Байлардың ұстанымдары қандай?

ТАНЫМ
4068

Қазір екінің бірі банктен кредит алуға құмар болып алған. Иә, ешкім жетіскеннен қарыз қамытын кимейді. Десе де алған ақшаңыздың пайызын төлеймін деп жүріп, жақын арада дәулеттілердің қатарына қосылмайтыныңызды ұмытпағаныңыз жөн. Егер бай адамдардың жүріп өткен жолына назар салсақ, олар әу баста өмірге басқаша көзқараспен қарағанын байқауға болады. Мүмкін, сондықтан да олар бай болған шығар?

Бүгін біз бай адамдар ұстанатын 9 ережені назарларыңызға ұсынамыз. Мүмкін ол сіздің бір қажетіңізге жарап қалар.

1. Олар қолданылған тауарларды сатып алады

Олар қымбат заттар сатып алып, бос даңғазалыққа бой алдырмайды. Дәулетті адамдар үшін киім, жиһаз, автокөлік секілді қолданылған заттарды сатып алудың еш сөкеттігі жоқ. Егер жаңа заттан айырмасы болмаса, артық төлеп не керек? Олар үнемделген тиын-тебенді анағұрлым маңызды нәрсеге жұмсағанды артық көреді.

2. Олар қолжетімді затты сатып алады

Бай адамдар қалтасы көтеретін затты сатып алуды ойлап тұрады. Ай сайынғы табысын ұстап қалатын кредитке ұрынбайды. Олар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратын көпжылдық «бас ауру» еш жақсылық әкелмейтінін жақсы біледі.

3. Олар сапалы заттарды сатып алады

Біз ақша үнемдеу мақсатында арзан тауарларды сатып алып, өзімізді жиі алдап жатамыз. Мысал келтіріп көрейік, сіздің 20 мың теңгеге аяқ киім сатып алуға шамаңыз келеді дейік, бірақ сапасы нашарлау 6 мыңның аяқ киімін көріп тұрсыз. Арзан аяқ киімді сатып алсаңыз, артық ақшаны үнемдейтініңізге көзіңіз жетеді. Бірақ ол тез тозады да, сол жерге қайта келесіз. Кім кімді алдады? Бай адамдар жалған үнемнің құрығына түспейді.

4. Олар күтуге дайын

Психологтар қызықты эксперимент жасап көрді. Қазір біз келтіретін мысалдан байлардың ойлау жүйесін тереңірек түсінесіз.

Бір топ адамға 2 нұсқа ұсынылды: біріншісі – дәл қазір 5 доллар беріледі, екіншісі – 10 доллар беріледі, бірақ біраз уақыттан кейін. Бір қызығы, адамдардың көбісі 1-ші нұсқаны таңдады. Тек бір-екі адам алғашқы нұсқаны тиімді көрді. Осылайша, бай адамдар үздік ұсыныстарды күтуге дайын, олар ақша салған соң, біраз уақыттан кейін нәтижеге жетеді.

5. Олар зейнеткерлікке шықпайды

Бай адамдар да демалады, олар зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін көп уақыт жұмыс істемесе де болады. Бірақ осы межеге жеткенде, жұмысты тоқтатпайды. Оның үстіне еңбек етіп үйренген адамға бос отыру азаптың азабы.

6. Олар үнемшіл

Күн сайын маркетологтар бізді қай-қайдағы заттарды сатып алуға «мәжбүрлейді». Кейде не сатып алғанымызды өзіміз түсінбей жатамыз. Шын мәнінде ол біздің таңдауымыз емес, әлем-жәлем жарнаманың әсері. Бай адамдар маркетологтардың құрығына ілінбейді. Олар өздеріне шын қажеттіні ғана сатып алады.

7. Олар жеңілдіктерді пайдаланады

Бай адамдар акциялар, жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстарды қарауға ерінбейді. Үнемдеуге мүмкіндік болып тұрса, артық төлеудің қажеті қанша?

8. Олар бюджетті жоспарлайды

Бай адамдардың барлығы өз қаржысын жоспарлайды. Кіріс пен шығысты бақылап, салымның пайызын, бонустар мен сыйлықтарды есепке алады. Басқаша айтқанда, әрбір тиынды санайды. Мұнда өзіңе өзің адал болу маңызды және барлық шығынды есептеуді «ұмытпау» керек.

9. Олар бай көрінбейді

Бай адамдарға дәулетті екенін көрсетудің қажеті жоқ. Олар өзін-өзі баламалы түрде бағалайды және қарапайым адам сияқты көрінеді.

Ең бастысы, бай адамдар байлықты жақсы өмір сүру үшін жинайды. Олар ешкімге ешнәрсені дәлелдемейді, жай ғана өзін қоршаған әлемнен ләззат алады!

 

Дайындаған Жақсылық НҰРМАН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...