Қораш адамдардың элитаға айналуы

ТАНЫМ
3545

Біздің кейде жоғары лауазымды қызметке білім-білігі кем, кісілік әдебі жоққа тән қораш жандар қайдан келіп отыра қалады деп таңғалатынымыз бар ғой. Бұл жерде ешқандай сиқыр жоқ, бар болғаны бұл - кері селекция заңының, яғни адам болмысындағы жарамсыздық комплекстің нәтижесі.

Билікке «ұлттың ар-ожданы мен намысы» деуге мүлде жарамайтын қораш адамдардың келу себебіне жауап табу үшін белгілі психологтардың зерттеулеріне жүгінуге тура келеді. Зигмунд Фрейдтің пікірі бойынша, билік құмарлық қоршаған әлем алдындағы қорқыныш пен шарасыздықтан болатын адамның жүйке қызметіндегі ауытқудың бір түрі екен. Австриялық психолог  бұдан да әрі кетіп, билеп-төстеуге құмарлар құрбан болуға бейім адам іздейді, оны өзіне бағыныштылар арасынан табады да, екеуара садомазохистік жұпқа айналады деп, ойын түйіндейді. 

Альфред Адлер болса, билеп-төстеуге құмарлықтың астарында адамға туа бітетін «жарамсыздық комплексі» дейтін дерт жатады деп есептейді. Адам психикасы, жанын жаралаған сәтсіздіктен кейін, одан арылу үшін қайтарым өтеуі дейтін тетікті іске қосады, оның мәнісі: басқалардан қалай да артық болуға, оларға үстемдік етуге қол жеткізу. Алайда, Адлердің түсіндіруі бойынша, мұндай талпыныс көп жағдайда ол адамды онша қанағаттандыра қоймайды, сондықтан билікке қолы жеткен бұл адам бойындағы «жарамсыздық комплексін» айналасындағыларға таңа бастайды да, көптеген жаңа қиындықтар туғызады. 

 Эрих Фромм деген тағы бір классик психологиялық тұрғыдан билеп-төстеуге деген құмарлық адамның қарым-қабілетінің күштілігін білдірмейді, керісінше, әлсіздігін білдіреді дейді. Басқаша айтсақ, мұндай адам жеке өзі қиындыққа қарсы тұра алмайды, өз күш қабілетімен өмір сүре алмайды. Билеп-төстеуге құмарлығы артқан сайын мұндай адамның басқалар алдындағы тәуелділігі де барынша күшейе түседі. 

Дарвиннің  биологияда қолданылатын «Табиғи екшеу» теориясы біздің қоғамның әлеуметтік жүйесіне де жақсы сәйкеседі. Аяусыз қатаң бәскелестік жағдайындағы басты мақсат – өз басыңды аман сақтау. Ол үшін тіпті барыңды түгел құрбан етсең де. Мұндай кезде өзгерген жаңа жағдайға бейімделгісі келген адам ар-ожданын еш қиналмастан екінші қатарға ығыстыра салады; оны айтасыз, көбіне-көп қоқыс жәшігінен бір-ақ шығарады.

«Кері селекция» деген терминді алғаш қолданған әлеуметтанушы Питирим Сорокин билікке ұмтылған тұлғаның азғындауы «сезім мәдениетін» жоғалтып алуынан бастау алады дейді. Оның пікірі бойынша, адамдарды билей берсем деген құштарлығының асып-тасатыны сондай, ол кісілік, әдептілік шекарасынан оп-оңай аттай салады да, енді оның қысымына шыдау маңайындағылардың жүйкесін тоздырып, өмірлерін қиындата түспек.

 Мұндайда сенімі мықты, моральдік ұстанымы берік адам ғана азғындыққа қарсы тұра алады. Ал егер оның моральдік өлшем-ұстанымы болмаса және әдептілік қағидатын, адам құқығын мансұқ еткен жан болып, басқалардың ар-намысын таптап өткісі келсе, оны ештеңе де тоқтата алмайды. Оның есіл-дертін  «бағындырсам, не десем де айтқанымды істетсем», деген бір ғана өзімшілдік теріс ниет билеп алады, дейді Сорокин.

 Биліктегі «Кері селекция» феноменін зерттеуші осы заманғы әлеуметтанушылар мынадай қорытындыға келген: яғни бұл құбылысты табиғи дағдарысқа жатқызуға болмайды, шындығында бұл - кезінде арнайы қызмет құрылымдарының сынағынан өткен, әдейі жүргізілетін кадрлық саясаттың нақ өзі. Арнайы қызмет органдарының тәжірибесінде әлдебір жансызды «қармаққа іліп қою» деген баяғыдан бар әдіс; егер ол қиқаңдаса, бейшараның күнәларын бетіне басып қорқытып, күнін бір уыс етеді, айтқандарын істеуге мәжбүрлейді. Саясатта мұндай агенттердің орнына сыбайлас жемқорлықпен былғанған шенеунікті немесе бұрын қылмыс жасаған әлдебір жылпос іскерсымақты пайдаланады. Қолда әшкерелейтін айғақ болғандықтан ондайларды ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстау. әлбетте, ешқандай қиындық туғызбайды. Ал мұндай «басшылардың» моральдік келбеті мен кәсіби сапасы туралы сөз етудің өзі артық. 

Қағазға жазылған ең биік мәртебелі заңдары бола тұра, төмендегінің жағдайы қиын бола түссін деген ниетпен талай билеуші, олардан кейінгі сатыдағы билік басшылары да, «Кері селекция»  әдісін қолданады. Мұндағы мақсат – өзінен төмен тұрған буынның әлжуаз, әлсіз болғаны. Осылай ету арқылы шенеуніктер екі жеп биге шығады, яғни орашолақ бағыныштыларының алдында төреге айналады және майлы да жайлы орын үшін күресте бәсекелесін жолынан алып тастайды. Стратегиялық мәдениет қорындағы Дмитрий Седовтың пікірі бойынша, мұндай үдеріс басқарудың тоталитарлық жүйесіндегі елдердің көбіне тән, кезінде советтік дейтін жүйе де сондай болған. 

Сырт қарағанға, «Кері селекцияда» алдыңғы орынға жеке адамдар шыққан сияқты болғанмен, шынтуайтында, бұл - негізінен ұжымдық құбылыс. Өйткені билікке талас жолында түпкі мақсатына жеткен адам ол енді өз жекебас мүддесінің ғана құлы емес, ең алдымен, өзін қолпаштап қолдаған, көтерген жүйенің де тұтқыны. Либералдық құндылықтар сақталатын қоғамда «Кері селекция» тым әлсіз болады, ал тоталитарлық қоғамда бар қуатымен қанатын кеңге жаяды. Питирим Сорокиннің пікірі бойынша, қоғамдағы аумалы –төкпелі қиын-қыстау кезеңде оған жақсы бейімделетіндер, елдегі игі жақсылар емес, алға ақыл орнына ашуын салып жабайы түйсікпен шу көтеретін көпшілікпен тез тіл табысып, солармен бірігіп кете алатын орташа қабілет иелері. Адамдық қалыбындағы моральдік ұстанымдар мен саясатта күйреп жеңілудің бірін таңдау безбен басына түскенде, әрине, ондай адамдар біріншісін таңдайды. 

Билеп-төстеуге құмарлық, экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Фридрих Хайектің тұжырымы бойынша, кез-келген тоталитарлық жүйенің басты ұраны – «Түпкі мақсат құрбандықты ақтайдыға» саяды. Егер мынадай үш критериді қатаң сақтаса, диктатор ойлаған мақсатын қалай да жүзеге асыра алады екен:

1. Халық неғұрлым білімді және зайырлы болса, оны бір кісідей жұмылдырып айтқанды істету соғұрлым қиын. Сондықтан халықтың моральдік ұстанымы осал және білім-білігі кем тобына арқа сүйеп және қарабайыр талғам мен күнкөрістік тірлікті ғана насихаттап, олардың қатарын көбейте беруі керек; 

2. Өзін қолдайтындарды айтқанға көнгіш жеңіл мінезді әрі жағымпаз, не ұсынса да ләпбайлап қабылдай беретін адамдар арасынан тапқаны абзал. Ал өзінің арман-қиялы, алға қойған мақсаты жайында үнемі дабырайтып және жиі-жиі айтып отыруы керек; 

3. Адамдарды жарқын, тағылымдық мәні бар бағдарламалармен емес, қорқынышты һәм сүйкімсіз де әдепсіз бағдарламалар мен ақпараттар негізінде топтастыру әлдеқайда оңай әрі тез, сондықтан адамдардың туа біткен жаратылысына тән осал жақтарына әсер етуге күш салған жөн. 

Адамдардың билік тағына келу мүмкіндігін қарастырған Американдық бір экономист билікті иттің етінен де жаман жек көретіндердің өздері де билік басында жүретінін ескере келіп, қайырылымдығымен елге кең танылған жүрегі жұмсақ жанның да, тап солар сияқты, тек керісінше, әлдебір плантациядағы босаған орынға қатыгез бақылаушы бастық болып баруы әбден мүмкін деген қорытынды жасайды.  

  russian7.ru

Қазақшалаған Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...