ҚФФ ірі таңдау жасады: Қазақстан құрамасын атақты нидерланд маманы жаттықтырады

ҚФФ

СПОРТ
93

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Нидерландтың танымал маманы Джон ван ’т Схиппен ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне қатысты келісімге келді. Оның тағайындалуы ҚФФ Атқарушы комитетінің келісімінен кейін ресми түрде рәсімделіп, тараптар еңбек шартына қол қояды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Джон ван ’т Схип ойыншы ретінде Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд құрамасының сапында 1988 жылғы Еуропа чемпионы атанған.

Бапкерлік мансабында «Аякс», «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» клубтарын жаттықтырды. 2016 жылы «Мельбурн Сити» командасымен бірге Аустралия кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарған.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлер штабы жасақталды. Бас бапкердің көмекшілері болып Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов тағайындалды. Қақпашылармен Юрий Новиков, дене даярлығына Вадим Боровский, ал талдаушы бапкер ретінде Тимур Құсайынов жұмыс істейді.