«Анасының қайтыс болғанын екі концерт бойы айтпадық»: Жанболат Найзабек Мадиярдың басынан өткен ауыр оқиғаны еске алды

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

Шоу-бизнес
210

«Өнер қырандары» театрының әртісі Жанболат Найзабек әріптесі Мадиярдың басынан өткен ауыр оқиғаны айтып берді. Оның сөзінше, Мадияр сахнада өнер көрсетіп жүрген сәтте анасы дүниеден озған. Алайда театр ұжымы бұл қаралы хабарды оған бірден жеткізе алмаған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Жанболат Найзабектің айтуынша, қайғылы жағдай театрдың гастрольдік қойылымдарының бірінде болған. Сол күні Мадияр сахнада анасының басына келіп тұрған баланың рөлін сомдап жатқан. Дәл осы уақытта Жанболатқа Мадиярдың әпкесі телефон соғып, аналарының қайтыс болғанын хабарлаған.

«Мадиярдың анасы сахнада ойнап жатқанда қайтыс болып кетті. Мадияр сахнада анасының басына келіп тұрған баланы ойнап жатыр. Мына жақта менің телефоным шырылдап жатыр. Мәкеңнің әпкесі хабарласып жатыр. Телефонды көтерем, "Мамадан айырылып қалдық" дейді ғой», – деп еске алды әртіс.

Бұл хабарды естіген театр ұжымы қиын шешім қабылдаған. Өйткені сол күнгі алғашқы қойылым өтіп жатқан, ал алда тағы екі сеанс болған. Әртістер Мадиярға анасының қайтыс болғанын бірден айтса, оның сахнаға қайта шыға алмайтынын түсінген. Сондықтан қаралы хабарды барлық қойылым аяқталғанша жасырған. 

Жанболаттың сөзінше, әріптестері Мадиярдың анасы қайтыс болғанын біле тұра, онымен бірге тағы екі қойылымда өнер көрсетуге мәжбүр болған.

«Ол бірінші сеанс, әлі екі сеанс бар. Екі сеанс бойы айтпадық оған. Бәрі біткен соң гримеркаға бәріміз кіріп келіп едік, "Қойшы" деді», – дейді Жанболат. 

Әртіс сол кездегі шешімдері үшін өздерін әлі де кінәлі сезінетінін жасырмады. Дегенмен олардың мұндай қадамға баруына концертке келген көрермен алдындағы жауапкершілік себеп болғанын түсіндірді.

«Кінәліміз айтпағанымыз үшін. Бірақ жиналған халықты ойладық. 700 адам келіп отыр. Концерт бермеген әлі 1200 адам болды. Бірден айтсақ, болды ғой, ол әрі қарай ойнай алмайды ғой», – деді ол. 

Анасының қазасынан кейін Мадияр біраз уақыт театрдың гастрольдік сапарларына қатыса алмаған. Осыған байланысты ұжым өзге қалалардағы қойылымдарды онсыз жалғастыруға мәжбүр болған.

«Содан кейін басқа қалаларда Мәкеңсіз ойнадық. Мадиярдың рөлдерінің бәрі маған берілді», – деп толықтырды Жанболат Найзабек.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандық заңгер Аблай Байтенов FlyArystan әуе компаниясын сотқа беріп, моральдық зиян үшін өтема...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда энергетикалық нысандардың құрылысы кешіккені үшін жауапкершілік күшейтілді. Премьер-мини...