Сейіт Қасқабасов. Ақылдың кенті

Фотосурет ашық дереккөзден

ҚАЛАМГЕР
21

Өмірде көпті көріп, көңілге түйгені мол адамның қартайған шағында кейінгі ұрпақ үшін ақыл-кеңес айтып отыруының өзі бір ғанибет емес пе? Қарттықтың белгілі бір асуындай болып көрінетін пайғамбар жасына жеткен соң әрбір мәселеге терең мән беріп, салиқалы сұқбатты жаны қалайтын ақсақалдың аузынан шыққан әрбір сөз ақыл кентімен бірдей. Әсіресе, ойға жиған-тергенді өлең сөзбен өрнектеп жеткізер болса, қара сөзбен айтқанға қарағанда анағұрлым әсерлі де мәнді шығатыны ақиқат.

Абайша айтқанда, «көрген, білгенін хатқа түсіріп», кейінгі ұрпақ үшін таусылмас «азық» болатын мәңгі мұра қалдырған сондай жандардың бірі – Құсайын Тәкежанов болатын. Ақындығымен алты алашқа дүрілдеп аты шықпаса да, заманының тынысын ақ қағазға түсіре білген қатардағы қазақ азаматтарының бірі һәм бірегейі. Өзінің салиқалы ғұмырында артында біршама әдеби мұра қалдырған. Өкінішке орай, осындай адамдардың аты көп жерлерде аталмай, шығармалары жарыққа шықпай, тасада қалып қоятыны бар.

Ел ішінде асыл сөздің маржанын теріп, жыр жазатындар жиі кездескенімен де, реті келсе олардың туындылары жарыққа шығып, өз бағаларын алып жатса, артықтық етпесі анық. Одан сөз өнері өрге жылжымаса, кері кетпейтіні белгілі. Қайта, осындай елеусіз қалып келе жатқан сөз шеберлерінің ішінде бұрын ешбір ақын айта қоймаған, ешкімнің шығармасында кездеспейтін өткір ой мен сөз орамдарының кездесетіні де бар.

Құсайын Тәкежановтың қаламынан туған жыр жолдары өзіндік құндылығымен ерекшеленеді. Оның шығармаларының басым бөлігі кейінгі ұрпаққа деген ақыл-кеңес, өсиет-өнегеден тұрады. Ақын өмірден түйгені мен көргенін ой таразысына салып, соның негізгілерін ғана жыр жолдарына қосып отырған. Қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқасымен сөз маржанын тере білген Құсайын Тәкежанов ақындық деген ұлы қасиетке өте жауапкершілікпен қарап, әр сөзін босқа шашпауға тырысқан.

Қаруым қалам болса қолымдағы,
Қазынам толық болса миымдағы,
Кейде бал, кейде удай сиям болып,
Әлемге мәшһүр болса ойымдағы.

Өткірлігің сілтесең нарды кессін,
Болат оқ атқанында тасты кессін.
Әділ бол, қара қылды қақ жаратын,
Болмасаң осы айтқандай қараң өшсін, –

деп Құсайын аға өзіне жоғары талап қоя білген. Қолындағы қаламын қару етіп, тек ақиқатты жырлағысы келеді. Жақсыларға бал сиямен жыр арнап, жамандарды улы сиямен түйрегісі келеді.

Құсайын Тәкежановтың алғашқы жыр жинағы 1959 жылы «Термелер» деген атпен жарық көріп, қалың оқырман назарына жол тартқан екен. Содан кейін араға бірнеше жыл салып барып, оның «Қария толғанысы» (1971) деген екінші кітабы шығады. Қарияның өмірден түйген ой-тұжырымдарынан тұратын осы кітапқа қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың өзі алғы сөз жазып, оның ақындық қасиетіне жоғары баға берген. Сондағы Сәбеңнің (С. Мұқановтың) назарына іліккен өлеңнің бірі «Өмір жолдары» деген толғаныс болатын. Ақынның ой орамдары мен сөз саптасына қарап, оның «ақындық жолының жемісті болғанына» жазушы сенім білдірген.

Құсайынның шығармашылығында негізінен қарт адамның жан сыры мен ішкі мұңы негізгі тақырып өзегіне айналған. Ол қамшының сабындай қысқа өмірдің көзді ашып-жұмғанша бір сәтте өте шығатынын көркем сөзбен әсерлеп жеткізе білген. Бойдан әл-қуат кеміп, сақал мен шашты ақ қырау шалған уақыттағы қарияның ішкі жан-дүниесін «Қарт мұңы» деген өлеңінде ашып берген. Жасы келген адамның әлденеден сескенгендей болып, Әзірейілдің жанды қай жағынан алатынына алаңдаумен болатынын ақын жақсы суреттей алған.

Алпыстан жетпіс жасқа жақындаған,
Кәрілік тұрмыспенен тақымдаған.
Денеден жігіт қайрат бәрі кеміп,
Жалғыз-ақ тілім қалды тақылдаған.
Қаруым қарсыласар болмаған соң,
Бас иіп, бәрін де мақұлдаған.
Ор қазып, торын құрып, ажал отыр,
Күнбе-күн мен де оған жақындаған.

Ақын осы шығармасында әр адамның туғаннан бастап, өмірінің соңына дейін бастан өтетін бес нәрсе бар екенін ерекше атап өтеді. Осы бес асыл қасиетті уақытында қадірлей білуге шақырады. Бертін келе жастықтың орнын қарттық, денсаулықтың орнын ауру, байлықтың орнын кедейшілік басқанда өкінгеннің ешбір пайдасы жоқ екендігін айтады ол. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан қарияның көкейінен шыққан әрбір сөз көңіліңе жақын келіп, шығармада көтерілген мәселелерді іштей қабылдайсың.

Кәрілік келген бетте сұрды алды,
Балбырап жылтыраған түрді алды.
Денеден қайрат кеміп, буын босап,
Көз жайнап, құр сайраған тілі қалды.

Сақал, мұртты ақ шалған адам үшін жастық шақтың, соның ішінде жиырма бестің орны бөлек. «Соққан желдей» өте шыққан сол бір жиырма бестегі жігіттік пен серілікті армандамайтын, сол сәттерді қайта бастан кешіргісі келмейтін адам болмаса керек. Әсіресе, қолына қалам алып, шабыттың жетегінде кеткен ақынның арманы ерекше боларына күмән жоқ. Құсайын Тәкежановтың «Жиырма бес» деген өлеңінде жастықтың сол бір албырттық шақтары кең жырланған. Ол «Жиырма бес, кеткенің бе бір қайырылмай, Көрінсең ұстар едім енді айырылмай» деп, сол кездерді қолға түспес қызыл қыранға, кез келгенге ер салдыра бермес асау бесті айғырға теңейді.

Жиырма бес, өте шықтың соққан желдей,
Бар жанды зарықтырдың қайта келмей.
Мысалы, жаз айындай жастық дәуір
Өткізер ақымақ адам қадірін білмей, –

деп жырлаған ақын жастық шақты жаз маусымына балап, сақал мен мұртқа ақ түскен қарттықты қыс мезгіліне теңеген. Жаздың артынан күз, одан кейін міндетті түрде қыс келетінін ақын адамның өмірімен салыстырып береді. Өмірдің аты – өмір, ол бір қалыпты тұрмайды. Бұл дүниеде «абул хаятты», яғни «мәңгілік суын» ішкен ешкім жоқ. Тіпті, әлемді билеген қос мүйізді Ескендір мен бүкіл махлұқаттың тілін білген Сүлеймен пайғамбар да Жаратқанның бұл сыйынан құр қалған. Сондықтан да өмірде өткен әрбір уақыт пендені кәрілікке қарай жетелей түсетіні ақиқат. «Өткен өмір – өкініш» атты шығармасында ақын осы мәселелерді кеңінен қозғап, жыр жолдарына қосқан.

Өкініш – өткен өмір ойлағанға,
Тереңге ой жіберіп бойлағанға.
Басыңнан түрлі-түрлі дәурен өтті,
Ұқсайды ешнәрсе де болмағанға, –

деп түйеді ақын.

Өмірде көпті көрген адамның сыншы келетіні бар. «Жаман еркектің сыр-сыны», «Жақсы еркектің сыр-сыны», «Жақсы әйел», «Жалқау әйел», «Жақсы әнші», «Жаман әнші», «Жақсы мінез», «Нашар мінез» секілді өлеңдерде ақынның сыни көзқарасы қамтылған. Жақсы мен жаманды салғастыра отырып, екеуінің түр-сипатын жақсы аша білген.

Ақын – өз дәуірінің жыршысы. Құсайын Тәкежановтың бар өмірі кешегі кеңес заманында өткендіктен де, оның шығармаларының кейбірінен сол дәуірдің тынысын аңғаруға болады. Ақынның «Отан соғысында совет күші», «Совет үкіметінің отыз жылдығына арналған», «Май қуанышында» сияқты өлеңдері осы мазмұнды құрайды.

Ер қанаты – ат. Жылқы баптап, бәйгеге жүйрік қосқан қазақ үшін аттың жөні бөлек. Қазақтың көне жыр-дастандары мен эпостарында батырдың астындағы тұлпарына ерекше мән беріледі. Сұлу жылқының дене бітімінен бастап, жүйріктің жүріс-тұрысына дейін бейнелеудің үлкен шеберлік пен біліктілікті қажет етері анық. Құсайын Тәкежанов осы дәстүрді жалғастырып, жүзден жүйрік жылқыны былайша суреттеген:

Орақ бас, ойық желке, майда жалды,
Кең кеуде, қысқа бақай, серке санды.
Тармыққан бота тірсек, қалың тұяқ,
Кең танау, сымсыз құйрық, қабылан белді.
Салынған сапты аяқтай төменгі ерні,
Кеудесі өрлеп келген ерге жайлы.
Екпіндеп ауыздығын қарш-қарш шайнап,
Тымық күн аяңынан болар жайлы.
Қайшылап құлақтары ереуілдеп,
Жан-жаққа көз жіберіп сереуілдеп.
Ентелеп басын шұлғып, иек қағар,
Той көрсең жануарды қайрат кернеп.

Сондай-ақ, ақын «Төрт ат» деген өлеңінде жылқы малын түр-түсіне қарап, сары бауыр, ала жорға, ақ құйрық және қозы күрең деп төртке бөліп, әрқайсысын жыр жолдарымен сипаттаған. Соның ішінде ақ құйрықты атты бейнелегені ерекше:

Үшінші, ақ құйрық ат өте сұлу,
Жылқыда аз кездесер мұндай туу.
Дене қара, жал-құйрық бәрі аппақ,
Салғандай әдемілеп қолдан ою.

Құсайын Тәкежановтың таңдамалы жыр жинағы үшінші рет кітап болып шыққалы тұр. Ақын мұрасының араға бірнеше жыл салып барып оқырманмен қайта қауышып отырғанына сәттілік тілейміз.

Тәкежанов Қ. Таңдамалы шығармалар. – Алматы, 2006. – Б. 5–10.

author

Сейіт Қасқабасов

ҒАЛЫМ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қайрат Түнтеков Qazaqstan телеарнасындағы «1001 түн» бағдарламасында сұхбат беріп, жеке...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазгидромет синоптиктері 8, 9 және 10 сәуір күндері Астана мен Алматы қалаларында ауа райы қандай бо...