Париж Олимпиадасында қола жүлде иеленген қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа мерзімінен бұрын "...
Қазақстан Азиадада тарихи медаль жеңіп алды: қоржында 48 жүлде
ҰОК
29 қыркүйекте Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпы жүлде санын 48-ге жеткізді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы ҰОК жазды. Қазақстан қоржынына күміс медальді жеңіл атлет Кристина Овчинникова салды. Биіктікке секіру финалында ол 1,87 метр нәтижемен екінші орын иеленді. Ал 1,90 метр биіктікті бағындырған Өзбекстан өкілі Барнохон Сайфуллаева чемпион атанды.
Кураштан 87 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Арайлым Шегенова қола жүлдеге ие болды. Ол финалға шығу үшін өткен белдесуде Оңтүстік Корея спортшысы Ким Мин Ёнға есе жіберді.
Қазақстан ерлер құрамасы стенд атудан командалық трап сайысында да қола медаль жеңіп алды. Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов 348 ұпай жинады. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарында ерлер арасындағы командалық траптан жеңіп алған алғашқы медалі. Кувейт 355 ұпаймен алтын, Қатар 349 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.
Бокстан 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай финалға жолдама алды. Ол жартылай финалда Үндістан өкілі Нарендерді жеңді. Қазақстандық боксшы 2 қазанда Азия ойындарының алтын медалі үшін жұдырықтасады.
Ауыр атлет Любовь Ковальчук жүлдеге бір қадам жетпей, төртінші орын алды. Ол жұлқа көтеруде 115 келіні, серпе көтеруде 152 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысында 267 келі жинады. Ал Айғаным Жанболат 86 келіге дейінгі салмақта 232 келі нәтижемен жетінші болды.
Командалық спорт түрлерінде де қазақстандықтар сәтті өнер көрсетті. Су добынан ерлер құрамасы ширек финалда Оңтүстік Кореяны 18:14 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңді.
Велотректен Қазақстан құрамасы командалық із кесу жарысының В финалына өтті. 30 қыркүйекте қазақстандық велошабандоздар қола медаль үшін Оңтүстік Корея құрамасымен сынға түседі.
Оныншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 48 медаль – 9 алтын, 14 күміс және 25 қола бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орында тұр.