Әркімнің өмірден алатын ырзық-несібесі болады. Ақындық – Алла тағала мен табиғаттың бірен-сара...
Мартин Хайдеггер философиясына жалпы шолу
Мартин Хайдеггер ХХ ғасырдағы аса беделді философтардың бірі есептеледі. Тіпті оның онтологиялық талдаулары оны экзистенциялизмні маңызды жаратушыларының біріне айналдырды. Мұнымен қоса, Хайдеггердің ой-толғаныстары көптеген философтарға ықпал етті. Мысалы Сартрдың өзі оның көптеген идеяларын тіке қабылдаған болатын. Оның кітаптары Германияда, Францияда, Жапонияда кең талқыланды. 70 жылдардың өзінде Солтүстік Америка құрлығында оның ілесушілері көп болды.
Ол заманауи һәм танымал шындық, құндылық секілді ұғымдардан ашық түрде бас тартты. Ол өз идеялар жүйесін этикалық тұрғыдан тануға қарсы болды. Осы секілді жағдайлар ол туралы көптеген қате түсініктер туғызды. Әсіресе оның саяси ұстанымы мен жеке әрекеттері қоғамның, оқымыстылардың сын садағына көп ілікті.
Хайдеггердің ойынша, философияның ең басты мәселесі болмысты түсіну. Егер грек антикасы заманында философтар болмысқа жақындау болса, кейінгі замандарда одан ауытқып, мүлде басқа жаққа, жасанды философиялық жүйелер жасау жағына кетіп қалған. Ал философтың бір-ақ қана міндеті бар, ол болмысқа құлақ түру. Болмыс деген сөз болу етістігінен шыққан. Грек философиясына зер сала үңілген Хайдеггер «Дүние неге жоқ емес, бар?» деген сауалдан бастайды. Сөйтіп ол шынайы дүниенің қасиеті жоқ болу емес, бар болу деген түйінге келеді. Алайда бар болудың да түрлі түрлері бар ғой, мақұлық түрі, адамдық түрі, данышпандық үлгілері. Осыған қарап неміс философы бар болу аз дейді, әрбір бар нәрсенің өзінің болмысы болуға тиіс, ол адамның бар тірлігіне мән беретін нәрсе, сөйтіп ол тірлікті бар болу және мәнісі, болмысы бар бар болуға бөледі. Орысша айтқанда, бытие и сущее. Бұлар бір біріне қосылмайды дейді Хайдеггер. Тек хайуанның болмысы ғана жәй барболушылықпен шектеледі, ал адам мән іздеуші, болмысқа көтерілуші тұлға. Өйткені оның өмірі өлімге аяқ басқан өмір, немесе оның өмірі өлімге дайындық. Ал бұл адамды қамсыздықты қойып, қамдануға жетелейді.
Осылайша Хайдеггер философияны аспаннан жерге түсіріп, ол тек адамның өмір сүруіне, сол сүрген өмірін өзінің жеке санасымен сезінуіне байланысты дейді. Демек, Гегельдің пайымындағыдай ешқандай Абсолютті Рух жоқ, тек қана болмыстың мәнін түрлі түсінуші жеке адамның жеке санасы бар. Міне, осы жеке адамды Хайдеггер мындағы болмыс дейді. Осылай айтқанда ол бір жағынан болмысты жекелесе, екінші жағынан, жеке адамды жалпы болмысқа, космологияға сіңіріп жібергендей. Бұл тұрғыдан да ол біздің дала ойшылдарымызға жақын. Мысалы, Қорқыт туралы аңызды алсақ, ол Хайдеггердің ойларына тура иллюстрация сияқты. Аңыз бойынша, Қорқыт біраз жыл қамсыз жүреді, тек 40-қа толғасын ғана оған Әзірейлі келіп, оның жақында өлетінін айтады. Содан Қорқыт қамдана бастайды. Дүниенің төрт бұрышына қашады. Бірақ қайда барса да оны Қорқыттың көрі күтіп тұрады. Бұл Хайдеггердің адамның өмірі өлімге дайындық деген қағидасына келеді. Осындай қамсыздануы арқасында Қорқыт, адамның тек рухы ғана мәңгі екенін түсініп, қобызды ойлап табады. Ал қобыз деген өнер ғой, поэзия ғой. Бұл тұрғыда да екі ойшыл бірінің сөзін бірі сөйлегендей. Өйткені Хайдеггер кей тұрғыда поэзияны философиядан биік санаған. Себебі, ақынға болмысқа құлақ түру үшін, философиялық система жасаудың қажеті жоқ, не сезсе, соны жаза салады. Сосын философтар тіл жәй ғана инструмент, мен оны пайдаланам деп ойлайды, ал ақын өз-өзін тіл құралы ретінде сезінуге тиіс Хайдеггердің ойынша.
Неміс ойшылының тіл туралы ілімі мүлде бөлек. Хайдеггер тілді лингвистикалық немесе тарихи құрылым деп ұғынбайды; оның ойынша тіл онтологиялық статусқа ие, демек, ол өзі жатқан бір болмыс, өйткені тіл болмыспен тығыз байланыста, сөз о бастан болмысқа тән нәрсе. Болмыс тек тілдің ғана тұзағына түседі, болмаса оны ұстау, немесе елестету мүлде мүмкін емес, ол тек тіл арқылы ғана көрініс береді. Міне, сондықтан ғана Хайдеггер тілді болмыстың үйі дейді. Тіл болмыс өзін қауіпсіздікте сезінетін кеңістік, тіл ең жақын арадағы нәрсе. Ол өз-өзін басқаратын нәрсе. Тіл субъект - объектке бөлінген адам орнатқан заңдылық емес. Тіл өзіндік әлемі бар дербес күш, адам тілде сөйлемейді, тілдің өзі сөйлейді.
Философия өз негізінде үш мәселені қамтиды. Олар: Онтология (өмір сүру, тұрмыстық жағдай), Гносеология (таным туралы ілім), Логика (ойлау жүйесі туралы ілім).
Онтология дегеніміз – болмыс туралы ілім. Бұл туралы түрлі пікірлер мен ойлар, анықтамалар бар. Болмыс - тарихи қалыптасқан терең мағыналы, кең ауқымды философиялық ұғым. Адамдар арасындағы қатынаста «болмыс» термині үш мағынада қолданылады. Болмыс, кең мағынасында, объективтік шындық. Болмыс - қоғам мен адамдар өміріндегі материалдық және рухани дүниенің қорытындысы. Болмыс - «өмір сүру» сөзінің синонимі. Жай күнделікті әңгімедегi «болу», терминіне сәйкес келеді.
Философияда «болмыс» терминіне ерекше мән беріліп, ол онтология категориясы болып қалыптасады. Бұл философияның адамның өмір сүруін қамтамасыз ететін нақты шындық туралы бөлімінде айтылады. Адам, индивид ретінде, жеке тіршілік иесі ретінде әрекеттенеді. Оған: тұратын жері немесе тұратын үй-жайы; рухани атмосфера, психологиялық күйі, ерекшелігі; істейтін ісі немесе жұмысы, қызметі, т.б. әсер етеді. Болу - өмір сүру. Адам өмірі бәріне де тәуелді: уақыт пен кеңістікке, материалдық өндіріске, генетикасы мен әлеуметтік ортасына, т. б.
Болудың мазмұны абстрактылық: 1. психикалық климат; 2. әлеуметтік-материалдық қатынас; 3. адамдардың санасы, ақыл-ойы, көңіл-күйі, ішкі сезімі - осылар адамдардың өмір сүру ортасын құрайды, бәрі де болмыс. Антика заманында алғашқы рет «болмыс» деген терминді философ Парменид (Эгей қаласынан) енгiздi. Парменидтің пікірінше, болмыс дегеніміз–Шар немесе Сфера секілді шекарасы жоқ, бос кеңістік. (Болмысты сферамен ұқсастырудың себебі, антикалық замандағы Сфера ұғымы - өте әдемі, мүлтіксіз, геометриялық фигура болып есептелінген). Болмыс субъективтік ақыл-ой емес, әлемдік ақыл-ой - логос ретінде, адамға тікелей әлемнің жасырын сырын ашады, яғни ақиқат болады. Болмыс сезімнің арғы жағындағы құбылыс, ой. Ол бірлік, өзгермейтін абсолют, өзінің негізінде субъект және объектіге бөлінбейді. Бұл мүлтіксіз ортадағы ақиқат-жақсылық, игілік және жарық. Ол пайда болмайтын, жоғалмайтын, қозғалмайтын, жалғыз, уақыты бойынша шексіз болады. Болмысқа ештеңенің қажеті жоқ, сезімдік сападан айырылған, сондықтан тек ақыл-оймен игеруге болады. «Болмыс - бар, биболмыс - жоқ» - деді Парменид.
Платон өзiнiң көптеген iзбасарлары секiлдi болмыс пен биболмыс мәселесiн шешуге ұмтылады. Ол бойынша болмыс – бұл идеялар (эйдостар), ал биболмыс – материя. Болмыс – эйдос: идеалдық санадағы объект, таза мән, ол материалдық заттарға қатысты төрт қызмет атқарады: заттарға себеп, үлгi, түсiнiк және мақсат болады. Платон бiздiң кәдiмгi түсiнiгiмiзге қарамай, неге болмысты идея деп, ал биболмысты–материя деп санайды. Материалдық заттардың бүлiнуi мен жойылуы мүмкiн, ал идеяға (эйдос) еш уақытта зақым келмейдi. Материалдық заттар кейде iрi немесе кiшкене, жаман немесе жақсы болуы мүмкiн, ал идеялар болса керiсiнше – азаймайды әрі көбеймейдi, жақсармайды және нашарланбайды, өзiнiң толық жағдайында өмiр сүредi. Идея мәңгi, тұрақты, өзгермейтiн бiрлiкте, т.б. Бұл Парменидтiң болмысқа берген сипаттамаларына сәйкес, ол - әлемнiң негiзi, бiр абсолют. Ол – абсолют, дүниенің бастамасы.
Болмыс мәселесiн шешуде Аристотель төрт бастамалық себеп туралы iлiмдi жасады:
а) форма - заттың мәнi, оның құрылымы және түсiнiгiмен байланысты;
ә) материя–барлық заттарды құрайтын бастапқы субстанция және материя мәңгi, бiрақ әрекетсiз ( тек зат болуға мүмкiндiгi бар субстарт), бұл материализмге жақындататын дуалистiк оқуға ұқсас;
б) бастапқы қозғаушы күш – форманың бiр сипаты, форманың материямен қосылу сәтіндегі белсенділіктің болуы,
в) мақсаттылық – бұл форманың бiр сипаты, ана немесе мына заттың «не үшiн», өмiр сүруiне байланысты анықталады.
Аристотель өзiнiң төрт алғашқы себеп тұжырымдамасында болмыстың жоғарғы сатысы ретiнде абсолюттiк ақыл iлiмiн қойды. Шын мәнiнде – бұл құдайлық бастама, ол «өз-өзiн ойлайтын Ақыл» ең жетiлген философ. Ақыл – «барлық форманың формасы» болмыс туралы шегiне жеткен түсiнiк, «алғашқы қозғаушы күш» ретiнде - бәрiн қозғайды, ал өзi болса қозғалмайды, мақсаттылық ретiнде–жалпы мақсат көзi, барлық заттар ұмтылатын жоғарғы игiлiк.
Орта ғасырлық философияда шынайы болмыс Құдай деп саналды. Әлем мен Адам Құдайға қарағанда екінші, оның туындысы. Адам Құдайға ұқсас. Сондықтан ол өзіне болмыстың бір бөлігін алады.
Қайта өрлеу дәуірінде болмыс ең алдымен материалдық табиғат болмысымен ара қатынаста болады. Осы кезде болмыста табиғат пен Құдай теңестіріледі, осыдан пантеистік көзқарас пайда болады. Жаңа Заман философиясында болмыс субстанциямен теңестіріледі. Декарт екі субстанцияны - материалдық және руханиды көрсетті. Олар бір-бірімен тең және тәуелсіз. Бірақ болмыстың өлшемі ойлау деді. Спиноза өзінің пантеистік сипатындағы философиясында Құдай, табиғат, субстанцияны теңестірді. Субстанцияны (causa sui) өзіндік себеп ретінде түсіндіреді.
Гегель мен Гераклит секілді ойшылдар өтпелі ауыспалы заттар болмысының диалектикасын ашып берген болатын. Гегель қалыптасу процесін сараптай отырып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыстың жоғалуы деп көрсеткен.
Философиядағы дәстүрлі болмыстың түрлері қалай бөлінеді. Олар қазіргі философия мен ғылымда қалай сипатталады? Болмыс түрлерінен «болмыс» категориясына материалистік, идеалистік, иррационалдық мән берілгені анықталады. Әдетте оларды талдау мақсатында бірнеше түрлерге бөледі, яғни «нақты» өзіндік «қабаттың» ерекше өмір сүруін ескереді.
1. Табиғат болмысы (материалдық құбылыстардың, заттардың процестері).
2. Әлеуметтік болмыс (тұтас қоғамдық болмыс және жеке топтардың, адамның болмысы).
3. Рухани болмыс: 1. субъективтік - жеке адам өмірінен бөліп алуға болмайтын болмысты, дербестенген дейміз; 2. объективтік - адамнан тыс өмір сүретін жасанды болмысты объективтендірілген дейміз. Болмыстың түрлерін тек тану мақсатында, талдауға оңтайлы болу үшін жіктейді. Олар тек абстракцияда, теорияда дербес болады, нақты жағдайда бір-бірінен бөлінбейді. Адам болмысы табиғи болмыспен де, рухани болмыспен де өзара қиылысады.
ХХ ғасыр философиясы мен ғылымы дәстүрлі сипаттамаға, негізгі болмыс түрлерін төмендегі жаңалықтар арқылы көрсетіледі.
Табиғат болмысы
Қазіргі замандағы дүниеге көзқарас үш негізгі табиғат сипаттамасына сүйенеді: жүйелік, әмбебаптық эволюционизм, өзінен-өзі ұйымдасуы. Табиғат болмысы бүгінгі философиялық ойлауда табиғаттағы жеке заттарды, субстраттарды емес, жүйелердің мәні, элементтерінің өзара әрекеті - тәсілдері талданады, яғни құрылымын зерттейді. Әлемнің «архитектурасын» бастапқы материал емес, жүйелік-құрылымдық ұйымдасуы анықтайды деп санайды. Атап, айтқанда, бұл - әлемнің, оның бірлігін және тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Табиғат болмысының қазіргі кездегі маңызды сипаттамасы, оның эволюциялық мүмкіндігінің мойындалуы. Ғылымдағы барлық белгілі табиғи жүйелер (ХІХ ғ, тек қана тіршілік иелері деп санаған) өзінің нәтижесінде эволюцияны көрсетеді. Бұл қорытындының бүкіл әлемге, біртұтас дүниеге қатысы бар. Эволюция феномені жергілікті емес, әмбебаптық.. Қазіргі кезде ең басты мәселе, өзін-өзі ұйымдастыру құбылысы ретінде қаралады. Яғни, спонтанды ретсіз жүйеден аса жоғары ұйымдасқан түрге өтуін зерттейдi.
Әлеуметтік болмыс
Соңғы кезде бұл болмыс түрлерінің төмендегідей тенденциясы белгіленді: технологизациялау, институциализация, жаһандандыру, виртуализация, ақпараттандыру. Бірінші тенденция: Әлеуметтік болмыстың құрамында техникалық құралдардың басым болуын, адамдардың табиғи ортаға бейімделуі және өзінің әлеуметтік өмірін реттеудегі рөлінің өсуін анықтайды. Екінші тенденция: Қоғам өміріндегі ұйымдастыру және тәртіптеу дәрежесінің өсуінің айғағы. Субъекті әрекетінің рөлі көптеп әлеуметтік институттарға көшті. Үшінші тенденция: Әртүрлі аймақтардың тәуелсіздігінің өсе түсуі, әлеуметтік кеңістіктің «тарылуы» әлеуметтік әрекеттің үлгісін бір ретке салудың қажеттігін көрсетеді. Соңғы тенденцияда - әлеуметтік болмыста кейбір жаңа болмыстың қабаты пайда болды, адамдардың белсенділігі соған қарай көбірек ауыса бастады. Әлеуметтің нақты құрамын заттар (жер қазынасы, энергетикалық күштер), ресурстар емес, қазір көбінесе ақпараттық кеңістік анықтайтынын көрсетедi. Ақпараттық сипаттың өсуі, әлеуметтік болмыс құрылымының өзін өзгертіп, ондағы материалдық емес бөліктердің мәнін мен үлесін көбейтеді.
Әлеуметтік болмыс қоғамдық қатынастарға байланысты. Жеке меншіктің мәні - әр адамның қабілетінің ашылуы, оның әлеуметтік жағдайының өзіне байланыстылығын анықтайды. Тәрбиенің мәні - әлеуметтіктi іздеу, қандай қоғамның моделі жақсы деген мәселе қояды.
Рухани болмыс
Дербес субъективтiжәне объективтендірілген деп бөлінеді. Дербес рухани болмыс - жеке кісілердің өмірлік тіршілігінен, қызметінен бөліп алуға болмайтын рухани болмысы, адамдар өз қарым-қатынасын анықтап, өз ойлары мен сезімдерін бағдарлайды. Оған: адамның тіршілігінде, қимыл-әрекетінде, істеген ісінде санадан пайда болатын нәтиже; ой елегі мен санадан өтпей дағдыға айналып, істеле беретін санасыз әрекеттер жатады. Санасыздықтың негізінде саналы процестің басталуы ақиқат. Сана мен санасыздың бірлігінде шығармашылық шабыттың келуі, ғылыми, философиялық және сезімтал-әлеуметтік қатынас пен процестердің көрініс табуы байқалады.
Рухани болмыстың объективтендірілуі: Әуелі белгілі бір ой, пікір, идея жеке адам санасында пайда болады. Адам тәжірибеге, білімге және қабілетінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып ой-пікіріне, идеясына материалдық сипат береді, яғни тіл арқылы өрнектейді, жоба жасайды, музыканы (ән-күйді) нотаға түсіреді, сурет салады, материалдық бұйым жасайды. Рухани жемісін қоғамдық практикаға қосады.
Тіл – дербестенген және объективтендірілген рухани болмыстың бірлігі. Тіл - қоғамды дамытушы, тарихты жалғастырушы және байланыстырушы, мәдениетті сақтаушы, ақыл - ой тірегі.
Болмыс – жан-жақты терең, ауқымды ұғым, болмыс тек материя ғана емес, сонымен бірге идея, дін. Ол субстанция ұғымымен тығыз байланысты. Субстанция өзіндік мән, бастама. Ол өзінің өмір сүруі үшін өзінен басқа ешнәрсеге мұқтаж болмайды.
Субстанция (лат. негізінде не жатыр деген сөз). Субстанция - монизм мен дуализм плюрализм болып үшке бөлінеді. Қандай да пікір сөз, дау болмасын, өмірдің негізінде не жатыр деген сұрақ туындайды.
Монистік (бір негіз, біреу) бастама идеалистік, материалистік болады. Монистік бастама идеалистік, яғни, дүниенiң негізінде идея мен сана жатыр (Сократ, Платон, Аристотель Гегель). Монистік бастама материалистік, яғни оның негiзінде материя жатыр (Фалес, Гераклит, Спиноза, Фейербах, Маркс, Энгельс, Ленин). Дүниенің негізінде сана мен материя қатар жатыр десек, онда бұл дуализм - Декарт, Кант и Юм.
Плюрализм (лат, pluralis) - көптік. Ол бірлікті жоққа шығарады, бірнеше және көптік пікірдің тәуелсіз, бір-біріне қосылмайтынын қолдайды, болмыстың көп негізі бар деп есептейді.
Қорытынды
Неміс философы, экзистенциализм ағымын салушылардың бірі (бірақ, ол өзін экзистенциализмге жатқызбаған) Хайдеггер Мартин (1889-1976). «Болмыс пен уақыт» (1927) деген еңбегінде қазіргі замандағы болмыс әлемі - ол бір затсыз, тіпті адам жоғалтқан, шындықтың мистикалық бастамасы дейді. Ол болмысқа қарама-қайшы, алғашқы айтылған ойды бекерге шығара отырып, әртүрлі сипаттама және түсіндірме береді. Дегенмен болмысқа ғылыми анықтама бермей, тек кейбір маңызды жағын бөліп көрсетіп, экзистенциалимзге сәйкес қарады. Хайдеггер: «болмыс зат, онымен біз қатынаста боламыз, бірақ, ол әлдебір тіршілік» - дейді. Тіршілік бар дейміз. «Болмыс ешбір зат емес, соған сәйкес ол ешқандай уақытша емес, сонымен бірге қатысушы ретінде бәрі-бір уақытпен анықталады». Болмыс пен уақыт бір-бірін өзара анықтайды, бірақ, солай болсада, біріншіден, ешбір болмысты уақытша ретінде, екіншіден, ешбір уақытты тіршілік ретiнде қарауға болмайды. Хайдеггер: «болмысты рационалды тануға болмайды» деген пікірге келеді.
Айнұр Қалижанқызы