Нигилизм идеясының философиялық түсініктемелері

ТАНЫМ
5127

Нигилизм - бүгінгі күннің мәселесі, одан біздің ертеңгі күніміздің бұлтты не ашық болатыны байланысты.Нигилизм - адамдар арасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктің жоқтығынан туындайды. Бүгінгі қоғамда қарапайым қоғам мүшелері арасында өмірге деген көзқарастың өзгеруі, жалпы өмірлік құндылықтарға байланысты бағаның төмендеуі нигилистік сананың өрістеуіне жетелеуде. Нигилизмді адамдар арасындағы қарым-қатынасты ұтымды реттеу құралы ретіндегі құқықтың мәнін терістеп, жоққа шығару сипатында түсінеді,

Нигилизм ілімі Орта ғасырда қолға алынды. Нигилизм әр алуан және өзіндік философиясы бар. Теориялық нигилизм шындықты тану мүмкіндіктерін жоққа шығарады. Этикалық нигилизм құндылықтармен мінез-құлық нормаларын қабыл алмайды. Саяси нигилизм барлық қоғамдық құрылысқа қарсы шығады. Нигилизм өзі арқылы және өзі үшін өмір сүреді. Ол өзіне қатыстыны, басқаға қатыстыны, ортақ тұрмыс кейпін және сыртқы әлеммен қайшылықтарды анықтайды. Ең соңында, осындай қарым-қатынастар рақымсыздыққа әкеледі.

Жалпы Нигилизм (лат. nihil – ештеңе) – қоғамда қалыптасқан мәдени құндылықтар мен мұраларды, діни, моральдық нормалар мен түсініктерді қайта қарауды, жоққа шығаруды білдіретін ұғым, адамзат негізінің саналылығын жоққа шығаратын, қоғамда кең таралған адами, мәдени игіліктерді мойындамайтын дүниетанымдық көзқарас. Кейде жоққа шығару, басқа бір құндылықтарды насихаттау үшін пайдаланылды. Осы ұғымды батыс философиясында Ницше мен Шпенглер кең қолданды. “Нигилизм” ұғымын алғаш ғылыми айналымға енгізген неміс жазушысы және философы Ф.Г. Якоби (1743 – 1819). 

Нигилизмді жан-жақты зерттеу басталғаннан бері әр түрлі анықтамалар беріліп жүр. Философия терминдеріне арналған түсіндірме сөздіктерде нигилизм туралы мынадай түсініктемелер берілген. 1991 жылғы И.Т.Фроловтың құрастырған «Философский словарь» сөздігінде: НИГИЛИЗМ (лат. nihil – ничто) – т. Зр. Абсолютного отрицания, связанного ни с какими положительными идеалами. Термин «Н.» впервые применен Якоби, в России распространение получил благодаря роману И.С.Тургенева «Отцы и дети», ал 2010 жылы С.Я.Подопригора, А.С.Подопригора құрастырған «Философский словарь» сөздігінде: «НИГИЛИЗМ (лат.nihil–ничто) – в широком смысле слова социально – нравственное явление, выражающееся в отрицании общепринятых ценностей: идеалов, моральных норм, культуры, форм общественной жизни» деп жазылған. Сондай-ақ отандық философтар құрастырған философиялық сөздіктерде (Р.Н.Нұрғалиев, Ғ.Ғ.Ақмамбетов, Ж.М.Әбілдин Ж.Б) және Мәдени – философиялық энцеклопедиялық сөздікте (Т.Ғабитов, А.Құлсариева) нигилизм туралы мынадай анықтамалар береді: НИГИЛИЗМ (лат. nihil – түк те емес) – ешбір жағымды идеялармен байланысы жоқ абсолютті жоққа шығару көзқарасы. «Нигилизм» атауын бірінші рет Якоби қолданды, Ресейде И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романының арқасында тарады. Реакционерлер нигилистер деп революциялық демократтарды атады, оларға өткен барлық мәдениетті жоққа шығаруды таңды. Іс жүзінде революциялық демократия өзінің дұрыс бағдарламасын ұсынды. НИГИЛИЗМ (лат. nihil – ештеңе) – мәдениет құндылықтарын, адамгершілікті, мемлекетті жоққа шығару. Батыста философиялық және этикалық нигилизм «уақыты өткен дәуірді» терістеу ретінде көрініс табады. А.Шопенгауэр нигилистік сипаттағы дүниеге толғаусыз қатынастың буддалық теориясын жасады. Ницше бұл теорияны өзінше қабылдап, Нигилизмді «барлық құндылықтарды қайта қарау» ретінде түсінуді ұсынды. Ницше Нигилизмді христиан моралының, гуманизмнің дағдарысы ретінде қарастырады. М.Хайдеггер «Құдай өлді, Ницше сөздері» (1950) еңбегінде: «Ницше нигилизмді тарих барысында жүзеге асқан процесс ретінде түсінеді», - деп, бұл үдерісті жоғары құндылықтардың құнсыздануы ретінде қарастырады.

Жалпы философия мен мәдениеттануда Нигилизм көзқарасы неміс философы Ф.Ницше есімімен байланысты. Өз заманын құлды Нигилизм кезеңі деп есептеген Ницшенің Нигилизм қоғамдық санаға сіңіп, бұлжымас қағида ретінде қабылданған құндылықтар мен мұраттардың жойылуының салдары. Ол дүниеде, өмірде тиянақты, тұрақты ешнәрсе жоқ, адам мен қоғам өмірінде ақылдан гөрі инстинкт басым рөл атқарады деген ой айтып, гуманизм, рационализм сияқты оптимистік ұстанымдарды жалған әрі зиянды көзқарас деп сынады. Ал енді Ницшенің философиялық категорияларына келетін болсақ, бұл туралы Хайдеггерден артық зерделеген ешкім болған жоқ. Бұл мәселе жөнінде ұлы неміс ойшылы еңбектерінде жазған. Хайдеггерше, Ницше нигилизм деп аталған батыс философиясындағы тың ой ағымының атасы. Ницшенің нигилист болатыны, ол "Тәңірі өлді" деген тұжырымы арқылы бүкіл батыс метафизикасын жоққа шығарады. Бұл- сол кездегі бүкіл ой ұстанымдары мен құндылықтардың күйреуі. М.Хайдеггер нигилизмді әлемдік зіл-залаға апаратын батыс тарихындағы қозғалыс деп қарастырған. Нигилистердің ойынша, құдіретті күш, тәңірдің бар екендігіне саналы дәлел, шынайы өмірде, егер оны айқын мағынасында қолдансақ, шындық жоқ. Сонымен, Ницшені ұғу үшін осы нигилизм, бұрынғы барлық құндылықтарды қайта пайымдау, билікке жігер, ұқсас нәрсенің мәңгі қайта оралуы, асқан тұлға деген ұғымдардың жеке болмысы мен өзара байланысында зерделегеніміз жөн.

Нигилизм көзқарасын одан ары дамытқан немістің идеалист философы О.Шпенглер болды. Ол тек еуропалық өркениет ғана емес, еуропалық қоғамның да нигилистік сипатта екенін көрсетуге тырысты. Оның пікірі бойынша әрбір өркениет, мәдениет күннің батып бара жатқанындай. О.Шпенглердің пікірінше, адамдардың жалпы тарихы – бұл фикция, түк емес. Мәдениет пен өркениеттің белгілі шегі, тағдыры бар. Олар қалыптасады, дамиды, құрдымға кетеді. Өркениет пен мәдениет өзіндік, таптырмайтын ерекшеліктері бар құбылыстар, оларды түгел түсінуге болмайды, сондықтан олардың бір – біріне ықпалы туралы айту өте қиын. Әрбір мәдениет пен өркениеттің өзіндік, дара, қайталанбайтын ерекшеліктері, яғни олардың әрқайсының өзіне тән құндылықтары да бар, олар дамиды, өзгеріп отырады.

XX ғасырда экзистенциалистік философия өкілдерінің туындыларында Нигилизм қайта бой көтерді. Мұның себебін Ж.П. Сартр (1905–1980), А.Камю (1913–1960), тағы басқа адам үшін күнделікті өмірдің мәнсіздігімен, адамның дүниедегі өз орнын таба алмай, өзін субъект, тұлға ретінде таныта алмай, жоғалтып алуымен түсіндіреді.

Сонымен нигилизмнің пайдасы – ол адамдарды өмір, дүние, адам, құдай жөніндегі елестерден, теріс түсініктерден арылтуға жол ашады. Нигилизммен шектелуге болмайды, оны жеңу керек. Бұл үшін өмірге, дүниеге салауатты қарау керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Философский словарь» / под ред. И.Т.Фролова. – 6-е изд., перераб. и доп. – М.: Политиздат, 1991. – 560 с.

Философский словарь / авт. - сост. С.Я.Подопригора, А.С.Подопригора. – Ростов на Дону: Феникс, 2010. – 562,[2]с.

Философиялық сөздік - / ред: Р.Н.Нұрғалиев, Ғ.Ғ.Ақмамбетов, Ж.М.Әбілдин Ж.Б. – Алматы. «Қазақ энцеклопедиясы». 1996 – 525 бет.

Мәдени – философиялық энцеклопедиялық сөздік / құраст. Т.Ғабитов, А.Құлсариева және т.б. – Алматы: Раритет, 2004. – 320 бет.

 Б.К. Дюсалинова

Аға оқытушы

Академик Е.А.Букетов атындағы

Қарағанды Мемлекеттік университеті.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...