«Неге мен?»: Кварацхелия «Барселонамен» матчтан кейін жазба жариялады

Фото: әлеуметтік желіден

СПОРТ
108

Франциялық «Пари Сен-Жермен» клубының шабуылшысы Хвича Кварацхелия «Барселонаға» қарсы Чемпиондар лигасының матчында ауыр жарақат алып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Грузиялық футболшы басынан өткен жағдайды қабылдау қиын екенін айтып, жанкүйерлеріне алаңға бұрынғыдан да мықты болып оралуға уәде берді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Кварацхелия Instagram парақшасында әр матч алдында алаңнан жарақатсыз оралуды тілейтінін жеткізген. Алайда бұл жолы оның тілегі орындалмады.

«Көп уақыт өткен жоқ, бірақ бір сұрақ ойымнан кетпей тұр: неге мен? Мен бұл матчқа бұрын-соңды болмағандай жақсы дайындалған шығармын. Барлығына дайынмын деп ойладым, бірақ бұған емес», – деп жазды футболшы.

Ол бұл жағдайды қабылдауға тырысып жатқанын және алдағы айларда ауырсыну мен көз жасына қарамастан, қалпына келу үшін бар күшін салатынын айтты.

«Мен жақындарым үшін бұрынғыдан да мықты болып оралуым керек екенін білемін. Сендердің көңілдеріңді қалдырмаймын. Бір сәтті де босқа өткізбейтініме уәде беремін. Қолдауларың үшін рақмет, жақында кездескенше!» – деді Кварацхелия. 

«ПСЖ» клубының ресми мәліметінше, Кварацхелия «Барселонамен» кездесуде оң тізесінің алдыңғы айқас байламын жыртып алған. Футболшы алдағы күндері ота жасатуы керек. Оның алаңға нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз.

Париждік клуб бұл кездесуде қарсыласын 4:2 есебімен жеңгенімен, бірден бірнеше ойыншысынан айырылды. Кварацхелиядан бөлек, Усман Дембеле мен Маркиньос та жарақат алды. Клуб олардың алдағы бірнеше аптада ем қабылдайтынын хабарлады. 

Хвича Кварацхелия — Грузия құрамасының капитаны әрі шабуылшысы. Ол 2001 жылғы 12 ақпанда Тбилисиде дүниеге келген. Футболшы кәсіби мансабында Грузия, Ресей және Италия чемпионаттарында өнер көрсеткен.

Кварацхелия 2022 жылы италиялық «Наполи» клубына ауысып, командамен бірге Италия чемпионатын жеңіп алды. Ол Серия А-дағы алғашқы маусымында-ақ жарқын ойынымен көзге түсіп, чемпионаттың үздік ойыншыларының біріне айналды.

2025 жылдың қаңтарында грузиялық футболшы «Пари Сен-Жермен» сапына қосылды. Ол клуб тарихындағы алғашқы грузиялық ойыншы атанып, жетінші нөмірлі жейдені таңдады.

2025/2026 жылғы маусымда Кварацхелия Чемпиондар лигасында 10 гол соғып, алты нәтижелі пас берді. Оның өнері жоғары бағаланып, турнирдің үздік ойыншысы атанды.

Кварацхелияның жарақаты «ПСЖ» үшін үлкен жоғалту болуы мүмкін. Енді футболшыны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Оның алаңға оралу мерзімі операциядан кейінгі жағдайына және дәрігерлердің қорытындысына байланысты болады. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің о...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысының Іле ауданында 62 жастағы ер адам тереңдігі төрт метр болатын ашық құдыққа құлап кет...