Халықаралық қысқы спорт федерацияларының күнтізбесіне сәйкес, жыл сайын қазанның соңы мен қарашаның...
Жарақат, таңдау және тактика: Бас бапкер шақырту алған жаңа ойыншылар мен ойын жүйесі туралы айтты
Фото: MadeniPortal.kz коллажы
Қазақстан ұлттық құрамасының FIFA Series 2026 турнирі аясында Намибия құрамасына қарсы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер Талғат Байсуфинов жақында шақырту алған ойыншылардың қалай таңдалғанын және алдағы матчтағы ойын жүйесі туралы айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Бас бапкер Талғат Байсуфинов Дастан Сәтпаевтың орнына шақырту алған ойыншының қалай таңдалғанына тоқталып, орталық шабуылшы позициясына 50 ойыншы қарастырылғанын атап өтті.
"Орталық шабуылшы позициясына қарастырылған 50 ойыншының тізімінде Рамазан Каримов те, Оралхан Өміртаев та болды. Осы екі ойыншының арасында кім көп гол салды, кім көп уақыт матч өткізгеніне қарай Оралхан Өміртаев таңдалды".
Ұлттық құрамаға алғаш рет шақырту алып, алайда жарақатына байланысты тізімнен алынып тасталған Әділет Кеңесбек туралы да айтылды.
"Әділет Кеңесбек “Ордасыға” қарсы ойында ойында жарақат алды. Астанаға келген соң ойыншымызға МРТ жасап, жарақаты бар екені анықталды. Ұлттық құрамаға бірінші рет шақырту алып отырған соң, бұл жағдайға жігітіміз ашуланды. Орнына Дамир Маратты шақырдық. Ол Супер кубокта және Чемпионатта қосалқы құрамнан шыққанда өз ойынымен, креативімен жақсы ойын көрсетті. Сол үшін бұл позицияға Дамир Маратты шақырдық".
Сондай-ақ, бас бапкер алдағы матчтағы ойын жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, команда тактикасы тікелей қойылған мақсатқа байланысты құрылады.
“Егер ұтамыз десек, әрине шабуылда ойнаймыз. Артта неге отырамыз. Оның өзіне, жас ойыншылар “артта отырғанымыз жетер, біз алға кетеміз” дейді”, — деп әзіл аралас нақты жауап берді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы алдағы кездесуде белсенді, шабуылға бағытталған ойын үлгісін көрсетуге ниетті.
Айта кетейік, Намибия ұлттық футбол құрамасы Африка құрлығындағы орта деңгейлі командалардың бірі саналады. Команда CAF аймағында өнер көрсетеді және өз тарихында бірнеше рет Африка Ұлттар Кубогы финалдық кезеңіне қатысқан. Намибия құрамасы көбіне физикалық тұрғыдан мықты, қорғаныста тәртіпті ойынымен ерекшеленеді және қарсы шабуылға жылдам шығуға бейім.