Ерке Есмахан үшінші қызын өмірге әкелген Баян Мақсатқызын құттықтап, өзінің де қыз бала туып алғысы...
«32 жыл өтті»: Әли Оқапов әкесімен өткен күндерін ұлымен қайта жаңғыртты
әлеуметтік желіден
Танымал әнші Әли Оқапов ұлымен бірге Дубайға сапарлап барып, балалық шағындағы ерекше естелігімен бөлісті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы қалаға әкесімен бірге келгенін айтып, өткен күндерді сағынышпен еске алды.
Әншінің сөзінше, сол кездегі әкесімен өткізген бақытты сәттері әлі күнге дейін жадында сақталған. Ал бүгінде ол сол сапарды өз ұлымен бірге қайталап отыр.
«Мен Дубайға дәл осы ұлымның жасында әкеммен бірге келгенмін. Сол сапар әлі күнге дейін есімде. Әкемнің жанымда болғаны, бірге өткізген сәттеріміз... Бала кезімдегі сол естеліктер жадымда анық сақталыпты. Ал бүгін мен өз ұлыммен Дубайға қайта келдім. Ең қызығы, ұлым сол кезде мен қандай жаста болсам, қазір сол жаста», – деді Әли Оқапов.
Әнші ұлына қарап отырып, кейде өзінің балалық шағын көргендей әсерде болатынын жасырмады. Оның айтуынша, әке мен бала арасындағы осындай сәттер уақыттың қаншалықты жылдам өтетінін сезіндіреді.
«Бір кездері әкемнің жанында жүрген бала едім, ал бүгін өзім әкемін. Уақыттың қалай тез өтетінін осындай сәттерде ерекше сезінеді екенсің. Кезінде әкеммен бірге жинаған естеліктерімнің енді ұлыммен жалғасып жатқаны — мен үшін баға жетпес сезім», – деп ағынан жарылды өнер иесі.
Осылайша, Әли Оқапов үшін Дубайға жасалған бұл сапар жай ғана демалыс емес, марқұм әкесімен байланысты қымбат естеліктерді қайта жаңғыртқан ерекше сәтке айналған.