Жұмабек Тәшенов(Жұмабек Тәшенов туралы толғаныс)Қазақта нар деген ұғым бар. Сөздің түптұлғасы түйе т...
Бұл зиялы – қай зиялы? (Қазақ интеллигенциясы бар ма өзі?)
Ежелгі Эллада кентавр Хирон туралы әйгілі мифінде зейін иесі - адам, қарын иесі - жануарды пенде басты, жылқы денелі кентаврға шебер біріктіріп, саналы тіршіліктің кішкене ғана модель, макетін жасап беріп кетті. Яғни әлгі миф кез-келген ұлттың басқару пультінде оның зейіні - адамның жұдырықтай миы дегенді меңзесе, қалған ұзын сұлбаны қарын, ішіп-жем жағына қоя салған ғой. Арғы-бергі заманда мұны мойындамаған ешкім жоқ. Қылышынан қан тамған патша Ресей де аристократ ия зиялымен санасуға мәжбүр болған. Санаспаса, мойындамаса, империяның түбіне ылғи да су құйып отырған Гоголь, Достоевский, Чехов, Толстой, тіпті «төңкерістің дауылпазы» Горькийдің шығармаларын қайта-қайта жариялауға көнбес еді. Қызық болғанда, олардың бас цензоры Салтыков-Щедрин су құюшылардың нақ жуан ортасында болған. Бұлдыр-бұлдыр аңыз, ертегі дүниесі «Аяз биді» алдымызға тартады. Білге қағаныңыз Тоны көктей дана, білгірді тыңдаған; орта ғасырда ақиық ақын-жыраулар халық тағдырын шешетін кей тұстарда ханнан жоғары тұрған. Абылай - Бұқар жырау арасы бәрімізге белгілі. Баймағамбет сұлтанды сөзбен былшылдатып бетке ұрған Махамбет сол елім деп еңіреген, оқу-тоқу емес, табиғат-шебер жарата салған «зиялы». Ендеше зиялы дегеніміз білімді ғана емес, халық қамын жеген, бойындағы барын соған сарқа жұмсаған алғадай екен. Қазақ зиялыны осылай ұғады. Кеңестік система да ой өкілдерін «өзінше төбесіне көтерген».
Ежелгі Эллада кентавр Хирон туралы әйгілі мифінде зейін иесі - адам, қарын иесі - жануарды пенде басты, жылқы денелі кентаврға шебер біріктіріп, саналы тіршіліктің кішкене ғана модель, макетін жасап беріп кетті. Яғни әлгі миф кез-келген ұлттың басқару пультінде оның зейіні - адамның жұдырықтай миы дегенді меңзесе, қалған ұзын сұлбаны қарын, ішіп-жем жағына қоя салған ғой. Арғы-бергі заманда мұны мойындамаған ешкім жоқ. Қылышынан қан тамған патша Ресей де аристократ ия зиялымен санасуға мәжбүр болған. Санаспаса, мойындамаса, империяның түбіне ылғи да су құйып отырған Гоголь, Достоевский, Чехов, Толстой, тіпті «төңкерістің дауылпазы» Горькийдің шығармаларын қайта-қайта жариялауға көнбес еді. Қызық болғанда, олардың бас цензоры Салтыков-Щедрин су құюшылардың нақ жуан ортасында болған. Бұлдыр-бұлдыр аңыз, ертегі дүниесі «Аяз биді» алдымызға тартады. Білге қағаныңыз Тоны көктей дана, білгірді тыңдаған; орта ғасырда ақиық ақын-жыраулар халық тағдырын шешетін кей тұстарда ханнан жоғары тұрған. Абылай - Бұқар жырау арасы бәрімізге белгілі. Баймағамбет сұлтанды сөзбен былшылдатып бетке ұрған Махамбет сол елім деп еңіреген, оқу-тоқу емес, табиғат-шебер жарата салған «зиялы». Ендеше зиялы дегеніміз білімді ғана емес, халық қамын жеген, бойындағы барын соған сарқа жұмсаған алғадай екен. Қазақ зиялыны осылай ұғады. Кеңестік система да ой өкілдерін «өзінше төбесіне көтерген». Тым тереңдерін, әлеми-қазақы мәдени үлгілеріне сүйенген алашорда өкілдерін атып, асып, қуып тастады да, икемге көнгеннің алдына ас, екі қолын бос қойды. Жалаң социализм казармасының есігін аңқитып ашып, өз сөзін сөйлеттірді; сөйтіп, жердің астындағыны білемін деп жүрген «мықтыларды» көп ұзамай-ақ кеңестік арбаға жегіп, итпектетіп қойды.
Оның үстіне алып дала, арғымақ ат пен алкеуде аңқаулыққа, сал-серілікке негізделген рухани дүниемізді ХХ ғасыр өркениеті жанын шығарып тұрып жаншыды. Және бұл темір-терсек заманға біз ел соңы болып іліктік. Шығыстың жеті жұлдызына Абай сегізінші болып қосылғаны осы, міне. Ал, Еуропадан сусындаған Шоқан, топырағымыз табанынан тартып тұрса да, біздің мәдениеттің сол кездегі қисындарына, шынын айту керек, қиғаштау ерекше тұлға. Біз мадақтайтын бес арыс пен алыптар тас қайната бастағанда, өзге елдердің сол деңгейдегі марқасқалары бұл кезде көрде-тін. Қалғанымыз кеңестік қара нанға мелдектеп тойғанға мәз болып, соның тоғымен, буымен өз-өзімізді, неге екені белгісіз, зиялы екенбіз дедік. Әлі де болса біразымыз сол астам да «асқақ» ойдамыз. Бұл да болса - қария тарихтың қазақты қыттықтап ойнаған зілді әзілдерінің бірі.
Осы мең-зең мастықтан ұлтымыз да айықпай, беліміз шойырылып, жатқан жерімізден үйелеп тұра алмай жатырмыз. Кеңес тұсында мұны: «Іс бітті, мәдениетіміз әлем деңгейіне жетті, енді ішіс, жес керек» деп түсіндірдік. Он шақты жыл бұрын шаң берген жаңа заман бізге керісінше, «Түйе теуіп, ішің кеуіп, жолда жатырсың!» - деп анық айтты. Және сорымызға қарай, онысы рас та.
Әңгіменің басы ашық болу үшін, әуелі зиялы (интеллигент) деген не, соны анықтап алайық. «Казахстанская правда» газетінде (І. ІХ. 94.) жүз жасағыр Шұға Нүрпейісова қарындасымыз «Лағнет» («Анафема») атты мақаласында: «Аристократия - қасиетті ұлағаттар мен идеяларды сақтаушы. Ал, интеллигенция болса, қарапайым адамның көзқарасы, талғамы және пікірінің жарқын болашақ үшін күресіндегі қара тобыр иеленіп кеткен үні» депті. Бұдан артық айту қиын. Ендігі сөз - сол қара тобырдан сәл қара үзіп, өз ортасына, әлемге сауатты көзбен қарай бастаған білімді топ туралы. Өйткені, ХХІ ғасырдағы қазақ аристократиясынын қалыптастыратын осы бүгінгі зиялы.
Біз ең жаман деген болжамдарымыз қолма-қол расқа айналып жатқан қысыр да қыңыр уақта өмір сүріп жатқан халықпыз. Ең сорақысы - кеңес тұсында системаның сценарийімен алдымен ұлтымыз, қалды зиялымыз бұл дүниеде басы қосылуы екіталай екі топқа дай-дай бөлініп кетіппіз. Енді бұл екі қазақ сыңсып, баяғы қазақ пен ноғай қоштасқандағы «Ел айырылысқанда» - ны қайталап айтуы ғана қалды. Бір шаңырақ астында екі жерден от жағып, қазан асып, бір-бірін менсінбей, тоңторыс теріс қарап, жауласуға шақ қалған, сөз тыңдаудан қалған бұл марқасқалар. Сырттан не үйреншікті ақылгөй Ресей ағайды, не өзбек, қырғыз бауырды арашаға шақыруға жуықпыз. Сөйтіп, ұлтқа бас болатын, жөн сілтейтін мынау қысылтаяң тұста екі тілде сөйлейтін қазақ зиялылары бір-біріне қас. Ұлтымыз иесіз қалды.
Алғашқы топқа қала қазақтарының орысша оқып, жетілген қандастарымыз жатады. Әлем, орыс мәдениеті десе, бізді шеніне келтірмейді. Әттең, табаны топырақ иіскеп, балтырын күс басып көрмеген бұл жүйріктер дәстүрлі қазақ өмірі дегенде екі аттап, бір сүрінгіш. Алыстағы Америка: «Әй, осы қазақ тілі түбінде бір керек болар» деп шұғыл үйреніп жатса, бұлар менсінбейді. Өйткені, күні кешеге дейін тұғыры кеңістік идеология болып табылатын славяндық кеңістікте еркін қалықтап, биік ұшамыз деген мутант, шата будан ұрпақ. Дұрысы, империялық саясаттың құлы. Оны өздері білмейді. Кеңес күл болды да, оның орнына қазақы ағаш табақ, кәрлен кесе аяқ астынан дөңгелеп келе қалды. Шанышқы, пышақ, салфеткаға үйреніп қалған олар әлгі табақ құрғырға білек сыбанып, бес саусақты еркін салып жіберуге жоқ - жиренеді. Өмірге өкпелегеннің орнына бізге ренжулі. Біздің бүгінгі топалаң өмірге ынта-шынтамен кірісіп кетейін десе, қазақы дүниені екінші, үшінші сорт деп ұғатын эго желкеден тартып жібермейді. Өз-өздерін қайта жасауға кеш. Ондай қоршауды бұзып-жарып шыға бастағандары әзірше аз. Онда да жержүзі даналығы шығыста басталғанын, «өз жерінде ұлтан бол» дегенді ұға бастағандары ғана.
Біз ол бауырларымыздың бәріне күйе жағудан аулақпыз. Гуманитария, оқыту-тоқыту төңірегіндегілер бұл күнде ауыр ой үстінде. Жас ұрпақты оқыту үшін ең алдымен өздері қазақ аясында қайтадан оқып-тоқуы керек екен. Жатқан бір бейнет, мол михнат.
Орыс тілінің сойылын ары қарай соға беруге ұяты барларының намыстары жібермейді. Сонымен күнделікті қызмет, пәтер деген шағын ғана жылы ұяларында бұғып-бұғып отыр. Яғни, апатия, әрекетсіздік, үнсіз жиырылу... Оның үстіне оларды қазақ тілінен «қамал» жасап алған төл шикілі-пісілі зиялысымақтарымыздың ожарлығы мен қодарлығы қатты шошытады. Сонау Геродот, Стабон айтып кеткен апалас-төпелес, каннибалдық «далалық күрестерімізді» көргенде төбе шаштары тік тұрып, ұйқыларынан шошып оянады. Әйткенмен қазақ тілді мансапқор мен надандарды жек көреміз деп, оның арғы жағындағы бүкіл халықты тәрік етіп отыр. Ұлттың мынау тар жол, тайғақ кешуі тұсында үнсіз қалу - оған қарсы күресудің бір тәсілі.
Орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру үшін жанын жалдап жүргендері - номенклатураға іліккендері мен капитализмнің жас капитандары. Олар орыс тілінсіз өздерінің, қалды Қазақстан болашағын көз алдарына елестете алмайды. Номенклатура мен жас капиталистер бұл идеяны өз орындары мен ықпалдарын пайдаланып, кең де жарық кабинеттерде нықтап жатса, орыс баспасөзінде Нұрболат Масанов секілді нигилист мырзалар жанын салып, «біршымбайлық» танытуда. Бұл майданда, әрине, олардың сүйенгендері - «капитандардың» қалың қалтасы. Сөйтіп, аз қолға жиналған қазақтың байлық-шайлығы оның өзіне қарсы қызмет етуде. Оған көз жеткізгіңіз келсе көп қиналмаңыз: Алматының Абай даңғылына шығыңыз. Саптағы солдаттардай сіресіп тұрған шетел, орыс тіліндегі қызыл-жасыл жарнамалардан көзіңіз сүрінеді. Қалталы «господиндердің» Абай аталарының 150 жылдық мерейтойына «тарту-таралғыларының» сықпыты осы. Оның орнына Абай ғақлияларын іліп тастаса, бір ашылса аңқалақтап қалатын қазақ бұлардан айналып кетпес пе еді. Яғни, өзгеге құлдықты пір тұтқан жаңа ұрпақ өсіп үлгірді. Орыс тілді номенклатура, көзіне ұлт емес, доллар көрініп тұратын «капитандар» және шовинистер үшеуі бір майданға бірігіп, 19 облыстан тұратын Қазақстан Құрама Штаттарын құрғысы келеді. Амал не, тағдырдың тәлкегі осы: олар да оның ішінде біз жазған да барамыз, бәріміз де «кеңес» атты казармада өскен жетім ұрпақпыз. Хем, Э. Хемингуэй шалдың сән де ащы сөзімен айтсақ, «жоғалған ұрпақ» (потерянное поколение).
Олар бізді орыс тілі, тіні, мәдениеті мен өнері арқылы ұшпаққа шығармақ. Өскен елдің өнегесі біз үшін тәлім екені рас. Одан қашып отырған жоқпыз. Бірақ бұл - ұлттың ішкі дауы, өз ықтияры, дүмпуінің дегенімен біртіндеп, күндердің күнінде, замандардың заманында барып іске асатын шаруа. Орыс тіліне мемлекеттік мәртебені зорлықпен беріп, күшпен «екінші ана тілі» жасау арқылы ұлт тағдырын жойдасыз жолға салу онсыз да резервациядағы қазақтарды ашындырады - бір; екіншіден, бұл әдіс - кешегі коммунистік системаның қайғылы эксперименттерінің тікелей заңды жалғасы. Мұндай «миссияның» зардабы бәрімізге белгілі.
Ең жаманы - қазақ тіліңдегі номенклатура да сырттай: «Қазағым жасасын!» - десе, түптеп келгенде, ұлт қамын жеп отырған жоқ. Орысты түртпектесе, оларға сауатты да біз тілді, әділет тілегіш жергілікті орыс халқы емес, қашан тамағына пышақ тақағанша қыңқ демейтін момын қазақ оңаша жәукемдеуге керек. Осы мақаланы жазып отырғанда «Тотем» радио каналы Алматы облысы, Қаскелең ауданында көптеген медпункттер мен кітапханалардың, ұстаздардың қысқартылып кеткенін айтып жатты. Көрдіңіз бе, кіл халықтын ағзасының амандығы мен рухани мүлігін бағатын қасиетті орындар! Басқару аппаратынан бір де бір атқамінер «шығын» болмапты. Ал, үкімет оларға дәл сол масылдарды қу деген. Қандай да бір игі мақсаттарды жергілікті, өзіміздің номенклатура өстіп ит етеді. Нұрекең, Н. Назарбаевтың да маңайымда кадр жоқ деп жылайтыны сондықтан. Бізді соңғы жылдары нашар дамыған елдердің қатарына сүйреп әкелген кім десеңіз, ол - осы сірескен номенклатура армиясы, Абайды өткен ғасырда қатты ренжіткен, сасық Қарабай, би, болыстардың «немере, шеберелері».
Ғылым, ілім, әдебиет, өнер, басқару-жасқару құрылымдарыңда бірде бір номенклатурашы: «Мынау қызмет менің тақияма тар еді» деп еркімен тағынан түскен емес. Тек «атып» құлатқаннан кейін ғана жаман мысықтай баж ете қалады. Өте жаман симптом! Асылы, капитализмнің аяуды білмейтін өткір жарығы біз осы кімбіз, оны да ақыры барынша өлтіре көрсетті.
Қай қоғамның болсын, түптеп келгенде, тағдырын адам, қоғам мүшесінің сапасы шешкен. Екінші дүниежүзілік соғыстан өлімші болып, әрең шыққан Жапония астық, мал, пайдалы қазбадан ада болса да қазір әлем алдына шығып отыр. Неге? Олар ең алдымен сонау феодалдық заманнан жапондықтардың бойына сіңіп үлгірген синтолық ілімдей тәңіріне, еңбекқорлық, камикадзелік жанкештілік пен самурайлық тәртіптілігіне сүйенді, сол қасиеттерді өшірмеді, қайта пілтелей түсті. Оған қоғамдық негіз жасап, ұлттық валютаға айналдыра білді. Орасан зор ғылыми, интеллект күші бар Ресей де Шаталин, Явлинский, Гайдарларына сүйеніп, тығырықтан жол тауып үлгерді. Кешегі партия қызметкері Ельцинді президент Борис Николаевич Ельцин ғып, жасап отырған да осы жас қырандар. Мұны Борекеңнің өзі де нақ түсінгендей. Жуықта ол Нижний Новгородтың губернаторы, бар болғаны 33 жастағы Немцовты: «Ресейдің болашақ президенті сен боласын!» - деп арқасынан қақты. Өрімдей жас Кирсан Илюмжанов Қалмақияны тырп еткізбей бағып-қағып отыр. Бізде ұрпақ пен ұрпақ арасында мұндай түсіністік пен қамқор көңіл бар ма? Қайдам, біз көрмедік. Бұл жақсы қасиеттен зиялысы жұрдай болса, саясат, билік таласындай «мәдениетті қырғында» қайдан болсын. Бұл турасында біздің Елбасымыз да мықтап ойланғаны жөн. Семей уәлаятының 32 жасар Жақияновтың әкім болып тағайындалуын сол ойдың басы деп санаймыз.
Қазақ тілді зиялыларымыздың да оңып тұрғаны шамалы. Орыс тілді қандастарды қатарға шақырып, тізе қосып қимылдауға да болар еді, егер оған біз жарасақ... Тіпті сол «жарау»-ға арамызда құлық жоқ па деймін. Өйткені, әлгі бес қаруы сай өзге тілді қандастарымыздың қасында одағайлығымыз бен ожарлығымыз, ашқарақтығымыз бірден білініп жатыр. Ұлттың қан сорпа тұсында алдыға сол пысықайлар секіріп шықты, «ана батырға ескерткіш, мына биге мазар орнатамыз» деп, аты-жөні белгісіз біреулер халықты алдап, әртүрлі қор құрып, майрағай да тайрағай өмір кешуде. Аз шын зиялы тағы да кеш қалды. Барар Балқан тауымыз қай жерде, оны білмесе де, ұлт тізгінін қолынан өлсе де шығарғысы жоқ. Өйткені, ол өмір бойғы - ішіп-жемі.
Санға жүгінсек, ырғынбыз. Сапа жағын қойдық, Социология зиялылық үшінші ұрпақтан басталады дейді. Қайнар бұлағы тұнық, тәлім-тәрбиесі түзу болса... Біз болсақ, қанында ханзадалық пен бектік бар Мұхтар, Қаныш, Әлкей сынды біраз тұлғалардан асқаны - төңкеріске дейін оқыған-тоқығанымызды тып-типыл қырып салған бейбақпыз. А. Д. Лихачев, Л. Н. Гумилев жоқ бізде. Қалғанымыз - құл-құтанның балалары. Кеңестің көрінбейтін түрмесінде өскен көргенсіз, жарымаған ұрпақпыз. Біздің арамызда Патша лицейінде өскен дворян Пушкин де, князь Чаадаев та, ақсүйек Тургеневтің баламалары жоқ. Немесе кітапханаларынан Маркс, Энгельстің толық шығармаларын алып оқуға болатын патшалық Соғыс академиясынан білім алған сері де ізгі офицерлер қауымы маңдайға жазылмапты. Пәлсафшыларымыз шетінен коммунизмді кезінде «тыныш жатқан ұйқысынан түртіп оятып жіберген» гегель, кантшылдар. Әдебиетте күні кешеге дейін бай, феодал Едігемен алыстық. Ілкі сәт ояна бастағанымыз - осы соңғы қарын аша бастаған төрт-бесжылдың жүзі ғана. Бұл Аңдрей Платоновтың терең шұңқырынан («Котлован»-ды оқыңыз - авт.) тырмысып шыға бастағандар тек нақты ғылымның (точная наука) өкілдері ғана. Ал, әлгі кеңес тұсыңда өсіп-өрбіген гуманитаторларымыз өздері ғана ол қырсық шұңқырда отырып қалса бір сәрі, қолма-қол инкубатор жасап, дәл өздеріндей мыңдаған түк білместерді дайындап үлгірді. «Бахтин кім?» десең, быттиған мұрнын басып көрсететін дәлдүріштер «егемен ел болып», Жоғарғы аттестация комиссиясының тізгіні өз қолымызға тигесін құмырысқадай қаптады. Түп-түгел ғалым болып кете жаздадық. Қазір Ұлттық Академияға кірсеңіз, амандасуға аспирант таба алмай (бәрі де қорғап кеткен! - авт.) тек кандидат, докторлардың мәлике жүзін көріп, мүбәрәк қолын аласыз. Кеше хатшы-машинкеші еді, бүгін - кандидат! Ертең - мүйізі қарағайдай доктор! Бәрінің бастауында әйгілі «блат», тамыр-таныстық тұр. Жоғары Білім министрлігі көрші елдер әлдеқашан меңгерген тест әдісін биыл кіргізіп еді, қазекем оны да айналып өтудің жолын тауыпты. Тестің сұрақтары биыл кейбір абитуриенттердің қолынан емтиханнан бұрын табылып жүрді. Әйтпесе қабылдау комиссиясының қақпасын күзетіп тұрған адамның қолына «ұлттық банкнотты» қыстырады да, надан абитуриенттің орнына жетілген студент кіреді. Енді тек Шерлок Холмсті Англиядағы көрінен тұрғызып әкеп, күзеттіріп қоймасақ, басқа амал жоқ. Әй, ол Холмсыңыз да күні ертең теңге тілеп тұратын шығар - оны да үйретіп аламыз ғой! «Сырттай оқу» деген өтірік оқуды ойлап тауып, сессия сайын жебір оқытушылардың қалтасын қампайтып жүргеніміз анау. Ит жылы басталған осы «блаттың» бүгінгі нәтижесі көз алдымызда - шынымен надан ұлт болуға айналдық! Әдеби зерттеуде баяғы Мұхтар Мағауин ағамыздай жаңалық ашқан ғалымның атын соңғы кезде естісек құлағымыз керең болсын. Әдеби көкжиегімізден жаңа Мұқағали, Бердібек, Төлеген, Оралхан, Сағат, Асқарлар жоғалды. Баспасөзде бүгінгі күннің суретін салудың орнына, қайдағы бір емші, әулие, бақсы, кұшынаштардың ұпайын түгендеп, орыс журналистерінің мазағына қалып жүрміз. Ал, той-томалақ десе, елдің алдымен ентігіп жетеміз, ертеңінде ішкен-жегенімізді ертегі ғып жазамыз. Халық болса, аштықтың алдында. Қысқасы, рухани дүниеміз теңге сықылды жаппай инфляцияға ұшырады. Егер ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға айналмаса... Тәуелсіздігімізді де сата бастаған сияқтымыз. Басы бүтінімен сатып жібермесек...
Жалпы, диссертациялар қорғаудың фордтық конвейеріне жаңа көзқараспен қарайтын уақыт әлдеқашан жетті. Қазір ғой кейбіріміз: «Тәркілеу жылдарының Бейімбет Майлин шығармаларындағы бейнеленуі» деген сияқты «мәңгі өлмес» тақырыпта диссертация қорғап жібереміз де, күні ертең университетке барып, әдебиет тарихының кез-кезген буынынан сыпыртып лекция оқимыз. Біздей «білімділерге» Орхон-Енесай жазбалары, кеңес әдебиеті ме, бәрібір, «алыпта, шалыпта жығамыз». Қысқасы, ботқа! Ондай ботқа ұстаздар ботқа шәкірттерді тәрбиелеп жатыр. Бұл көп ботқа жиналып, күні ертең ботқа корреспондент мүшені, академикті сайлай салады. Өйткені, бұрынғы Одақтық қырағы бақылау, тексеру жоқ. Өзіміз би, өзіміз қожа болған соң баяғы кинорежиссер марқұм Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібекті» түсіріп жүріп, қашай салған кино таңбалы тасынан «әлемдік жаңалық ашып», масқара болған кезіміздей, кейбір кездерде ауадан академик жасап жүрміз. Бізден әлденеше көш озық, мәселен, Францияда білімді жазушылардың бәрі еш қорғаусыз-ақ Сорбонна, Нант секілді сайыпқыран университеттерде сабақ береді, бәрі де дағарадай профессор. Ұлт мақтанышына айналған ол академиктерге: «Диссертацияң қайда?» - десең, «Ол не?» - дер еді. Француздардың бүгінгі ой ағымына баға беріп, келешегін нұсқаған мақала, кітаптары бар ма, бітті - академик! Білімсіз екенсіз, студенттерге жақпайды екенсіз, он жерден академик болсаңыз да айтатыны: «Ары тұрыңыз!».
Ең жаманы - сақалды көрінген жерде сапситып, саудаға салатын болдық. Өлер алдында жиырмаға жуық ақын-жазушыға батасын беріп кеткен ұлы Мұқаңның қадірлі сақалы ұмыт. Біздің кейінгі қазақы сақал - кеңес заманында өскен, кеңес қайшысымен күзеліп, түзелген сақалдар. Колбиннің тұсында қырық түрленіп, құлпырған олардың біразы бүгінде: «Өкшемізді басып, жас толқын келе жатыр-ау, олардың халі мынау аумалы-төкпелі заманда не болады-ау? дегенді естен шығарған, ойлағандары - алып қалу, қарпып қалу. Әдебиетке алты жасар талант келсе, баяғыдай алпыс жасына қарамастан орнына тұрып, сәлем беру қайда, қазір: «Ой, міне біреу рұқсатсыз қайдан кіріп келді? Кәпірдің түрінің жаманы-ай!» деп, қарадай үркіп, көпе-көрнеу жасқаймыз. Қасымыздағы өз бала, інімізден қас іздеп тұрамыз. Оларға салсаң, қолға құман алып, иыққа сүлгі іліп, өмірбақи қызмет етіп тұруға тиістісің. Яғни, феодализм, кеңестік құлдықтың жалғасы. Қазақтың ақсақалы - оның зиялысы еді. Талантқа тармыз, халтурщикке кеңбіз. Жалпы, бір ұйықтасақ Алпамыстай қатты кететін халық екенбіз. Кеңестік летаргия әбден меңдеп алыпты. «Ұлт» деген кішкене ғана күркешік жасап алып, соның ішінде «сәби болғым келеді, сәби болғым» деп, әндетіп қойып, бесіктен беліміз шықпай жата бергіміз бар. Қарттарымызда қадір, жастарымызда жалын қалмай барады. «Әлем әдебиетінен асып бара жатырмыз, тоқтай тұрамыз ба, осы қалай?» деген анау жылғы есепсіз бөспелігіміз әншейін балалық екен. Оған дәлел - «Қайта-қайта қырылған қайран елім, қазағым!» деп зарлағанда әлемнің құлағын тұндырамыз, ал сол туралы «үстелге жазылған бірде бір шығарма қазақ әдебиетінен табылмады (аға ұрпақты айтып отырмыз - авт.). Қазір құлшына-құлшына жазатын үйреншікті кеңестік «жетістіктер мен табыстар» жоқ, Тарих таусылуға таяу, архив қазуға құйрық үшкір. Кемшілікті қаза жазуға жалған намыс жібермейді, оны көретін көкірек көзіміз әзірге соқыр, шеберлігіміз шамалы. Жаңа өскінді мына жынды базар табанының астына топырлатып салып, көз алдымызда аяусыз таптап жатыр. Жазушылар одағы күн көрісімен мұң. Қазандық басында шаң-шұң ұрыс шығарып, қатынбасшы атанып, бала-шаға алдында ұятқа қалдық. Халықтың қалтасына түсіп, алдыға келгенді арпадай асау «ұлттық» қасиетке айналды. Ішінара қанынан, туысынан жаралған зиялыларды тасқын судай коррупция, надандық шайып барады. Орта буын да бұл сырқатқа ұшырай бастаған. Басы мыжылып қалған біздің тұстастар арыстандай ақырып, атандай шақыра алатын емес. Тоқырау заманы өтіп кетті деп жүрсек, рухани тоқырау енді-енді басталған секілді. Джек Лондонның «Өмірге құштарлық» әңгімесіндегі кейіпкердей: «Қарнымыз қайтадан ашып қалмай ма?» дегенде үш буынның да қорқынышы сұмдық. Мұның бәрі елдің, ұлттың болашағына күмәнмен қараудан туыңдап жатыр. Яғни, елсүйермендік сезім аз деген сөз.
Қазақ зиялысына бас-көз бола ма деген қаламгерлер өстіп жерге қарап отыр. Шынымен әлгі «екінші сорт» деген деңгейге жылжып барамыз.
Өзгелер тапа-талтүстегі аталмыш талайсыздықтарымызды көрмей отырған жоқ, себебі біз 360°-тан бірдей байқалатын бас ұлтпыз.
Қысқасы, егемендік жылдары біздің рухани дүниеміздің қараша қос күйі желдің өті, жолдың шетінде тәлтіректеп тұрғанымызды мөр соққаңдай дәлелдеп берді. Қарадүрсін қазақтықтан сәл көтеріліп, өз-өзімізге әлем мәдениеті мен өркениеті биігінен баға беру біздің сор маңдайға жазыла ма, жоқ па?
Тоқ етері: бүгінгі қазақ зиялысы, тұтастай алғанда, қай зиялы десек, бірен-саранын есепке алмасақ, алтыбақан алауыз кеңістік зиялы мутант, дүрегей, қомағай «зиялы». Көбіміз Абайдың емес, оның ашынып айтқандарының төңірегінен табылып жүрген феодалдық кеңестік, мырқымбай зиялымыз.
Есімізден екі елі шығармайық, бас-басымызға би болып, бөліп алуымызға қазақ аздық етеді. Бүйте берсек мына апан дүниеге тастай батып, судай сіңеміз. Тәжікстан сондай оппада. Өткен ғасырда аюдай ақырған Ресейге 25 жыл бойы қарсы тұрып, ауызбірлігімен әлемді таңқалдырған шешендер де соған тақау. Егер бірлік, ежелгі түріктік, туысқандық қасиеттерімізді қайта тірілтпесек күніміз қараң. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп халық мұндай мисыздыққа баяғыда-ақ қысқа, қатал бағасын нақ берген.
Сонымен әпкем ешкі, жездем теке ме? Негізінен, зиялы - қазақ топырағынан бастап, әлем мәдениетін толық меңгерген, өз ұлтына жол сілтейтін, асып жатса, өзге ұлыстарға да үлгі болатын, қара халық пен болашақтағы аристократияны жалғастырушы алтын көпір тұлға. Орыс тілдіміздің басқа жарағы сай болса да, өз ұлтын білмейді. Қазақ тілдіміз өзін білсе де, өзгеден хабары аз. Екеуі де жарым жанды, жарты санды жартыкеш. Екеуінің де қарны аш. Сондықтан қомағай. «Біз бармыз деп» өзімізді-өзіміз алдамайық. Бар секілдіміз... «Секілді»-лерден тәлім-тәрбие алған қазақ баласы қазір көшеде сауда жасап, реті келсе кісі тонап жүр. Келешек - күңгірт. Қазанның қақпағындай диплом мен интеллектіні шатастырып алдық. Ұлтқа қарау үшін алдымен өзіңе қарау керек.
Тығырықтан шығатын жол бар ма?
Бұл екі сырқаттан аман, жаңа қазақ зиялысын әзірлейтін мемлекеттік бағдарлама керек. Әзірше оған мұрша жоқ - қалта таяз. Егер қой емес, ой бақсақ, болашақта нигилистер мен феодал-кеңестік төл зиялылар «тақтан таяды» да, оның орнында бұл «ғасыр шайқасынан» аман қалған ат төбеліндей аз интеллигент қалады. Жалғыз да қалмайды, оларға бұл күнде Президент стипендиясына, өз есебінен оқып жатқан тым орыстық, тым қазақылықтан дені сау жастар үсті-үстіне қосылады. Сөйтіп, екі топтың озығы мен «шетелдіктерден» жаңа үштік одақ - сапалы қазақ зиялысы қалыптасады. Оған дейін ұлт «сабыр түбі - сары алтын» деп, жылай-жылай тоса тұра ма деймін - бұдан да зорғысына шыдаған.
Ол көркем заманға дейін «піс, аузыма түс!» деп қарап отырамыз ба? Әрине, алдымен барлық буында жариялылық керек. Докторлық тек аса ірі, жаңалық ашқанда ғана берілуі қажет. Мүше-корреспондент, академик дегенде ұлт танып, тік тұрып мойындағандарды ақ шар, қара шар салып емес, ашық түрде бүкіл халықтың алдында үкілегеніміз жөн. Жұрт жылы қабылдаған зерттеу, сын кітаптарға диссертациясыз-ақ ғылыми атақ беріп, талантты қаламгерлерді университеттерге жаппай ұстаздыққа тарту қажет. Өз-өздерін танып жатса, доцент, профессорлықты неге аяймыз, әкемізден қалған атақ емес.
Бүгінгі 600 жазушының соңғы бір «0»-ін алып тастса, түгі кетпейді. Қазаққа осы әзірге жетеді. Қайта сапасы жақсарып, сұлулана түседі. Ол 60 кім, оны үш жүздің ең тәуір-тәуір қаламгерлері бас қосқан үлкен кеңес шешеді. Одақтан тек Әдеби қорды қалдырып, оған «пара» десе түсінен бақырып оянатын өте таза адамды, келесі күні ұрлық жасамасын десек, жалақысын көтере-көтере қою керек. Одақтың үйін тұтас, Шығармашылық үйді жарым-жартылай жалға беріп, әлгі алғыр 60 «Алпамысқа» күнкөрістік стипендия төлеген жөн. Анау батыр, мынау би атындағы қорлар жас ғалым, әдебиетшілерге, бір-бірден стипендия белгілесе, кәне! Жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық түрде емес, баспасөз бетінде атын атап, түсін түстеп тұрып...
Зиялылар партиясын (ол Түркияда бар - автор), одан қашсақ, Кеңесін құрайық. Ұлттық академия, Жазушылар Одағы, «Қазақ тілі» қоғамы аясында бола ма, бәрібір. Оған басшы бұрынғы кресло иесі емес, жігерлі, іскер жігіт, қызды сайлап жіберсек... Ол директивалық емес (шығармашылар әртүрі «басшылардан» өлесі болып шаршаған) ауық-ауық жиналып, ақылдасып-кеңесетін, бағыт белгілейтін жиын, клуб болса тіптен жақсы. Сыйлық, лауреаттық атақтар осылардың Бас жиналысында жылына бір реттеліп жатса... Мемлекеттік дәрежелерді де осы клуб шешсе... Оған Елағасы тек келіскендік райда қаржы жағынан қол қойса, өйткені, қаншалықты ғұлама болса да Президент ғылым, әдебиет, өнерді олардың өздерінен жақсы біледі дегенге ешкім де сенбейді. Парламент, үкіметке деген «тіленшіліктеріміз» де осы клуб, партия атынан Президент, премьер, Кеңес төрағасы кабинетінде айына бір рет айтылса. Қысқасы, оның девизі - қорқыту, үркіту, әкіреңдеу емес, қамқорлық, қамқорлық және қамқорлық!
Елуге келмей еңіреп, ақыл айту ұят-ты. Айтатын ақсақал болмаса, қайтейік.
«Қазақ альманағы» №2 2010 жыл