«Бірнеше рет ескерту жасалды»: Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысының не үшін жұмыстан кеткенін айтты

Үкімет

ЖАҢАЛЫҚТАР
118

Қазақстанда энергетикалық нысандардың құрылысы кешіккені үшін жауапкершілік күшейтілді. Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтов бірнеше рет ескерту алғанымен, тиісті қорытынды шығармағанын мәлімдеді, деп хабарлайды  MadeniPortal.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

29 қазанда өткен Үкімет отырысында Бектенов энергетикалық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталмауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Қайрат Мақсұтов жаңа электр қуаттарын салу және іске қосу жұмыстарына жеткілікті бақылау жүргізбеген.

«Жаңа энергетикалық нысандардың құрылысын жүргізу және оларды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына тиісті бақылау жасалмағаны үшін кеше «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Оған бірнеше рет ескерту жасалғанымен, тиісті қорытынды шығармаған. Сондықтан кеше Президент тарапынан қатаң сын айтылып, соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданды», – деді Үкімет басшысы.

Қайрат Мақсұтов 28 қазанда «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының шешімімен қызметінен босатылған. Ресми мәліметке сәйкес, бұған стратегиялық инвестициялық жобалардың баяу жүзеге асырылуы және жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу мерзімдерінің сақталмауы себеп болған.

Атап айтқанда, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы энергетикалық жобалардың уақытылы аяқталуы елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды.

Осыған байланысты Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына құрылысы жоспарланған нысандарды уақытында іске қосуды және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуді тапсырды.

Сонымен қатар жыл соңына дейін Қазақстанның 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімі қайта қаралуы тиіс. Жаңартылған жоспарға «таза» көмір технологияларын қолдану, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және 2027 жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастау мәселелері енгізіледі.

Бұдан бөлек, болашақ атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз ету мақсатында уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру тапсырылды.

Айта кетейік, Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» компаниясын 2023 жылдың маусымынан бері басқарған.

PESTEL

Қытайлық кәсіпкер мотоциклмен су бетінде 40 шақырым жүріп, Гиннестің рекордын жаңартты, деп хабарлай...

PESTEL

Армения парламентінде билік пен оппозиция депутаттары жаппай төбелесіп, отырысты тоқтатуға тура келд...