Сұраған Рахметұлы. Ұлы жаңартушылар

madeniportal.kz

ТАНЫМ
2132

...Өз елдерін тығырықтан құтқарған атақты президенттер туралы жазғым келген... Мұндай сауаптылар көп емес әрине. Елі үшін туады, елі үшін мерт болады. Не секілді өз қазынасына түскен ұры, өз халқына қарсы оқ боратқан қорқау, қанқұмар ақымақ патшалар туралы көп естиміз.
Кеше күн тұтылды! Жаман ырым... Бұл туралы халықтық көне жорамалдар көп. Адамзатқа, соның ішінде патшаларға неғылғанмен жақсы болмаса керек. Әсіресе ел бастаған патшаларға.
Әнеу жолы тағы бір жерде Күн ұялып, тұтылғанда Оңтүстік батыс Африканың Суданды 30 жыл басқарған президенті атақты жемқор Омар Хасан Әл Башир ұсталған еді!? Расында патшалардың өмірі, тағдыры сан қилы!
Солай...

АТА ТҮРІКТІҢ АҚ ЖОЛЫ

...Түркияның әйгілі көсемі әндігері Мұстафа Кемал Ата Түрік (1881-1938) небәрі 57 жасаған тұлға. Алақанына салған кітабы – «Нұтұк». Жан-жақтан анталаған жаудың қақ ортасында жүріп кең кеудесімен от көсеп, жалын кешкен бейбақ. Ол, бүгінгі кемел Түркияны жасады. Болашаққа осы бір 81 млн жан саны бар, жер көлемі жағынан 783,562 мың шаршы шақырым аламан елді ұсынды, дүниеғаламға паш етті. Азия мен Еуропаның тең ұшында орналасқан бұл елдің ұлттық құрамы да аумақтық тұтастығы да өзгеше. Осман империясы мен Византия мәдениетімен гүлденген ұлы ел десе де оғаш емес. Ежелгі Гректік ментальдық бағыт, отырықшы өркениеттік тектіліктің ереше бір сарқыны қалған өнермен мәдениет ғажайыптары өз алдына бір төбе. Дінмен биліктің жанаралық, тінаралық тепе-тең байланысын теңеген ең ірі өзгеріс жасай алған ғұлама. Жең ұшынан жалғасқан парақорлық, жанталасқан қаншама алпауыт сотқар күштерге төтеп беру деген оңай болмаса керек. Ежелгі елтағаны атакентті сақтап қалудың өзі қала салудан зор мақсат еді.

Мұстафа Кемал Ата Түрік

Атышулы сәулеткер Мимар Сианның Римдік сәулет өнерінің керемет үлгі ретімен тұрғызған мега шаһар Стамбұлдың бүгінгі жетістігі атақты қайраткер Ата Түріктің сойымен ұлықталуы содан. Содырлықпен тіресудің, ақымақпен күресудің ең ұтымдысы – қоғамды жаппай сауатты білімді ету. Білім реформасы айрықша орында болғандығы бүгін анық сезіледі. Әйелдерге ескілік бегделген шектеулі құқық тарихқа лақтырылды да оқушы қыз бен ұлдар бір сыныпқа енгізілді. Оқу оқыған жаһилдерден орта болса да азаматтық тілімі бар, ата тәлімді тәңіри адамдардың артықшалығын бағалады. Ата Түріктің пирамидалық мирасы – білім мен ақыл. Қысқасы парасат майданы. ТМД – ның жалпақшешейлік жалтақ дағдаруынан мүлде өзгеше. Тек Түркия әліпбиінің өзгерісі 1928 жылы алты айдың ішінде түбегейлі жаңартылды.Саяси реформада ескінің шеңберінде қалмауы тіптен керемет еді. Халифаттықты түбірімен жойды. ХХ ғасыр Кеңестік посткоммунизм жүйесінің ыдырауында Орта Азиялық көп елдер өз саяси реформаларында ескі Кеңестік үлгіні місе тұтты. Құзыретті ұғымы идеологиялық құсқы кінаратқа шегенделді де қуыршақ ТМД-ны тұғыр етті.Таптық былғаныш, көсемге көзсіз табыну лениншіл ұраншыл трайбализм қалпынша сіресіп жатты. Жалпақ жұрт жиналып қала мен кенттердің атауын өзгертуден үрейленді. Сондағы үрейленгені қаусаған коммунист шалдың қолына ұстап қоқаңдатқан орақ пен балғалы қызыл ту!

Мұндай тұсамысты Кемал Ата Түрік 1934 жылы кесіп тастаған. Сой мен жанама лақап атаулар өзгертілді, (патша, сұлтан, уәзір т с с.) бей рәсімдер кетірілді. Сол тұста сойын өзгерткендер «хан», «оғыз», «бөрі» секілді сой, есім таңдаған кезде атақты сықақшы Азиз Несиннің кезегі келеді. Қызметші «несің!» (кімсің деген атау мұнда қолданылмайды – Р.С) деп сұрайды. Азиз ойланбастан «несің» айтып қалады. Қызметші оған «Азиз Несін» деген есім сой береді! Назым Хикмет Ран есімі де солай. Мехмет Атсыз да. Көне рәміздердің түгелі түбегейлі өзгертілді. Тәуелсіздікпен бірге баламалы орақ пен балғасы бар қызыл ту көтерілмейді деген мағынамен бірдей ұғым заң өз сәтімен осылай ұласыпты. Ішкі, тысқы сотқарлармен түгендесуге диспозиттік азаматтық құқықтық, императивтік әкімшілік жаңартулардың себі тиген жылдардың жемісі бүгінгілерге азық.

Ұрының қолын кесу, дүре соғу, дарға асу қатарлы жойқын жазалар бірте, бірте омбудсмендік құқықтық ғұрып, англо-саксонды, континенталды заң жүйесіне көшкен. Мәдениетті жаңғырту деген үдеріс сан жылдар бойы тұрақты жалғасқан шаруа шаһар мен қала кенттерді осы замандық өркениетке сәйкестендіруге бүгінге дейін жалғасып келе жатқан іргелі ізденістер көшеттер мен жасыл желектердің сақталуының өзіне өте мән бергенін байқауға болады. Қалайда кино өнерінің жолға қойылуы соншалық, өз тарихын өз кино сериалдарынан түгел көріп отыратын, оны ғаламдық айналымда ұстап, басқа елге сата алатын ел осы. Руһаният баспасөз, кітап баспахана әлеміне шек жоқ!!! Соңғы кезде Азербайжан мен Өзбекстан бұл елдің реформалық артықшалығына ынтыға бастаған. Бірақ, Шавкат Мирзияевтің әзірге Ислам Кәримов аканың ала шапанын шешіп тастауы үшін де көп заман өтуі мүмкін!?

Қалалық тетеқұрлымды жердің барлығынан сезілетін пантүріктік лебіздер ешбір ұрансыз ғана баяулап орындалған. Экономикалық өрлеуді қатты көтерген өнеркәсіп, сауда даяшылық орындары мен туризм, фермерлерді қолдаудың сан түрлері тамаша игіліктерді жеткізді. Жоспарлы түрде І кезектегі және ІІ өрлеу кезеңдері деген атақты қайтаөрлеулері Еуразияның көп елдеріне үлгі болып жүр. Астық өнімдері яғни бұрындары таздың төбе шашындай ғана жерлерден алынатын арпа, бидай, күріш жыл санап бітік шығады да барақат елдің белін көтерген. Жуан белденген жұрт салықтан жалтармайды. Жалтармайтыны бұл жерде ақиқат бар, ұлықаусар ұрлық бәсең. Салық пен қамсыздық жүйесі өзгеден есе артық болмаса да өзгеше өз тәсілімен өрлеп келеді.
Осман империясының әскери капитаны Кемал Ата Түрік небәрі 57 жасты өткеріпті. Өзіне ештеңе алмаған күйі... Егер сүйегі асыл Косаревтерше сексеннен асып жасаса қайтер еді,ә!?

КҮН АСТЫНДАҒЫ ДЭН

...Азия құрлығындағы елдердің тағдырын алға сүйрген атақ, даңқынан ат үркетін жайсаңдар сөз болса Кемал Ата Түркпен деңгейлес дәуірде жарқ еткен қытай экономикасының сәулетшісі Дэн Сяопин (1904-1997) әрең тұрғызған елінің ет жүрегіне мәңгі жерленген – Сыйшуандық. Ғұмыры құпияға толы бұл адам Қытай басшылығында он жыл ғана болғанда ғасырдың ісін тындырып қыруар әрекетке басшылық еткен жаңартушы.

Дэн Сяопин

ХХ ғасыр басында диқандар арасында өскен оның өмірі – «асықтай бала кезінен батысқа шығарылған жеке батыр...» есебінде. Францияда коллежде білім алып, оқу оқығаны кездейсоқ емес болса Мәскеуде алған тәлімдік саяси білімін не деп түсуге де болатындай... Күдікке толы хал үстіндегі Қытай қоғамын тым ерте сезінген төңкеріскер Сун Ят Сеннің нақ сенері. Демек, еліне оралған Дэннің 1952-1966 жылғы идеялды ұсыныстары қабылданды деуге келмес. Ол, 1966 жылы «ешкімге бұйыра қоймайтын тәуір қызыметінен қуылды...» делінеді!? Өтірік шыны болса бір тарихтың парағында! Расында Дэн 1969-1973 жылдар арасында шеткері төңіректегі трактор зауытында қарапайым жұмыста жүріп әбден пісіп жетілген. Тракторист болды дегенге сыңайына күмәніміз да жоқ емес...Дэн туралы аңыздар да кітап та көп. Оның реформасы – саяси жағынан жабық Қытайдың есігін айқара ашып, таза ауа енгізіп жіберуі. Қисынының негізі 1981 жылдан бастап күрт өзгерген ауылшаруашылығы. Бірінен кейін екіншісі бой көтерген аса қарқынды су жаңа ашық аймақтар, дамыс цуннамилері! Жасыл доллардағы – «франклинді» алқымдап келе жатқан юаньдағы – қызыл «мао»! Ұзақ әңгімеге уақыт та кем етпек. Барлық нәтижеде бүгінгі ең алпауыт жер көлемі 9.597 млн шаршы шақырым, жан саны қисапсыз жан басына шаққандағы жүйе бойынша ЖІӨ мөлшері 6569 американ долларына тең Қытайды ғаламдық озық елге айналдыра алуы...

СИНГАНЫҢ «КУ БАРЫСЫ»

...Сингапур деген елді көргенде арманда, көрмегендер де... Парқорлыққа қарсы дүнижүзілік индексте дырымбай жоғарғы орында. Оңға бастырған һәм «барыс» еткен мөрлі басшысы, кең төрі бар Ел. Жерінің асты, үстінде іліп алар кен атаулыдан жұрдай. Біздің бұла жайлауда ағып жататын бұлақ түгілі тұщы су атымен жоқ. Шағын ғана 6 млн халқы, 721,5 мың шаршы шақырым жері бар, оның 74 пайызы қытайы, 14 пайызы малайлардан тұратын жаңа Сингапур.

Ли Куан

Жоқтан барды жасаған Үкіметбасшысы – 1959-1990 жылға дейін 31 жыл басқарған Ли Куан (Lee Kuan 1923-2015). Қытай нәсілінен. Тағдыры тап-тақыр ауылдан, бақыты батыстық беделді мектептен. Лондонда 1945 жылы коллежде, АҚШ-та Кембриджде оқыған пақыр. Бүткіл мемлекетті құртатын парақорлық, жемқорлық дерт «оба» деп түсінген баһадүр. Осы дертті емдеген емші, сәуегей. Дақпырты асқан – «қатал әке». «...Егер жемқорлықпен күрескің келсе жан досың болса да түрмеден орын бер...» деген қағидасы бар. Ол, осы хаһ жолда ешкімді аямады. Асты да, атты да. Есірткі саудасына, есіргендерге қарсы ауыр жаза, ерекше айыпұл белгіледі. Елді қара лағынеттен арашалуадың тәсілді жолын тапты. Өкімет қызметкерлерінің жалақысын тік көтерді. Жауапкершілікті де жүктетті. Әйтеуір бүгін біз білетін ірі олигархтар халықтың мал – мүлікін ұрлап, таланға салып, тонаса ол, өз кезінде қаймана жұртқа адал құл болды. Қытайдың өз ішіне қатаң шектеу қойған 1960 жылғы әрекеті Ли Куанды жылдам, уақыт ұтып, алға аянбай қадам басуға баулыды.Шет елге оқуға жастарды тобымен жіберіп, инвестиция енгізетін компанияларға жас зиялыларды жұмысқа үйретуге берді. Өндірісте тиімді технология, жаңалықтар ашылды. Аса сапалы электрожабдықтар жан-жақты тартылды. Осызамандық қарқынды супер метро автокөліктер, су кемелері, отарбалар мен ұшақтарда жайлы, қауіпсіз тек адам үшінгі игі даяшылықтар пайдаға берілді.Экологиялық орта төрткүл дүниенің жұпар бәйшешектерімен жұмақтай гүлденді, су бұрқақ, жасыл желекті, жасанды орман көшеттер көшелерде бой түзеді.
Синганы барыс еткен атақты баһадүр көптің тілегімен көп жасады. Ол өз өмірін түгелдей хақының бай-қуатты болашағына арнады. Ли Куан ғасыр жасады да 2015 жылы наурыздың 22 жаңасында 91 жасында дүниеден озды. Өз жерінен екі кез жерде топырақ бұйырды.

ҚАЙРАН БОРЯ

...Орыстың ең ғажайып патшасы, демократ, реформатор Борис Николаевич Ельцин (1931-2007) де осы қатардан.Сібірлеудің шағын ауылы Бұталының төлі. Бабасынан бері текті отбасынан. Көпестікке таяу дәулет біткен мәйекті бағыбанның баласы. Николай Ельциннің еншісінде екі үлкен жел диірмені, 12 гектарға жақын егістік жері болған. Әкесі 1937 жылы қуғындалып зорға босатылған. Шешесі Клаудия Старыгина қол мәшинесімен тігін тігетін. Боря жетінші сыныпта ұстазымен ерегесіп мектептен қуылып, дауласып жүріп қайта енген тәртіпсіз, сотқар оқушы.Сергек «атаман», лақабы – «Боря шолақ».

Борис Николаевич Ельцин

Ресейдің алғаш реті демократиялық сайлауында топ жарып шыққан РФ президенті. Реформатор!!! «Ұлы» деуге де болады. Бүткіл Еуразияны азаматтық соғыстан сақтап қалған атышулы тұлға. Екі Германияның біріккен ұлықтауында масаң тұрып ең соңғы үрмелі оркестрге «дрижерлік» еткен баһадүр! Сол моқал қолымен! 1991 жылы билікке ұмтылған Мемлекеттік Төтенше комитеттің ымырасын басып, айтақшыларын бұтына тыштырған ер. «СССР» деген есімді тарихтан алып лақтыруы ерен ерлік. Кеңестік Коммунистік партияның құқығын шектеп, жарлыққа қол қойғанын қосайық... Содан кейін тағы 1993 жылы бұл елді былықтыра бастаған парламентті атықылап қуып тарқатты.
Борис Николаевич 1999 жылы желтоқсанның 13-і күні биліктен өз еркімен бас тартып, өз тағына КГБ – нің офицері Владимир Путинді әкелді. Бүгінгі алпауыт империя 146.8 млн халқы бар, ЖІӨ өлшемі (27000 америка долларына теңескен) ұрымтал салыстырмалы бағаммен 104 трлн 335 млрд рубльге өскен, 17 трлн 595 млрд рубльді құрайтын инвестициялы, экономикасы түгенделген Ресейді қалдырып кетті! Жаңартушының жүрегі 2007 жылы сәуірде тоқтады. Ештеңе әкетпеді... Бақилығы жұмақтан болсын!

ҚАРА БАЛА

...Батыс Африканың қара топырағынан жаралған бастабында өзінің оң, терісін жөнді білмейтін бейкүнә бір қара бала бұйрықша билікке келген. Әлем картасында көзге ілінер бір мүйістегі Буркино – Фасо деген мемлекет бар. Францияның иелігінде болған. Ресми тілі француз. ХХ ғасырдың 60-шы жылы тәуелсіздігін жария еткен мемлекет. Жер көлемі 274.200 мың шаршы шақырым, жан саны 9 млн қаймананың мекені. Аспан айналып жерге түкен күйген қу мекиен, құла түз. Кедейліктің шегіне жеткен аш, жалаңаш. Сүйенері – алтын мен мақта өнімін экспортқа береді. Егістік атымен болмаған. Тете құрылым ада. Африкадағы алтын кені жағынан алдынғы орындағы төрт елдің бірі. Жылына орта есеппен 55 тонна алтын өңдейді. Қылмыс әлемінде де әлемде жоғары деңгейде, тұрмыста ең соңында. Жемқорлық, ұрлық жайлаған тынышсыз аймақтар қатарында. Індет пен дерттен арылмаған, орта жасы 40 шамасында. Елінің хал жағдайына қатты мазасызданған Томас Санкара әскери қызметте офицер болатын-ды.

Күндіз түні елінің күйзелістің шегіне жеткен қатты күйзелісі етінен өтіп сүйегіне жеткен кезде өкімет билігін 1983 жылы әскери күшпен тартып алды. Сол жылы реформасын бастады. Әуелі Буркино-Фосо деген елдің ресімді атауын ұлықталды. Өкімет билігіндегілердің кірісі жария етілді. Ұрлыққа тыйым, қылмыстыға құрық салды. Жекеге заңсыз кеткен ірі жер телімдерін қайтарды. Темір жол төсеп, тас жол тартты. Томас Санкара президентке бөлінген 2000 доллар жалақысын балаларды асырау орындарына аударып әскери қызметі үшін берілетін 450 доллармен күнелтті. Бүткілдей ашық нарықтық дербес жолға түсіп, Халықаралық Валюта Қорынан алыстады. Қарыздан бас тартты. Алтын экспортынан 47 пайыз, мақтадан 31 пайыз, тұқымнан 5.9 пайыздық үстем пайда тапты. Әділдік орнап, салық жиналды. Қиналған халық қол-аяғын жинап, еңбекке жарамдылардың 80 пайзы жұмыс жасауға мақта алаңдары мен алтын кендеріне жегілді. Жылдық өсім қарқыны 60 пайызға жетіп БҰҰ-ың эксперттерін қатты таңдандыра бастады. Жасыл қала бағдары бойынша 10 млн көшет отырғызды. Әйелдердің демократиялық құқығын бостан етті. Ден саулық ваксина, білім саласын күрт көтерді.Томас Санкара осы істерді өзі сайланған төрт жылда ғана атқарып үлгерді.
Өкінішке орай өзінің үзеңгілес жүрген досы Томас Санкараны 1987 жылы атып өлтірді. Ол өлгеннен кейін сол қимас ақымақ досы шексіз байлыққа кенеліп өзіне өкімет қаржысымен 2 млн доларға тең меншік ұшақ алып мінді. Елдің экономикасы құлдырап бәз баяғы таз қалпына келді!!! Қара бала өлді, қара халық сорлады.

Стамбұл, Esenyurt 2020 жыл 14 қаңтар

author

Сұраған Рахметұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...