Мадрид қаласында қазақ әдебиетінің испан тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату жұмы...
Алаш зиялыларының тіл туралы көзқарастары
Қазіргі біздің қолданыстағы қазақ терминологиясы өз бастауын сонау Алаш кезеңінен алады. Ол өзінің қалыптасуында бірнеше кезеңдерден және өзгерістерден өтті. Алғашында, қазақ халқы Ресей үкіметінің қол астында болған уақытта, қазақ тілінің және қазақ терминологиясының дамуына мүмкіндік болмады. Мектептер орыс тілінде оқытылып, оқулықтар, газеттер, журналдар тек қана орыс тілінде жазылды. Алайда, 1905 жылғы революциядан кейін, қазақ тіліне рұқсат етіліп, алғаш журналдар мен газеттер шыға бастады. Осы орайды пайдаланып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары қазақ терминологиясының негізін қалады.
Бастапқы кездерде, тұрақты белгілі бір термин жасау қағидаттары болмады. Алайда, осы алаш қайраткерлерінің бастауыменен «Айқап», «Маса», «Түркістан уәлаяты» секілді газет-журналдарда белгілі бір саладағы терминдердің қазақша аудармалары шығып отырды. Бұл газет-журналдардың атқарған жұмысы өте үлкен. Аз ғана уақыт өмір сүрген “Айқап” журналының өзі қазақтың жазба әдеби тілін, оның жақсы дәстүрлерін әрі қарай дамытуда, жалпы халыққа ортақ тілдің кейбір тармақтарын қалыптастыруда және оның терминологиялық лексикасын құрауда орасан зор жұмыс атқарды. Онымен қоса термин жасау қағидаттарының бастауы осы газет-журналдардан алынды десек те қате болмас. Себебі, осы журналдарда жазылған терминдердің жасалу жолдары кейінгі термин жасау қағидаттарында да көп кездесетінін байқауға болады. Мысалға, “Айқап” журналында жазылған -хане, -паз секілді сөз тудырушы жұрнақтары арқылы жасалу қағидаттары кейінгі ғалымдармен де қолданылды. Бұндай газет-журналдар халыққа жаңа сөздерді таныстыруға, және термин жасаушы ғалымдарға әр түрлі тәжірибелер жасау арқылы термин құраудың жолы мен қағидаттарын қалыптастыруға керемет құрал болды. Осылайша, әр түрлі зерттеулер арқылы алаш зиялылары термин жасау жолдарын қалыптастыра бастады.
1924 жылы Орынборда Қазақ білімпаздарының тұңғыш съездінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің баяндамасын жасаған болатын. Ол баяндамада, мәдениет туралы сөз қозғап, қазақ тілінде термин жасау қағидаттарын ұсынды. Айтылған қағидаттарда басты мәселе қазақ тілінің дамуы. Біріншісі, термин жасауда сөздің баламасы немесе аудармасы қазақ тілінде болса, тілдің бөлініп кетпеуі үшін, басқа тілдерден алмай өз тілімізден алуымыз қажет. Екіншісі, егер қазақ тілінде ол сөздің аудармасы болмаса, көршілес және тілімізге ұқсас тілдерден алынуы керек. Себебі, басқа халықтардан алынатын болса, тіліміз кері өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Және соңғылары, халықаралық сөздер қазақ тіліне аударылып, немесе табиғатына қарай қазақ тіліне келтіріліп, халыққа таңдау ретінде екеуін де ұсыну керек, және халық уақыт өте келе өзі керек емесін итеріп тастайды. Онымен қоса, барлық өзге бөтен сөздер қазақша түрде болуы қажет. Яғни, барлық сөздерде қазақша өзгерістер болады. Бұл баяндамада, Ахмет Байтұрсынұлының ең бірінші қазақ тіліне назар аударып жатқаны айқын көрінеді.
Барлық көрінісі жағынан қазақ қоғамы үшін нағыз өтпелі кезең болған сол уақытта тарих сахнасына көтеріліп, бас-аяғы жиырма жылға созылған қысқа мерзім ішінде өшпес із қалдырған ұлт зиялыларының осындай ерліктерін ұмытпауымыз қажет.