Атырау облысындағы Қарашүңгіл қорымын білесіз бе

РУХАНИЯТ
883

Мұнайы алтын - дария, аты әлемге - жария. Ол 1899 жылы қазақ даласындағы тұңғыш мұнай өндірісімен тaнылған құтты мекен Қaрaшүңгіл қорымы. Оның алғашқы фотосуреті 1903 жылы шыққан Санкт-Петербургтен шыққан жинақта жарық көрді. Бұл қорым жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енген. ҚазАқпарат тілшісі осы қорым жөнінде тарих тұңғиығынан сыр шертеді. 

Қарашүңгіл қорымы - Атырау облысындағы Жылыой ауданы Аққұдық ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым жердегі Қарашүңгіл сорында орналасқан. Қорым Қазақстанның батыс өңіріндегі ең ірі ескерткіштердің бірі болып табылады. Пайда болу уақыты ХVІІІ-XX ғасырлар аралығын қамтиды. Қорымның атауын бір деректерде астынан мұнай шыққан сордың атымен «қара» және «шұңқыр» сөзінен шыққан десе, халық арасында тараған аңыз бойынша қорым екі ғашықтың атымен байланыстырылады, яғни, Қара атты жігіт пен Шұңғыл атты қыз осы жерде қайтыс болып, осы жерде жерленген деседі. 

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының мамандарының айтуынша, қорымда 15 кесене, 10 сағанатам, 238 құлпытас, 8 қойтас, 2 сандықтас, 702 қоршау, 60 қабір үсті үйіндісі бар. 

Қорымда Маңғыстау мен Үстірт арасында көшіп-конып жүрген адай, шекті, кете, шеркеш, есентемір руларының өкілдері жерленген. Қорымның батыс беткейінде зиярат етушілерге арнап түнек үй салынған. 

«Iрі Қарашүңгіл қорымы Ұшқан атадан оңтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан және батыс, шығыс бөліктерге бөлінеді. Қорымның орта жағында әулие-баба зираты бар, оның түрі жай төбешік және басына ағаш қадау орнатылған. Қарашүңгілдегі шикі кірпішпен қаланған бір камералық кесенелер түрлері ерекше қызықтырады, олардың көпшілігінің келбеті киіз үй пішінінде істелген. Бұл қорымдарда Атырауға тән тік бұрышты және сопақша типті қоршау-шегендер көбірек. Әдетте, шеген қос қабатты болып келеді: бір бірінің үстінде, үстіңгісі тарлау болады. Мұндай қоршаулар мықты әрі көпке жететін болған. Қарашүңгілдегі ескерткіштер негізінен адай мен кете руына тән келеді», - дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов. 

Өлкедегі тарихшылардың айтуынша, Қарашүңгіл атты қорымның әуелде №7 ұңғыдан 42 метр тереңдіктен тәулігіне шығымдылығы 22 - 25 тонна құрайтын алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған. Осы жерден 100 тонна мұнай алынып, теңізге қарай торсыққа құйылып, түйе керуенімен жөнелтіліпті. Каспий теңізінде мұнай тасымалдаушы кеме күтіп тұрған. Содан бері біраз уақыт өтті, қазір ол жерден ешкім ешқайда мұнай тасымалдап жатқан жоқ. Қарашүңгіл әулиенің өзі жерленген қорым ғана қалған.

www.inform.kz

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...