Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Бір ел – бір...
«6 жылға сотталған, бірақ түрмеге түспеген»: Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған әйелдің өткені ашылды
видеодан алынған скрин
Әлеуметтік желіде қазақ халқын қорлап, Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстанға әскер кіргізуге шақырған әйелдің ісіне қатысты тың деректер жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ольга Мұхаметжанованы ұстағанын растады. Ал журналистер оның бұған дейін есірткіге қатысты қылмыс үшін алты жылға сотталғанын анықтады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оқиға әлеуметтік желіде таралған бейнежазбадан басталған. Видеода өзін Екібастұз тұрғыны Ольга Мұхаметжанова деп таныстырған әйел қазақ халқына тіл тигізіп, Ресей президенті Владимир Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған.
Сондай-ақ ол Қазақстанның бірқатар қаласы Ресейге тиесілі деген негізсіз мәлімдеме жасаған. Бұл сөздер желі қолданушыларының наразылығын туғызды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, әйел 28 қазанда Павлодар қаласында прокуратураның үйлестіруімен ұсталды.
«Павлодар қаласында прокуратураның үйлестіруімен сепаратистік сипаттағы бейнежазба жариялады деген күдікке ілінген жергілікті тұрғын ұсталды. Тиісті сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған дейін оның есірткі заттарын сатқаны үшін сотталғаны анықталды», – деп хабарлады ҰҚК.
Алты жылға сотталған әйел неге бостандықта жүрген?
39 жастағы Ольга Мұхаметжанова 2026 жылғы 14 сәуірде есірткі және психотроптық заттарға қатысты қылмыстар үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған.
Алайда сот оның кінәсін мойындағанын, өкінгенін және кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеп отырғанын ескеріп, Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазасын өтеуді бес жылға кейінге қалдырған. Әйел пробация қызметінің бақылауына берілген.
Осылайша, бұрын сотталғанына қарамастан, ол жазасын өтеу мекемесіне бірден жіберілмеген.
Қазіргі даулы бейнежазбаға байланысты жаңа қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. ҰҚК тергеу құпиясына сілтеме жасап, өзге мәліметтерді жарияламады.
Әйелге нақты қандай бап бойынша күдік келтірілгені және қандай бұлтартпау шарасы таңдалғаны әзірге ресми нақтыланған жоқ. Оның кінәсі жаңа іс бойынша соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.