Қазақстан құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков Шотландияның «Хартс» клубының футболшысы а...
Астанада алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді
Астана әкімдігі
Қазақстан 2027 жылы өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатын ұйымдастыру құқығын ресми түрде қабылдап алды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туын салтанатты түрде табыстау рәсімі қазіргі таңда Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионаты барысында ұйымдастырылды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясына сілтеме жасап хабарлады.
Осылайша, Қазақстан әлемдік деңгейдегі ең беделді спорттық додалардың бірін өткізетін ел мәртебесіне ие болды. Әлем чемпионаты 2027 жылдың 22-30 мамыры аралығында Астанада ұйымдастырылады.

Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет үстел теннисінен әлемдік біріншілікті қабылдайтын ел болмақ. Бұл — аймақ тарихындағы маңызды оқиға. Мұндай ауқымды жарысты өткізу ұлттық спорттың дамуына тың серпін беріп, мемлекеттің халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
Байрақты бәсекеге спортшылар, бапкерлер, ұлттық федерациялар мүшелері, төрешілер мен халықаралық делегаттарды қоса есептегенде шамамен 1250 ресми өкіл келеді деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар чемпионат шетелдік жанкүйерлер мен елорда меймандарының санының артуына әсер етеді.
Жарыстар бес бағыт бойынша өтеді: ерлер және әйелдер арасындағы жекелей кездесулер, ерлер мен әйелдер жұптық сайыстары, сондай-ақ аралас жұптар арасындағы бәсеке.

Негізгі дода алаңы ретінде 8 мыңға жуық адам қабылдай алатын «Барыс Арена» мұз сарайы белгіленді. Ал қосымша алаң ретінде 6,8 мың көрерменге арналған QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешені қолданылады.
Чемпионат шеңберінде Астанада ITTF Summit 2027 жиыны да өтеді. Оның аясында Халықаралық үстел теннисі федерациясының жыл сайынғы Бас ассамблеясы (AGM) мен Атқару комитетінің отырыстары ұйымдастырылады.
«Астанада әлем чемпионатының өтуі — Қазақстанда үстел теннисінің қарқынды дамып, жаңа белеске көтерілгенінің дәлелі. Бұл бізге халықаралық дәрежедегі турнирді өткізіп қана қоймай, еліміздің әлемдік спорт сахнасындағы беделін күшейтуге мүмкіндік береді», — деді ұйымдастыру комитетінің өкілдері.
2027 жылғы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы шешім 2025 жылдың 27 мамырында Қатардың Доха қаласында өткен ITTF Бас ассамблеясында қабылданған еді. Турнирді өткізуге Қазақстанмен қатар Франция, АҚШ, Қытай және Бразилия да үміткер болған.

Қорытынды дауыс беру нәтижесінде Қазақстан 54,68 пайыз дауыс жинап, жеңімпаз атанды.
«Туды Қазақстанға табыстау — елге алдағы әлем чемпионатын өткізуге деген үлкен сенімнің белгісі. Біз Астананың ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып, әлемдік үстел теннисіне лайықты орталыққа айналатынына кәміл сенеміз», — деп мәлімдеді Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF).