Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов Коммерс қаласында (АҚШ, Калифорния) өткен бокс кешінде қарсыласын 4...
Ламин Ямаль «Алтын доптан» кейін жанкүйерлеріне тосын мәлімдеме жасады
Фото: әлеуметтік желіден
«Барселона» клубының 19 жастағы жұлдызы Ламин Ямаль 2026 жылғы «Алтын доп» жүлдесін жеңіп ала алмағаннан кейін алғаш рет пікір білдірді. Әлемнің үздік футболшысы атағына үміткер болған жас ойыншы үшінші орынға тұрақтағанымен, болашақта бұл марапатты иеленетініне сенімді екенін жеткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
26 қазанда Лондонда өткен «Алтын доп» марапаттау рәсімінде басты жүлдені «Бавария» мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн жеңіп алды. Екінші орынға мадридтік «Реалдың» жұлдызы Килиан Мбаппе жайғасса, Ламин Ямаль үздік үштікті түйіндеді.
Салтанатты рәсімнен бір күн өткен соң испаниялық футболшы Instagram парақшасында жазба жариялап, нәтижеге қатысты ойын бөлісті.
«Жақсы нәрселер уақытты талап етеді. Мен өзім таңдаған жолға сенемін. Асықпай, үлкен үмітпен және сабырмен өз уақытымның келетінін күтемін.
Жеңімпаздарды құттықтаймын. Қазір менің басты назарым ең маңызды нәрсеге – «Барселонаны» қайтадан жеңіс жолына шығаруға бағытталған», – деп жазды Ямаль.
Жас футболшының бұл мәлімдемесі жанкүйерлер арасында кеңінен талқыланды. Оның жазбасына командаластары мен жақындары қолдау білдіріп, алдағы уақытта «Алтын допты» жеңіп алатынына сенім білдірді.
Ламин Ямаль небәрі 19 жасында әлемдік футболдың ең беделді жеке марапатына үміткерлер қатарынан тұрақты орын алып үлгерді.
2025 жылы ол «Алтын доп» дауыс беруінде Усман Дембеледен кейін екінші орын алған болатын. Ал биыл үшінші орынға тұрақтады.
Дегенмен Ямаль Лондондағы марапаттау рәсімінен жүлдесіз қайтқан жоқ. Ол 21 жасқа дейінгі үздік футболшыға берілетін «Копа Трофи» сыйлығын үшінші жыл қатарынан жеңіп алды. Бұған дейін бұл марапатты 2024 және 2025 жылдары иеленген.
Ламин Ямаль 2007 жылғы 13 шілдеде Испанияның Эсплугес-де-Льобрегат қаласында дүниеге келген. Ол «Барселонаның» әйгілі «Ла Масия» академиясында тәрбиеленіп, жасөспірім кезінен-ақ ерекше талантымен көзге түсті.
2023 жылы небәрі 15 жасында «Барселонаның» негізгі құрамында дебют жасап, клуб тарихындағы ең жас ойыншылардың біріне айналды.
Кейін Испания құрамасының сапында да бірнеше жас рекордын жаңартты. 2024 жылғы Еуропа чемпионатында Испанияның жеңіске жетуіне елеулі үлес қосып, турнирдің үздік жас ойыншысы атанды.
Ал 2026 жылы Испания құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды. Клубтық деңгейде де табысты маусым өткізіп, «Барселонамен» Испания чемпионаты мен Суперкубогын жеңіп алды.
2025/26 жылғы маусымда Ямаль «Барселона» сапында 24 гол соғып, 18 нәтижелі пас берген. Бұл көрсеткіштер оның әлемдік футболдағы ең ықпалды жас ойыншылардың біріне айналғанын көрсетеді.
«Алтын доп» қорытындысынан кейін Ямальдың жазбасына «Барселонадағы» әріптестері пікір қалдырды.
Фермин Лопес жас жұлдыздың болашақта бұл марапатты бірнеше рет жеңіп алатынына сенім білдірсе, Рональд Араухо да оған қолдау көрсетті.
Қызығы, Ямаль «Копа Трофи» жүлдесін алған кезде де өзінің командаласы Пау Кубарсиді ерекше атап өтіп, оның бұл марапатқа лайық екенін айтқан.