Армрестлинг чемпионы әскерге аттанды

Сурет автордан

Сұхбат
116

Қол күрес сайысы халықаралық деңгейде армрестлинг деген атаумен өткізіледі. Елімізде спорттың бұл түріне деген қызығушылық Кеңес дәуірінде оянған. Алайда ел тәуелсіздігін алғаннан кейін өз алдына бөлек дами бастады. Қазақстанның армрестлинг федерациясы құрылды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі бұлшық еті бұлаудай кіл мықты Қазақстаннан келген қай спортшымен болса да санаспай тұра алмайды. Сондай азаматтардың бірі – Рамиль Ділмұратұлы Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүр. Ол армрестлингтен екі рет әлем чемпионатының күмісін иеленген.

Армрестлингтен әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы және Азия кубогының иегері қатардағы Рамиль Османов қазіргі уақытта 5513 әскери бөлімінің 1 атқыштар ротасы 4 взводы 3 бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр.  

Кейіпкеріміздің кіндік қаны тамған жер – Алматы облысының Шонжы ауылы. Бұл мекен Ұйғыр ауданына қарайды. Жиырма жастағы Рамильдің де ұлты – ұйғыр. Бірақ қазақ жерінде туып-өскен ол қазақ тілінде сөйлеп, қазақ халқына қызмет етіп жүр.  Ол мектеп бітірген соң екі жыл жұмыс істеп көреді. Бірақ әскерге бару керек деген талап, оның жоспардан ауытқуына себепші болды. Тіпті ол әскерге келу арқылы кезекті әлем чемпионатына бара алмай қалған көрінеді.

11 жасымнан бастап қол күреске әуес болдым. Өзге балаларға еріп, спорт мектебіне барып тұрдым. Сөйтіп жүргенде армрестлингті үйреніп алдым. Тыңғылықты дайындықтарымның арқасында Румыния елінде өткен армрестлингтен 65 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионатының екі рет күміс жүлдегері (оң қол және сол қол бойынша) атандым. Қырғыз Республикасында болған Азия чемпионатында күміс иелендім. Әр жылдары ересектер арасында және әртүрлі салмақта Қазақстанның үш дүркін чемпионы атану бақыты бұйырды. 2021 жылы Азия кубогын еншіледім. Бұл кездері 70-75 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен едім. Бүгінге дейінгі соңғы қатысқан жарыста 85 келі салмақта бақ сынадым. Мұның бәрі бапкерлік етіп, ақыл-кеңесін аямайтын Нұржан Ахоновтың еңбегі. Ол кісі де Қазақстан чемпионы болған, – деді қатардағы жауынгер.

Оның айтуынша, бұл спортта адам өзіне сенімді болуы керек. Әр спорттың қауіпті тұсы бары рас. Мұнда да қолдың сынуы, бұлшық еттің жыртылуы секілді жарақат алуыңыз мүмкін. Мәселен, Рамиль бір мәрте осындай себеппен Қазақстан чемпионатының іріктеуіне қатыса алмаған.

- Дегенмен әлем чемпионатына баратын лицензия қолымда болды. Соған дайындалып жүргенімде ойда жоқ жерден әскерге келіп қалдым. Мен әскери форма кигеннен кейін ғана бапкерлерім мен дос-жаран мән-жайдан хабардар болды. Бірақ қызметім аяқталған соң, салмағымды реттеп, қол күресті қайтадан қолға аламын, – деді әлем чемпионатының жүлдегері.

Кейде әскерге келген сарбаздар темірдей тәртіп пен тұрақты режимге көшкен соң өмірлік көзқарастарын өзгерте бастайды. Мұндай өзгеріс біздің кейіпкеріміздің бойында да бар екен.

- Бұрын әскери салаға қатты қызығушылығым болмаған. Ал мерзімді қызметтен соң «Бүркіт» арнайы жасағында қызмет етуді ойлап отырмын. Өйткені олардың жауынгерлік дайындықтары маған ұнайды. Бұдан бөлек спортты да қатар алып жүрсем деймін. Алдағыны уақыт көрсетеді, – деді ол.

Қатардағы Рамиль Османов жауынгерлерге арналған оқу курсын аяқтаған. Осыдан кейін оған солтталғандардың түзеу мекемесінен қашып кетпеуін қадағалау тапсырылған. Ол 19 жасында түрмеден қашқан 21 сотталушыға жалғыз өзі төтеп берген ұландық Ербол Отарбаевты үлгі тұтады. Қазіргі уақытта соған ұқсап қарауыл қызметін атқарып жүр.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...