Бокстан әлем чемпионатында Қазақстан 2-орын алды

ҰОК

СПОРТ
160

Қазақстан ұлттық құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен IBA нұсқасы бойынша бокстан әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз жалпы медальдық есепте басты бәсекелестері – Өзбекстан құрамасын артқа тастап, 2-орынға табан тіреді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Дүбірлі дода қорытындысы бойынша, Қазақстан қоржынына 6 медаль түсті: 3 алтын, 1 күміс және 2 қола. Бұл көрсеткіш құрамамыздың әлемдік аренадағы мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген спортшыларымыз:

  • Сәкен Бибосынов (54 келі) – қарсыластарын шақ келтірмей, чемпиондық атақты жеңіп алды;
  • Оразбек Асылқұлов (57 келі) – сенімді өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді;
  • Абылайхан Жүсіпов (71 келі) – өз салмағында үздік атанып, ел мерейін үстем етті.

Финалда сәл ғана сәтсіздікке ұшыраған Сабыржан Аққалықов (75 келі) күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола медальді місе тұтты.

Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми мәліметінше, жалпыкомандалық есепте көш басын 7 алтынмен Ресей құрамасы бастаса, үздік үштікті Өзбекстан түйіндеді. Көршілес елдің еншісінде 2 алтын, 4 күміс және 3 қола бар.

Айта кетейік, биылғы жүлде қоры да қомақты. Чемпиондарға 300 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, ал қола медаль иегерлеріне 75 мың доллардан беріледі. Тіпті ширек финалға дейін жеткен боксшылар да құралақан қалмай, 10 мың доллар көлемінде сыйақы алады.

Биылғы жағдайдың ерекшелігі – бокстан екі бірдей әлем чемпионатының өтуінде. Дубайдағы жарысқа ұлттық құрама көшбасшылары толық құрамда қатысқан жоқ. Себебі құраманың бір бөлігі, атап айтқанда Ливерпульде өткен World Boxing нұсқасы бойынша жарыста 4 алтын медаль жеңіп алған болатын.

Бұл жағдай Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен IBA арасындағы келіспеушіліктен туындап отыр. Қазір спортшыларға екі ұйымның да жарыстарына қатысуға тыйым салынбаған. Сондықтан жанкүйерлер бір жыл ішінде екі түрлі чемпиондарды көруге мәжбүр.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Австралияның Сидней қаласында белгісіз екі адам Бонди-бич жағажайындағы адамдарға оқ атты, деп хабар...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан құрамасы Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында 68 медаль...