Жамбыл облысында ірі қараны шекара асырмақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Жамбы...
Терезелер қирап, көліктер зақымданды: Атыраудағы жарылыстың мән-жайы белгілі болды
ЖИ
Атырауда үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан қазандықта газ-ауа қоспасы жарылып, бір адам зардап шекті. Жарылыс толқынынан жақын маңдағы тұрғын үйдің терезелері сынып, автокөліктер зақымданған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға 29 қазанда сағат 09:30 шамасында қаланың Авангард-2 шағын ауданында болған. Құтқарушылардың мәліметінше, үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта газ-ауа қоспасы жарылған. Абырой болғанда, жарылыстан кейін өрт шықпаған.
Алайда соққы толқыны жақын маңдағы тұрғын үй мен көліктерге зақым келтірген.
«Жарылыс салдарынан қазандықтан 12 метр қашықтықта орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріндегі терезе конструкциялары мен екі жеңіл автокөлік зақымданды. Бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Атырау облыстық ТЖД.
Белгілі болғандай, зардап шеккен азамат 1973 жылы туған. Оның қазіргі денсаулық жағдайы туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.
Оқиға орнына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды.
Жарылыс болған жерден түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарады.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.