Марқұм Заманбек Нұрқаділовтің осыдан шамасы 10 жыл бұрынғы сұхбаты әлі де ескірмепті. Әлі де өзекті...
Байбота Қошым-Ноғай. Ұлы ұстаздың руы кiм?
Нәсiрдiң әкесi араб па, әлде түркi тектес тұқымнан ба?
Әбу Нәсiр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби әт-Түрки (870–930) есiмi өзi туған Қазақстан топырағына өте кеш оралды. Шығыстанушы Мибуиждiң: «Бiрiншi ұстаз Аристотельден кейiн әл-Фарабидiң «Екiншi ұстаз» атануы, шынында, екi философтың бiр деңгейге қойылуы»,– деп орынды атап көрсеткенiндей оның ұлылығын төрткүл әлем әлдеқашан түгел мойындаған.
Суретті салған Бейсен Серікбай
Әл-Фарабидiң қаламынан туған туындылардың бiрқатары жоғалып кеткен. Ғалымдар оның еңбектерiнiң есебiн әлi толық анықтай алмай келедi. Тiптi данышпан бабамыздың кейбiр шығармалары өзге ғалымдардың есiмiне телiнiп кеткенi жөнiнде де арагiдiк сөз болып жатады. Дегенмен, оның «Логикаға кiрiспе», «Дәлел келтiру шарттары кiтабы», «Аристотельдiң шешендiк өнерiне түсiнiк», «Өлең өнерi қағидалары трактаты», «Даналық және қарапайымдылық трактаты», «Сөз ғылымдардың классификациясы туралы», «Тұжырымдаманың негiзгi мәнi», «Екi философ – қасиеттi Платон мен Аристотельдiң көзқарастарының ортақтығы туралы», «Мәселенiң маңыздылығы», «Түсiнiктеме және философия (даналық)», «Физика ғылымының негiздерi», «Химия өндiрiсiнiң қажеттiлiгi», «Музыканың үлкен кiтабы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат», «Азаматтық саясат», «Бақыт жолын сiлтеу», «Бақытқа жету жайында», «Платон заңдарының қысқаша мазмұндамасы» секiлдi еңбектерi бiздiң ғасырымызға жетiп отыр.
1970 жылы ұлы жерлесiмiздiң туғанына 1100 жыл толған мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өттi. Оның еңбектерiн қазақ тiлiнде сөйлету сол кездерден басталғанмен, бұл игi iстiң соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқанын жасыра алмаймыз.
Қазақ ақын-жазушылары, өнер қайраткерлерi әл-Фарабидiң көркем образын сомдауға тырнақалды талпыныстарын жасады. Ұлы бабамыздың әдеби бейнесi жазушы Ә.Әлiмжановтың «Ұстаздың оралуы» романы мен ақын Ж.Қыдыровтың «Фарабидiң тригонометриясы» атты дастанында бiршама тәуiр шешiм тапты, композитор К.Күмiсбеков «Фараби сазы» атты сырға толы сиқырлы күй шығарды.
Алайда араға мың жылдан астам уақыт салып өз Отанына оралған ұлы бабамыздың алдынан базарлық дәметкен баладай жамыраса шыққан қазақ ғалымдары мен қаламгерлерi сәбилiк мiнез танытып, кәдiмгiдей «ата – менiкi», «бұл – менiң атам» деп «өжеңдесiп» жатады. Бұл сөзiмiзде бiз осындай бiр қазақшылыққа өзiмiзше басу айтып, басалқалық танытқымыз келедi...
Авторлардың пiкiрiне қиянат жасап алудан сақтанып, әл-Фарабидiң толық аты-жөнiн жазуда бiрiздiлiк көрсете алмағаным үшiн оқырман қауымнан алдын ала кешiрiм сұраймын. Сондай-ақ қаймана қазақ ұлы бабамыздың есiмi – Мұхаммед, ал Әбу-Нәсiр – оның лақап аты екенiн де бiле бермейдi. Бұл лақап есiм – араб тiлiнде «Нәсiрдiң әкесi» деген сөз. Кейбiр ғалымдар әл-Фарабидiң Нәсiр атты ұлы болған деп топшылайды. Ортағасырлық астроном, математик, географ, геолог, философ, тарихшы және этнограф, дәрiгер және ақын Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмед әл-Бируни (973–1048) жөнiнде де зерттеушiлер осындай пiкiр айтады. Яғни, әл-Бирунидiң өз аты – Мұхаммед, әкесiнiң аты – Ахмед. Ал «Әбу Райхан» лақап есiмi «Райханның әкесi» дегендi бiлдiредi. Демек, Бирунидiң де Райхан есiмдi перзентi болған деп түсiнуiмiз керек. Сондықтан ғалымдарымыз олардың аты-жөндерiн жазуда бiрiздiлiкке көшудi келешекте келiсiп алғаны артық емес деп санаймын.
Әлқиссаны аяқтап, әңгiмемiзге тiкелей көшер болсақ, сапасының қандай дәрежеде екенiн ақи-тақи айта алмаймын, бiрақ, әйтеуiр, ғасырымыздың екiншi жартысында әлемдiк фарабитанушылардың қатарына бiраз қазақ ғалымдары келiп қосылды. Ұлы жерлесiмiздiң әлемнiң әр қиырындағы кiтапханалар мен мұражайларда сақталып келе жатқан еңбектерi ана тiлiмiзде толық сөйлеп үлгермегенмен Фараби iлiмi жайындағы iлкi әңгiмелер айтыла бастады. Бұған, әрине, шүкiршiлiк деймiз.
Бiрақ «Ассалаумағалейкүмнен» кейiнгi әңгiмесiн «Қай елсiң?» деп сабақтайтын қазақтың бағзы бiр дағдысы бойынша Отырар топырағында дүниеге келiп, әлемге Аристотельден кейiнгi «Екiншi ұстаз» болып танылған данышпан бабамыздың да басын бiраз ауыртып, оның қай жүздiң қандай руынан шыққанын «айырып» алмай, iлгерi қадам баспайтын сыңай танытып отырмыз. Бұл негiзсiз қозғалып отырған кеп емес. Өйткенi әл-Фараби жайында қалам тербеген қазақтың қай-қайсысы да әуелi оның қай руға жататыны жайлы өзiнiң пайымдауын паш етпес бұрын әрмен қарай сыр қозғамас қалыпқа анық көшкен. Атағы мен лауазымынан именбей, өлiсiнiң аруағы мен тiрiсiнiң айбынынан жасқанбай, олардың өздерiн сөйлете отырып, осы бiр мәселе жөнiнде бiр ауыз лепес айтқанды жөн көрдiм.
Қазақстан топырағында кiндiк қаны тамып, ес тоқтатып есейгенше атамекенiнде ғұмыр кешкен, кейiн шаһар басып Шығыстың сол кездегi ғаламға мәшһүр айтулы қалаларында бiлiмiн жетiлдiрiп, теңдесi жоқ ғұламаға айналған Әбу Нәсiр әл-Фараби тек қазақтың ғана емес, исi түркi халықтарының, барша мұсылман қауымының ортақ перзентi. Тiптi ол адамзат өркениетiндегi ешкiм де жатсынбай қабылдайтұғын орны бөлек алып тұлға. Әлбетте, бiз де пендемiз, ғұламаның жерлесiмiз екенiн айтып мақтануға хақымыз бар ғой.
Алғашқы фарабитанушыларымыздың бiрi Ақжан Машанов араб философиясының ұлы өкiлi ретiнде әлемге танылған әл-Фараби әлдекiмнiң «қолтығында кетiп қалады» деп үрейлендi ме, кiм бiлсiн, алпысыншы жылдардың басында-ақ асығыстықпен: «Из истории известно, что Фараби родился в городе Отрар (точнее, в крепости Васиди близ Отрара) в тюркской семье рода Кипчак»,– деп салды.
Ғалымның бұл пiкiрiн белгiлi жазушы Әнуар Әлiмжанов iлiп әкеттi. Ол өзiнiң «Великий Мухаммед из Отрара» атты мақаласында былай деп жазды: «Он (аль-Фараби – Б.С.Қ.-Н.) родился в 256–257 годах хиджры, а по современному летоисчислению – в 870 году в юрте воина из племени кипчаков. Отец его жил близ Отрара и был одним из дружинников, охранявших подступы к этому великому городу, который раскинулся на низких холмах, что стоят у слияния рек Арыси и Сырдарьи. Арабы называли Отрар «Фарабой» – «Красивым». Отсюда и частица аль-Фараби».
Ортағасырлық шежiрешiлердiң жазуы бойынша, «Отырар – оғыздардың қаласы». Алайда тарихи деректер бұл жерде ертеде қаңлылардың да мекендегенiн көрсетедi. Қала кейiн қыпшақтардың қолына көшкен. Бұл деректер өзгелердi де төсегiнде тыныш ұйықтата қойған жоқ. Әл-Фарабидiң руы қыпшақ болса, ол Орта жүздiң қазағына «айналып кеткелi тұр», сондықтан кейбiреулер оны қалайда қаңлы қылып көрсетуге күш салып жатты. Ақыры «Бiлiм және еңбек» журналының 1969 жылғы 6-7 сандарында Қадырқожа Амангелдиев деген шежiрешi «Шежiре шерткен сыр» атты мақала жариялап, оны «қаңлы Әбунәсір Әл-Фараби» деп атады да, Ұлы жүзден шыққан ұлы тұлғалардың арасына сыналап тынды.
Ал жазушы Балғабек Қыдырбекұлы болса: «...Қарашоқылық баба Шанышқылы – Тархан әл-Фараби баба»,– деп «тарқатты» оның тегiн.
Осылайша Әбу Нәсiр әл-Фарабидiң бiрде Ұлы жүздiң қаңлы, бiрде Орта жүздiң қыпшақ руынан шыққандығы «дәлелденiп», ұлы ғұлама қазақ рушылдығы көкпарының додасына түстi.
Фарабитанушылардың бiрi Ауданбек Көбесов екi дай жарылған бұл пiкiрлерге ара ағайындық айтқандай оларды былайша «ымыраластырмақ» болды: “Фарабидiң өмiрi жөнiнен бiзге жеткен мағлұматтар үзiк-үзiк аңыз-шыны аралас болып келедi. Фарабидiң толық аты-жөнi – Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби, яғни өз аты – Мұхаммед, әкесi – Мұхаммед, оның әкесi – Ұзлағ, арғы атасы – Тархан (орындары ауыстырылған – Б.С.Қ.-Н.). Туған жерi қазақтың ежелгi қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып, ол Әбунасыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атайды. Бiзге жеткен кейбiр деректерге қарағанда, оның әкесi сол тұста көшпелiлiктен отырықшылыққа ауысқан түркi тайпаларының бiрiнен шыққан әскербасы екен. Бiр нұсқада (?) Фарабидiң руы қаңлы-қыпшақ деп көрсетiлген. Бұл шындыққа жақын келетiн сияқты. «Тархан» деген атаудың төркiнiн екi түрде топшылауға болады. Бiздiң жерiмiзде мекендеген ежелгi түркi тайпалары «тархан» деп әскери лауазымды кiсiлердi атайтын болған. Бұған орай Фараби әскери ортадан шықты деп жорамалдауға болады. Екiншi жағынан: ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған (қазiр де мекендеп отыр) тарихқа ертеден мәлiм қаңлы тайпасында «Тархан» (кейде «Дархан» деп те атайды) атты ру болған (қазiр де бар).
Махмұд Қашқари «Қаңлы – қыпшақтардың атақтыларының есiмi» деп жазады. Демек «қаңлы» мен «Тархани» байланысты. Сондықтан да әл-Фараби қазiргi қазақ ұлтын құрған байырғы рулардың бiрi қаңлы-қыпшақтан шыққан деп айтуға толық негiз бар».
Дәйексiз айтылған бұндай пiкiрлердiң шет-шегiне шығу мүмкiн емес. Әбу Нәсiр әл-Фарабидi екi топтың бiрi қаңлы, бiрi қыпшақ деп өздерiнше «дәлелдеп», оған белгiлi фарабитанушы ара ағайындық жасап, «қаңлы-қыпшақ» деген руды ойлап тауып жатса, белгiлi қаламгер Байұзақ Қожабекұлы ««Тарих-и Рашиди» һәм қазақ тарихы» атты мақаласында былай деп «қоян қашты» қылады: «Моғол – жете – чете – жалайыр жұртының орта ғасырдағы атауы. Егер четенiң шығу тегiн қарастыра берсеңiз тым алысқа, көнеге сапар шегесiз. Мәселен, дүние жүзiнiң екiншi ұстазы аталған данышпан ғалымымыз Әбунасыр әл-Фараби өзiнiң музыкалық трактатында: «Менiң шыққан тегiм четеде музыкалық оқулық болмағандықтан араб әдебиетiн пайдаландым»,– дейдi».
Мен Әбу Нәсiр әл-Фарабидiң қазақ және орыс тiлдерiнде жарық көрген еңбектерiнiң ешқайсысынан да бұл деректi әдейi iздеп кездестiре алмадым. Егер әл-Фарабидiң «менiң шыққан тегiм чете» дейтiн сөзi шындық болып шықса, онда ғылым үшiн көмiлiп жатқан бiр қазынаның құлағын көрiп тұрмын. Сондықтан осы жолдардың иесi Байұзақ ағамызға бiрнеше рет жолығып, бұл деректi қандай қайнаркөзден алғанын айтып беруiн өтiнген өтiнiшiм орындалмады. Осылайша әл-Фарабидi жалайыр етiп көрсетпек болған бұл пiкiр де көңiлiмнен лайықты орын таба алмады.
Ал қазақтан өзге жұрт әл-Фарабидiң руын қазбаламай-ақ, оның шыққан тегi мен қай ұлтқа жататындығы жөнiнде өз жорамалдары мен болжамдарын айтып жатыр. Олардың сүйенетiн тиянақ-тiренiштерi не? Аттың басын солай бұрып, тағы бiр-екi пiкiрдi тыңдап көрелiк.
Триполи (Ливан) қаласында «Араб ғұламалары» атты сериямен жарық көрген он төртiншi кiтап «Әбу Насыр әл-Фараби» деп аталады. Ұлы жерлесiмiздiң өмiрi мен шығармашылығына арналған бұл еңбектi араб тiлiнiң маманы Арқабай Дәдебаев қазақ тiлiне ықшамдап аударып, бұдан бiрер жыл бұрын «Азия» газетiнiң бiрнеше санында [9. №9, 10, 11, 12, 13, 14, тамыз, 1992] жариялаған болатын. Ражи Аниат дайындаған осы кiтаптан бiз мынадай жолдарды оқи аламыз: «Әл-Фараби өз өмiр тарихы туралы ештеме жазбаған. Оның тарихы мен өмiр жағдаяттары жөнiнде айтылғандар көп кездеседi. Әл-Фараби туралы жазған тарихшылардың көпшiлiгi оның негiзi түркi дегендi айтады. Олардың бiрi – Ибн Аби Усайбиға: «Оның әкесi әскери қолбасшы, ерiктi қызметшi парсылық болған»,– дейдi. Бiздiң қазiр осы төңiректегi айтылғандардың белгiлi бiреуiне қосылуымыз қиын. Түркi мен Парсы елдерiнiң өзара жақындығы нәтижесiнде екi өлкенiң адамдары ары-берi өте беретiн.
Көпшiлiк тарихшылар айтып жүргендей, әл-Фарабидiң шыққан тегi түркiлiк немесе Ибн Аби Усайбиға айтқандай, парсылық болса, бiздiң оны осылайша Отаны, мәдениетi қай жұртқа жататындығы тұрғысынан араб деуiмiз қызғылықты болар едi. Сол ғасырда араб тiлi Фарабқа да, Парсы, Хорасан, әзербайжан елдерiне де жайылды, араб әдебиетi мен ислам мәдениетi тарады.
Әл-Фараби Фарабтан кеткеннен кейiн онда қайтып оралған жоқ. Iздену және шығармашылық жылдарын көптеген араб астаналарында өткiздi. Мәселен, Бағдадта, Халефте, Дамасскiде және Мысырда. Бағдадтағы немесе Шамдағы әл-Фараби жасаған мәдениет араб мәдениетiне жатады. Бұларда араб ғылымдары, ислам дiнi қағидалары және тағылымдары жиынтықталған. Жүзден асатын әл-Фараби еңбектерi түгелдей араб тiлiнде жазылған.
Осыған байланысты әл-Фарабиге «Араб философы» деген лақап ат таңылды. Өйткенi ол бiрегей араб ғалымы. Оның ғылымы, мәдениетi және Отаны да арабтық. Ол ұлы араб авторлары қатарынан орын алады».
Ал керек болса! Әркiмнiң өз қисыны бар. Кеңес өкiметi тұсында ұлт республикаларының бiрқатар ақын-жазушылары, ғалымдары өзiнiң қай ұлтқа жататынына қарамастан оқырман қауымды кең қамту үшiн және әлемдiк аренаға тез шығу, танылу мақсатымен әдеби шығармалары мен ғылыми еңбектерiн халықаралық орыс тiлiнде жазатын. Олардың бәзбiреулерi Мәскеуде, Ленинградта тұрып жатты. Ражи Аниаттың пiкiрiне құлақ асар болсақ, олардың бәрiн де орыс деп тануға тиiс болғанымыз ғой!..
Қазақтың белгiлi шығыстанушы ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербiсәлиев араб жылнамашы-тарихшыларының әл-Фараби жайлы маңызды естелiктер қалдырғанын айта келiп, бұл дүниелердiң алғашқы авторлары ұлы ғалымның тұстастары болғанын тiлге тиек етедi. Әсiресе, Отырар перзентi жайында Захир ад-Дин Әбу-л-Хасан әл Байһақи (1099–1170), Әли ибн Саид әл Қифти (1167–1248), Ибн Әби Усайбиға (1203–1270), Ахмад Ибн Халликан (1211–1282) тәрiздi ғұламалардың еңбектерiнде аса құнды мағлұматтар кездесетiнiн көрсетедi ол.
Араб жылнамашысы Ахмад Ибн Халликан «Китаб уа-файат әл-ағиан уа анба абил аз-заман» («Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар туралы кiтап») атты еңбегiнде: «Әбу Нәсiр Мұхаммед бин Тархан бин Ұзлағ әл-Фараби – логика, әуезтану және басқа да ғылымдар бойынша көптеген еңбектердiң авторы. Ол – аса iрi мұсылман фәлсафашыларының (акбар фаласиф) бiрi. Солардың (яғни мұсылман ғалымдарының) ешқайсысы да оның өресiне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина өзiнiң шығармаларын жазу үстiнде оның еңбектерiн пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлiкке қолы жеткенiн еске алады. Әл-Фараби түркi едi (ерекшелеген бiз – Б.С.Қ.-Н.), өз елiнде дүниеге келдi, сонда өстi... әл-Фараби өз елiнен тысқары шығып, Бағдадқа келген соң, арада бiраз уақыт өткеннен кейiн ол фәлсафамен (әл-улум әл-хикма) шұғылданады”,– деп жазыпты.
Бiздiң әкелерiмiз Кеңес өкiметi тұсында атеистiк тәрбие алып жатқан балалары ислам қағидалары жөнiнде орынсыз дау айтып шыға келген кезде: «Пайғамбардың заманына сендерден гөрi бiздiң заманымыз жақындау, шырағым!»– деп тоқтау айтатын-ды. Қалай болғанда да ХIII ғасыр перзентi Ахмад Ибн Халликанның бұл сөздерiне алып-қосатын ештеңе жоқ.
Ахмад Ибн Халликан сондай-ақ «Харида әл-қаср уа джарида аһл әл-аср» атты антологияның авторы Имад ад-Дин Мухаммад бин Мухаммад әл-Катиб әл-Исфаһаниден (1125–1201) әл-Фараби қолжазбасындағы «Тархан» атауы «Турхан» емес, «Тархан» деп оқылатынын һәм ол (ру аты емес) түркi есiмi екенiн естiгенiн де қағазға түсiрген.
Бiз үшiн Әбу Нәсiр әл-Фарабидiң түркi болғандығының өзi аз олжа емес. Егер тарих доңғалағын керi қарай жылжыта алатын құдiреттi ойлап тапсақ, бiрiн өзбек, бiрiн қазақ, бiрiн ұйғыр, бiрiн татар, бiрiн әзербайжан, т. б. деп меншiктеп ту-талапайға түсiргенiмiздi көрiп, Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Нәсiр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Құл Әли, Низами Гәнжауи, т. с. с. бабаларымыздың мұртынан жымиып езу тартып тұрған кескiнiн көрген болар едiк-ау.
Ғылым шындыққа көз жеткiзу үшiн жасалады. Ал долбармен айтылған дәйексiз сөз нысанаға дарымай айдалаға атылған оқ секiлдi. Әбу Нәсiр әл-Фарабидiң руы жөнiндегi негiзсiз жорамалдар бiздi осындай ойға жетеледi.
(«Ұлы ұстаздың руы кiм? Нәсiрдiң әкесi араб па, әлде түркi тектес тұқымнан ба?» атты бұл мақала алғаш рет 1996 жылғы қаңтардың 19-ы күні «Қазақ Елі» газетінің №3 санында «Адамзаттың алыбы – ұлы ұстаздың руы кім?» деген атпен жарияланды).