Анамнан адал сүт емдім.

 

Мен, Тәңіртау мұзбалағы – тірнекпін,

Ақ таңыңдай пейілі,

Аптабыңдай мейірі,

Көрсетсең досқа құрметпін.

 

Мен, Тәңіртау мұзбалағы – түлекпін,

Шеңгелдері құрыштан,

Кемдігі жоқ қылыштан,

Сілтесең жауға білекпін.

 

Мен, Тәңіртау мұзбалағы –

қыранмын,

Қоздыратын қаныңды,

Тоз қылатын жауыңды,

Шақыра қалсаң ұранмын.

 

Мен, Тәңіртау мұзбалағы –

текті құс,

Таңдап ілер шағымда,

Самғар қанат барында,

Жараспас маған тек тұрыс.

Мен, Тәңіртау мұзбалағы – қырағы,

Шабам десе тұлпары,

Ұшам десе сұңқары,

Елімнің мен бір пырағы.

 

Мен, Тәңіртау мұзбалағы – дарамын,

Күн мен айдың көзінде,

Өз аспаным өзімде,

Самғап бір кетіп барамын.

 

АЛТЫННЫҢ БУЫ

Махамбетше

 

Мен Дүкен деген ду едім,

Саф алтынның буы едім.

Маңайы думан, жаны жыр,

Қоғалы көлдің қуы едім.

Намыс пен оттан жаралған,

Қолыңа алсаң ту едім.

Темірден алмас алатын,

Мен семсердің суы едім.

 

Мен дудың кені, ду едім,

Алтынның ыстық буы едім.

Аңқасы кеуіп келгенге,

Саялы орман ну едім.

Тандыры кеуіп келгенге,

Тұмадан тұнық су едім.

Бал емес болса керегің,

Мен жер-көкте жоқ у едім.

 

Мен, мен едім, мен едім,

Алтынның буы – ем едім.

Аққу ұшып, қаз қонған,

Жағасы жайлау көл едім.

Төскейі сайран, жиын-той,

Көкорай шалғын бел едім.

Жағалыққа жарасаң,

Жарасқан етек, жең едім.

Затым – қазақ, атым Дулат, ер едім.

 

Беу, мен ұлы едім халқымның,

Мен буы едім алтынның.

Қызғыштай қорып жерімді,

Өртеніп, жанып, шарқ ұрдым.

Шашылар кезде шашылмай,

Алқынбас кезде алқындым.

Басылар жерде басылмай,

Тартынбас жерде тартындым.

 

Мен алтынның буы мор едім,

Даламдай дархан, мол едім.

Арғы тегім сұрасаң,

Нақысбектей зор еді.

Елім-жұртым барында,

Төбесі маған жол еді.

Күндестерім барында,

Айналам түгел ор еді.

Өнерімнің барында,

Мен бір емес, он едім.

 

Мен, Дүкен деген дүр едім,

Адамның есті ұлы едім.

Құлжадан шыққан көш басын,

Алматыға тіредім.

Егемен елдің төрінде

Ата-жұртта жүр едім.

Отаныммен жарасып,

Тотыдайын түледім.

Мен мынау жердің бетінде,

Бақытты жанның бірі едім.

 

Уа, мен Дүкен деген сері едім,

Арда емген тел едім.

Қазатын жан табылса

Мен ортаймас кен едім.

Таба алмасаң тілімді,

Алақұйын пері едім.

Қазақстаным аманда,

Мен кімдерден кем едім?!

Жаны ауырған адамға,

Мен, алтынның буы – ем едім!

 

ҚАРЛЫҒАШ ІЗДЕП КЕЛЕМІН

 

Жұп қарлығаш бар еді үйімізде,

«Әңгіме» айтып беретін жиі бізге.

Тосатынан жоқ болып бір сыңары,

Біреуінің күрт түсті күйі күзде.

Ұзынды күн ойлайма құрғақ қайғы,

Сайрамайды ол байғұс, тіл қатпайды.

Ара-тұра жем іздеп ұшқанда да,

Қалқымайды!

Дәрменсіз бұлғақтайды.

 

Жалғыздық-ай десеңші, жалғыздық-ай!

(Жаратпасын пенде ғып жалғыз Құдай!)

«Жығылғанға жұдырық», ол сорлыға,

Бір жағынан қол созды сары күз былай!

 

Айтып-айтпай суық та түсті міне,

Кетіп болды жыл құсы түстігіне.

Біздің сыңар қарлығаш кетпей қалды,

Кетпей қалды, күн кетті қысқа іліне.

 

«Кәрі құда» ысқырды, осқырынды,

Біздің сынар қарлығаш тосты кімді?!

Тосын сұрау демеңіз дос бұнымды,

Ойла өзіңнің махаббат, достығыңды!

 

Менің оны ойлауым зарға ұласты,

Зарға ұласты, зар мен мұң салғыласты.

Жылы бағып, жұмсақтан беріп жүріп,

Қыстан аман шығардым қарлығашты.

 

Орағанда жасыл тон байтақ елді,

Сағындырған жыл құсы қайта келді.

Бәрі-бәрі жұптасып, махаббаттың

Айтылмаған бір әнін айта келді.

 

Біздің сыңар қарлығаш елеңдеді,

Елеңдеді, сағыныш тереңдеді.

Қыстай тосқан сыңары тағы келмей,

Қызығына көктемнің кенелмеді.

 

Ол байғұстың қайғысы маған батып,

Ұйқы бермей жүр тіпті алаңдатып.

Оған енді бір сыңар табылмаса,

Қала ма деп қорқамын арам қатып…

 

Жаз да өтпеген болса да, күз де өтпеген,

Табылар деп, үмітпен іздеп келем.

Сыңары жоқ қарлығаш өлмесін деп,

Сыңар жүрген қарлығаш іздеп келем.

Бір сыңарға бір сыңар іздеп келем!!!

 

АҚШИІМ МЕНІҢ – БАҚ СЫЙЫМ

 

Қайран да Ақши – ауылым,

Артымда қалған сауығым.

Аппақ шилері ормандай,

Тал-теректері қорғандай,

Жаһанда жәннат жер едің,

Қыдыр да қалап қонғандай.

Думан мен тойдың кені едің,

Жәрменке күнде болғандай.

Ұлдары кілең мұзбалақ,

Шар болаттан жонғандай.

Арулары ақ тамақ –

Ай он бесте толғандай.

 

Уа, қайран да менің Ақшиім,

Мединем, Меккем, бақ сыйым.

Өмірге сенде келген ем,

Анамнан ақ сүт емген ем.

Тайымды ерттеп алкүрең,

Тарлан ұлдарға ерген ем.

Қол бұлғап сонда Тәңіртау,

Қанатым бекем сермегем.

Ай мүсін қыздар жүрегін,

Балаң жырыммен тербегем.

Жарысса да жырменен,

Салысса да тілменен,

Ешкімге есе бермеп ем.

Шаңтастың мініп атына,

Бала диқан боп терлеп ем.

Өгіз шанамен бау тасып,

Түйетас, Ащылы… керлеп ем.

Сол кезде көңіл – қоймама

Сарқылмас байлық теңдеп ем.

Бабаларымдай толғанып,

Бала қырандай қомданып,

Арман тауларға өрлеп ем.

Жалғанда жердің бетінде,

Өзіңдей мекен кем де кем.

Сырқаттың бәрі мендегі

Сағыныш дерті сен деген…

 

Еһ, қайран да Ақши – ауылым,

Сайран да думан, сауығым.

Ары жақта қалған базарым,

Зар жақ та қылған ғазалым.

Арқалап мұнда мен жүрмін,

Сағыныш күйік азабын.

Тексіздер егін екті дейд,

Ауылдың бұзып мазарын.

Тайқы маңдай тағдыр-ай,

Бітпей де қойды-ау мазағың…

 

Е-е-е, қайтейін Ақшиім,

Басымнан ұшқан бақ, сыйым.

Мен Отанда жүргенмен,

Күлгенге еріп күлгенмен,

Аңқылдап шауып баратын,

Ауылы жоқ пақырмын.

Сабым алтын болғанмен,

Бауыры тесік бақырмын.

Жүректің түгі болғанмен,

Бес қарусыз батырмын.

Тамыры жоқ, діңі жоқ,

Тілі бар да, үні жоқ,

Аспаннан түскен ақынмын.

Мың бұлағы суалып,

Гүл-құрағы қуарып,

Аңқасы кепкен тақырмын.

Мен ауылы жоқ пақырмын….

 

author

Дүкен Мәсімханұлы

АҚЫН

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...