Шакираның концертіне Қазақстаннан қанша адам барды? Жаңа мәлімет жарияланды

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

Шоу-бизнес
109

Бішкекте өткен Шакираның концерті Қырғызстанға мыңдаған шетелдік туристің келуіне себеп болды. Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Эдуард Кубатовтың мәліметінше, концертті тамашалауға жиналған 43–45 мың көрерменнің шамамен 25 мыңы шетелден келген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Әсіресе Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Түркия азаматтары белсенділік танытқан. Алғашқы ақпараттарда жанкүйерлердің 33–35 елден келгені айтылған. Кейін Қырғызстан президентінің Іс басқармасы билеттерді 36 мемлекеттің азаматтары сатып алғанын хабарлады.

Дегенмен ресми мекемелердің шетелдік көрермендер санына қатысты мәліметтері әртүрлі. Президенттің Іс басқармасы 40 мыңнан астам көрерменнің ішінде шетелдік туристер, қонақтар және шетелдік студенттерді қоса есептегенде, халықаралық аудитория 10 мыңнан асқанын мәлімдеген. 

Шакира 18 қазанда «Bishkek Arena» стадионында өнер көрсетті. Бұл оның Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік турнесінің бір бөлігі әрі Орталық Азиядағы алғашқы концерті болды.

Әншінің сахнаға шығуы жоспарланған уақыттан шамамен 40 минутқа кешіккен. Соған қарамастан, көрермендер оны ерекше қошеметпен қарсы алды. Шакира жанкүйерлерімен қырғыз тілінде амандасып, «Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар?» деп тіл қатты.

Бір жарым сағатқа жуық созылған концертте әлемге танымал Hips Don’t Lie, Waka Waka, Whenever, Wherever және Te Felicito әндері шырқалды. Шоу барысында әнші кемінде 13 рет киім ауыстырған. Сахнада лазерлік жарықтар, түрлі декорациялар мен алып қасқыр бейнесі пайдаланылды.

Концерттің экономикалық әсері де алдын ала талқыланған. Эдуард Кубатов іс-шара Қырғызстанға шамамен 30 мың турист тартып, ел экономикасына 30 миллион долларға жуық кіріс әкелуі мүмкін екенін болжаған. Алайда бұл нақты табыс емес, концертке дейін жасалған болжам болатын.

Билет бағасы да көпшіліктің назарын аударды. Концертке кіру құны 12 мың қырғыз сомынан басталып, фан-аймақтағы орындар 40 мың сомға дейін бағаланған. Ал іс-шара өтетін күні серіктестердің қолында қалған 540 билетке 60 пайызға дейін жеңілдік жасалған.

Мұндай шешім билетті алдын ала жоғары бағамен сатып алған кейбір жанкүйерлердің наразылығын туғызды. Ұйымдастырушылар жеңілдік тек коммерциялық серіктестердің сатылмай қалған билеттеріне қатысты екенін түсіндірді.

Концерт аяқталғаннан кейін стадион маңында қоғамдық көлік тапшылығы байқалып, көрермендер автобусқа міну үшін кезекке тұрған.

Қырғызстан президентінің Іс басқармасы Шакираның гонорарына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбегенін хабарлады. Ауқымды музыкалық шара жеке инвесторлар мен ұйымдастырушылардың қатысуымен өткізілген.

Бішкектегі концерттен кейін Шакира әлеуметтік желіде фотосуреттер мен бейнежазбалар жариялап, Қырғызстан халқына көрсеткен ықыласы мен жылы қабылдауы үшін алғыс білдірді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан облысында балабақша қызметкерлері мінген көлік ауыр жол апатына ұшырап, үш әйелд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда 43 мыңға жуық азаматтың микрокредит рәсімдеу кезінде алданып қалуы мүмкін екені анықталд...