Cөз таластыра беру  – парықсыз езбе Исмурзиннің деңгейіне түсу!

Madeniet Portaly

ТАРИХ
661

1. ИСМУРЗИН ЫЛҒИ АЙНАЛЫП ӨТЕТІН АҚИҚАТТАР               

«Мәдениет» порталында жария көрген «Исмурзиннің түк дәлелдері жоқ өтіріктері» атты мақаламызға (14.05. 2025 жыл) Исмурзин тағы да езбелеген жауабын жазыпты. «Бөгенбайтанушы» дилетант Бөрібайдың «ертегілері» (2-бөлім) деген атаумен. Мұнда да салмақты пікір айтар деп күтіп ек. Өйтпепті. Дәлелді сауалдарымызға, ұсынған нақты айғақтарымызға берер жауабы болмағасын «Б. Кәртен ғалымдардың еңбегін ұрлаған, сілтемесін көрсетпеген» деп байбаламдапты.

Автордың жеке тұжырымы, ашқан жаңалығы немесе архивтік дерек бұрмаланып, өңі айналдырылып өз туындысы, сөзі қып берілсе плагиатқа есептеледі. Бірақ ондай әрекетке бармаған бізге Исмурзиннің сөйтті деп байбалам салуы – оның Гавердовскийдің еңбегіне қатысты өрескел бұрмалаушылықтары мен «Алтай батыр және оның заманы» (2003) деген кітабындағы өтіріктерін әшкере қылған сынымызға жауап бере алмағанына байланысты. Ақталар басқа амалы қалмағандықтан. Бір қызығы, жалған сілтеме берген, Гавердовскийдің архивтегі мәліметтерін бұрмалап, Табын Бөкенбайға жапсырған, т.б.  былықтарды жасаған өзінің апасы Ерофееваның әдепсіздіктерін көріп тұрса да ол жайында тіс жармайды.    

суретте Табын Бөкенбайдың моласы

«Қазақтың Геродоты» деп дәріптейтін тарихшы А. Левшин үш томдығына өзінен бұрынылардың жазбаларын бастан аяқ пайдаланса да сілтеме жасамаған. Хош, бұл әрідегі адам дейік. Беріде ғұмыр кешкен Әлкей Марғұланның ғылыми зерттеу мақалалары топтастырылған «Ежелгі жыр, аңыздар», «Қазақтың сал, серілік дәстүрі», атты т.б. кітаптарында да қолданылған өзге авторлардың еңбектері көп жағдайда көрсетілмеген. Классик жазушы, әдебиетші ғалым әм белгілі тарихшы Мұхтар Мағауин да елге аян өзінің «Қазақ тарихының әліппесін» ешқандай сілтемесіз жазып шыққан. Тізе берсек кете береді. Демек, ғылыми ортаға әбден белгілі болған мәліметтің дереккөзін қайта-қайта көрсете беру – шарт емес.

Я.П. Гавердовскийдің Қарақұм жиынына қатысты деректерінің үзінділері, Тевкелеевтің «Журналы», т.б. Ерофеева дейін-ақ басылым беттерінде, баспадан жарық көрген. Исмурзиннің мұның бәрін сол тапқан еді деп қылғынуы – қайткенде де бізді «плагиат жасады» қып шығармақ болған арам ойы.     

Исмурзиннің өзі де 1723 жылы құрылтайдың болғаны, Алтай батырдың Қарақұмдағы бас қосуға қатысқаны, Табын Бөкенбайдың 1710 жылғы жиында ел алдында сөйлегені, Жәнібек, Алтай, Бөкенбайлардың әскерімен Бұлантыда жоңғарға соққы бергені жайындағы дереккөздердің сілтемесін көрсетпеген (астын сыздық.-Б.К.). Сілтемешіл «ғалымның» мұнысы несі?!

Жақсы, айтпақ пікіріміз – сөз ұқпайтын долы Исмурзиннің айдан анық ақиқатты теріс айналдырып көрсеткен өтіріктерінің төңірегінде ғана болмақ. Анықтап айтқанда, Бөгенбай шоқысы мен Қарақұмда өтті делінетін Қаракесек жиыны турасында. Тарих Ерофеева мен Исмурзиннің басыбайлы меншігі емес. Осылар не айтса солай болуы керек дейтін. Өтіріктеріне тек бас шұлғып.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясы құрамына енетін таудың ежелден келе жатқан атауын «Бөгенбайтанушы» дилетант Бөрібайдың «ертегілері» (1-бөлім) деген алдыңғы «мақаласында» ұяты кем Исмурзин «Бөгенбай» емес, «Бөкенбай» деп ашықтан ашық бұрмалап көрсеткен-ді. Сол өтірігін анық айғақтармен әшкерелегенбіз.

«Исмурзиннің түк дәлелдері жоқ өтіріктері» атты сын мақаламызда (14.05. 2025 жыл) келтірген сол дәлелдерімізді толықтырып, назарына қайыра ұсынып отырмыз. Исмурзин жалтарып, беталды лаға бермей бәлкім, бұл жолы бұлтартпас нақты жауабын айтар (астын сыздық.-Б.К.).

1845 жылы Жармолада (қазіргі Ырғыз) Орал бекінісін тұрғызуда басшылық жасаған орыс офицері И.Ф. Бларамберг былай деп жазып қалдырған: «Главныя отрасли Мугоджарскихъ горъ, сут: а) На востокъ отъ г. Айрюка и вершинъ Чит-Иргиза отделяется скатъ подъ названіемъ Бакумбай-Тау (астын сыздық.-Б.К.) и проходя между р.р. Иргизомъ и Каулджуромъ близь озера Ходжа...» (Қараңыз: Военно-статистическое обозрение Российской империи. Т. XIV, часть 3. [СПб,] 1848. Стр. 10.).

Мұнда қазіргі Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясы құрамына енетін, таласқа түскен шоқының атауы – бұдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын «Бакумбай-Тау» деп түзілген. Осының өзі-ақ биіктің ежелден «Бөгенбай тауы» деп аталап келе жатқанын дәлелдейді.

Ескерте кетейік, Тевкелеевтің, Рычковтың, Леваневскийдің, т.б. еңбектерінің, Ресей империясы тұсында жарық көрген карталардың, архив құжаттарының біреуінде де Табын Бөкенбайдың есімі «Бакумбай» деп жазылмаған. Бәрінде «Букембай» не «Букенбай» деп түзілген. Сондықтан орысша бұрмаланып түзілген «Бакумбай-Тау» (Бөгенбай тауы) атауына Табын Бөкенбайдың еш қатысы жоқ.    

Қолымызда бұдан қырық жылға жуық бұрын жарық көрген Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы карта бар. Мұнда «240,3. г. Богенбай» деп тайға таңба басқандай жазылған. Және былай деп дерек берілген: «Составлено по карте масштаба 1: 50000, созданной по материалам съемкий 1962 г. (астын сыздық.-Б.К.) Исправлено по карте масштаба 1: 50000, обновленной в 1987 г.» (Қараңыз: 1-картада. Бөгенбай тауы немесе шоқысы).

Тағы бір картаны ұсынайық. Онда: «Бұл карта 1976-1993 жылдардағы материалдар бойынша (астын сыздық.-Б.К.) РМҚК «Картография» баспасында құрастырылып, дайындалды. Карта 2001 жылы түзетілді», – делінген. Міне, осы картада «Бөгенбай тауы» (240 м.) деп қазақша ап-анық түзілген. (Қараңыз: №2 картада. Бөгенбай тауы немесе шоқысы).

Ақтөбе облысы территориясының көлеміне, жер-су атауларына қатысты мәліметтер түзіліп, әр жылдары жарық көрген басқа да мынадай карталар бар: 

а) «Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. Картаны 2012 жылы РМҚК-ның Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» жасап, баспаға дайындап және басып шығарды». Осында пікір өзегі болып отырған шоқы «Бөгенбай тауы» деп көрсетілген;

ә) «Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. Картаны 2023 жылы жаңартып және баспаға дайындаған «Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы». Мұнда да «Бөгенбай тауы» деп жазылған дерек тұр. 

Осы шоқы туралы дерек «Қазақстан табиғаты» атты энциклопедияда былай деп тайға таңба басқандай жазылған: «Бөгенбай – Шалқар-Ырғыз автомоб. жолы бойындағы шоқы. Ақтөбе обл. Ырғыз ауд. Ырғыз а-нан оңт.-батысқа қарай 45 км жерде. Абс. биікт. 240 м. Оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені шамамен 300 м-ге жуық. Батысынан Ырғыз өз-нің кішігірім саласы – Талдысай өз. өтеді. Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр (шамамен 1700-60 ж. өмір сүрген) жерленген» (Қараңыз: Қазақстан табиғаты. А-Е. 1-том. Бас ред. Б.Ғ.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2008 жыл, 272-бет).

Энциклопедияның Бас редакторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Бүркітбай Аяған ай қарап отырған ба сонда, Исмурзин айтып жүрген «Табын Бөкенбайдың шоқысын» «Шекті Бөкенбайдың шоқысы» деп жаңсақтасып енгізіп?! 

Көшпенді заманда Шектілердің Ұлы Борсық құмы бойынан Сарысай, Талдысай өзендері бойын қуалай отырып, Жармоланың батыс жағында орналасқан Қоянбұлақ, Бөгенбай шоқысы мен Айырқызыл құмын жайлағаны – тарихи шындық.   

Мұны Жармола өңіріне (қазіргі Ырғыз) 1841 жылы сапарлап келген орыс офицері И. Бларамбергтің мына дерегі былай деп бекітіп тұр: «После 28-верстного перехода по равнине с рыхлой песчаной почвой мы сделали 17-го остановку в урочище Айри-Кизил (астын сыздық.-Б.К.). Термометр показывал 28°. Здесь мы обнаружили замечательные пастбища. Иргиз в этом месте образует маленькие озера, заросшие камышом. Тут расположилось много аулов племени чикли (астын сыздық.-Б.К.). Султан Тиргази-хан нанес мне визит; он привел с собой даже свою семью. Впервые я угощал киргизских дам чаем и конфетами из Киева, которые им очень понравились. Я подарил им ножницы, зеркала, гребенки и иголки, и они покинули мою кибитку очень довольные. Вечером султан прислал мне в подарок двух овец...»  (Қараңыз: Бларамберг И. Ф. Воспоминания. Пер. с нем. О. И. Жигалиной и Э. Ф. Шмидта. Вступ. статья Н. А. Халфина. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1978. Стр. 233-234).           

Пікір өзегі боп отырған шоқыға қатысты мына бір оқиғаны Рахметоллаұлы Сембай аға (1947) былай деп әңгімелеген-ді: «1971 жылдан 1980 жылға дейін Шалқар ауданының Сарыбұлақ совхозында дәрігер болдым. Қызметке келген жылым еді, Өтеш деген қойшының әкесі сырқаттанып, шақыртумен соған бардым. Үйі ауылдан он шақырымдай жерде екен. Қарттың есімі – Ізтілеу деген, Қабақтың Құдасымын дейді. Жасы сексенде. Арық қара кісі. Ем-домымды жасап болғасын, қайтқалы жатыр ем, баласы мал сойып қойыпты. «Дәм татып кетіңіз!» дейді. Сонан амал жоқ кідіруге тура келді. Дастарқан жайылып, әуелі шәй келді. Қарт әңгімешіл екен. Құдас Қалыбек болыстың қазаншысы бопты. Таратыңқырап айтқанда, қонақ күтушісі. 15-16 жастағы кезі екен. Айта кетейін, осы Қалыбектің есіміне таңылып, ел есінде әлі күнге шейін сақталып қалған «Қалыбектің қырық жолы» деген бар, Бозойға қарай шығады. Ертеде Қарақалпақстанға сауда жүргізіп баратын, сол жақтан бері келетін керуендер сонымен жүрген. Ұлы Борсық құмының ішінде «Қалыбектің қыстауы» аталатын жер де бар...

Ізтілеу қарт «Қалыбек бай әділ әрі жомарт еді» дейді. «Қонаққа екі кісі келсе қой соятын, бес адам келсе тай соятын» дейді. «Пейлі кең болғасын ба, кеткен малының орны еселеніп толып жататын. Ешкім кемдік көрмеді, бәрі де тоқ жүрді» дейді.

Атам Ділмағамбеттің тәрбиесінде өстім. Содан болар ғибратты әңгімелерді тыңдауға құмар едім. Ізтілеу қарттың сөзіне қызығушылықпен құлағымды тостым.

Ол әңгімесін одан әрі былай деп жалғады: «Қабақтың Жангелдісінде екі адам бар, елдің алдында сөз айтқан. Бірі – Бүркітбай бай болса, екіншісі – Бөгенбай батыр. Осы туралы қозғайын. Бір оқиғаға байланысты еді. 

Бірде Қарақалпақстаннан бір топ ағайын келіп түсті үйімізге. Жармоланың жәрмеңкесіне бара жатыр екен. Бес-алты отар қойы бар айдаған. Келесі күні әкем айтты: «Балам, мына туыстарға жол көрсетіп барасың», – деді. Содан мен де малымды қосып, жол бастап шықтым. Күздің бір жайлы уақыты еді, асықпай бабымен жүріп отырдық. Асығыс айдап малдың күйін түсіріп алмайық деп. Жол бойы – су. Жер отты. Осы жүріспен бірнеше күннен кейін бір шоқының жанына кеп аялдадық, жолға келесі күні ертелетіп шығатын боп. Ауқаттануға отырдық. Сонда топтың ішіндегі ең үлкен бір ақсақалы маған: «Әй, Қабақтың баласы, мына шоқыда атаң Бөгенбай батырдың жатқанын білесің бе? Сонау жаугершілікте елді қорғаған. Қалмақтармен соғыста шаһид болған. Осы тауды қарауыл  қылған. Ұшар басында от жағып белгі береді екен. Жаудың келе жатқанын хабарлап. Сол атаңның жаны осы жерде байсал тапқан, қарағым, біле жүр есіңе сақтап!» – деді нығарлап. Дұға бағыштады.

Айран-асыр болдым. Шоқыға қайта-қайта назарым ауа береді. Өте биік. Күн байып бара жатқан шақ еді... 

Таң сыз бергенде қайта жолға шықтық Жармоланы бетке алып. 

Кейін «арнайы барып, дұға жасап қайтсам» деген ой жүрді көкейде. Бірақ күйбең тіршілікпен соның реті келмей-ақ қойды», – деп аяқтап еді сөзін Ізтілеу қарт».        

Шоқының атауы «Бөкенбай» емес, бұрыннан «Бөгенбай» боп аталып келе жатқанын Әлім Төрқаранның Қаракісісі, оның Мазы аталығынан өретін Исламғали Өтепов есімді қарт та былай деп куәландырады, сөзін ықшамдап берейік: «Осы күні «Қызылжар ауылдық округі» деп аталатын өңірде 1937 жылы дүниеге келгенмін. Бұл – бұрынғы Шабаған колхозы еді, кейін атауы өзгеріп, Калинин атындағы колхоз аталды. 50- жылдардың аяғында совхоз боп құрылды. Қияс Сәрсенбаев деген азамат басқарды. Шаруашылықта 83 мың қой, 3 мың сиыр, 4 мың жылқы  болды... 

Жердің сұлуы, көркі – Керегешың мен Суықбеттің ортасында Бөгенбай шоқысы тұр. Аулымыздың оңтүстік бетіндегі алыстан көрініп тұратын осы биіктің тарихын сан мәрте естідік. Әкемнен, атам Тоғымбайдан, елдің қарттарынан. Ертеректе Сүйіш деген ақсақал болған-тұғын елдің шежіресін жетік білетін. Шалқар жақта тұрды. Басқа да үлкендер бар еді. Солардан талай тыңдағаным айтпағым. 

Бала кезде бұл шоқының басына талай шықтық та. Үлкендер «Анау тұрған, жарықтық, Бөгенбай шоқысы ғой!» деп мейірлене қарап, жылы сөзбен атаушы еді. 

Жарбұлақ, Қоянбұлақ деген жерлер бар. Тауға жақын. Сол маңды совет өкіметі тұсында Шалқар ауданының малшылары жайлады... 

Қалмақтардан қорғану үшін шоқыны қарауыл төбе қылған дейтін көнекөздер. Жаугершілік заманда. Осы жерде ел малын бағып, тіршілік кешкен. Калинин совхозының солтүстігінде Бесоба деген шың бар. Кіндік қаным тамған жер бұл. Ой-шұқырын, шежіресін жақсы білемін... Ерте заманда осында жүрген қарауыл мен Бөгенбай шоқысындағы жауды аңдып отырған шолғыншылар бір-біріне белгі берген қалмақтардың келе жатқанын хабарлап. Түрлі әдістерді қолданып. Қарттар соның бірін былай әңгімелейтін:«Табиғи бор топырақты майдалап үгітіп, дорбаға салып жүреді екен. Жауды байқаса әлгі шолғыншы сол ұнтақты аспанға қарай шашып жіберіп, етекке жылдам түсіп кететін көрінеді», – деп. Сол кездегі көздің өткірлігіне таңқаласың. Сонда сонау Бесобада отырған қарауыл соны көреді екен дейді. Екі таудың арасы шамамен 30-35 шақырымдай. Саңырығын шашып ұшып кеткен қарақұспен шатастырып, «бізді ешкім байқамады» деп өздерін қауіпсіз сезінген жауға осындай әдіспен де қапыда соққы берген екен дейтін қарттар. 

Шоқы атауын Табын Бөкенбайға теліп жүрген әңгіме – беріректегілердің жаңсақ сөзі. Жалған айта алмаймын, оның бұл тауға қатыстылығын шежіре қарттардың біреуі де атап айтқан емес, естімедім де. Бәрі де «Бөгенбай шоқысы», «Бөгенбай батыр» дейтін. 

Менің туған өңірім – Ырғыз жақта қазіргі күні ескілікті әңгімелерді білетін өзім қатарлы адамдар қалмады десе де болады. Көбісі о дүниелік боп кетті».

Исламғали қарттың атаған биігі – Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы 1976-1993 жылдардағы материалдар бойынша РМҚК «Картография» баспасында дайындалып, 2001 жылы жарық көрген картада «Бесоба тауы» (232 м.) деп таңбаланған. 

Ақтөбе қаласының тұрғыны Мереке Жамалов (1958) шоқының тарихы туралы балалық шағында естігенін былай әңгімелеп еді: «70-жылдардың бас кезі. Әкемнің ағасы Әбдіғали қой бағатын. Күмісбай деген жерде отырды. Талдысай өзеніне жақын. Сонда барып қозыларды жайып, қолғабысымды тигізетінмін. Атқа мініп жүру – қызық. Сонан сол маңдағы биік шоқыларды көкемнің Самат деген баласы екеуміз аралаймыз. Араларында ағып жататын бұлақтар бар еді, талдар өсіп тұратын. Бөгенбай шоқысына үш-төрт рет бардым. 

Бала болсам да әлі есімде, бергі беті тік еді. Жаяу шыға алмайсың. Таудың басына оңтүстік тұсынан етегін қиғаштай қапталдап шығатынбыз атпен. Үсті терең апан. Бойымыз көрінбейтін. Солтүстік жағын топырақпен жал қып соққан. Окоп пішінді. Ал оңтүстік тұсы сәл жайпақтау. Шұңқырдың ішінде тат басып кеткен винтовканың ұңғысы, бекітпесі, қылыштың шіріген қалдықтары жататын.  

1975 жылдың шамасы болар, телемұнара орнататын болды шоқының басына. Таудың етегіне вагондар қойылды. Қаптаған тракторлар жүрді. Жұмысты істеген орыстар еді, солар шоқының төбесін ысырды. Кемінде төрт-бес метрдей аласартты. Сол босаған топырақты сәл тіктеу боп келген Ырғыз жақ бетіне түйетайлап құлатты. Телемұнара табаны ауданының өлшемі шоқының сүйірленген енсіз басына үйлеспеді ме, кім білсін, соңында етек тұсына орнатты. 

Туған жерім – Ырғыз ауданының Құрылыс ауылы (қазіргі Қызылжар ауылдық округінің орталығы.-Б.К.). Руымыз – Қожа. Әкем Әбіл, шын аты – Әбдіуәли еді, 60-жылдардың аяғында жұмысын Шалқар ауданына ауыстырып, сонда көшті. Мен атам Жамал мен әжем Айманның қолында қалдым. Солардың тәрбиесінде болдым. Атамның қасынан қалмайтынмын. Тіпті кісі өліп күзетке баратын болса да еріп жүретінмін. Сондайда олар алма-кезек демалады. Біреуі ұйықтап жатса, екеуі әңгіме айтып отыратын...

Жұмабек, Талмырза деген қарттар сөзді көбіне тарихтан қозғайтын. Біздің ауылға алыстан мен мұндалап көрініп тұратын оңтүстік тұстағы шоқы жайындағы әңгімені олардың аузынан бірнеше рет естідім. Есімде қалған ұзын-ырғасы былай еді: жаугершілік заманда Бөгенбай деген батырдың басшылығымен нөкерлері топырақты етектеріне салып, таудың басына төге беріпті. Шоқыны сөйтіп биіктетіпті дейтін. Бөгенбай Заңғардың төбесі мен Қызылқабақтың қырына, Аманбай биігіне қураған талдарды үйдіріп қояды екен. Шолғыншылар жау келе жатса соны тұтатып жіберетін көрінеді бір-біріне белгі беріп... Батырдың есімін Бөгенбай деп айтып отыратын үлкендер. Анығы Бөкенбай емес. Бірақ қай рудан екенін білмедім».         

«Бөкенбайшылдардың» Бөгенбай тауын Табын Бөкенбайдікі қылып шығарамыз деп тыраштанған сасық ойлары бәрібір нақты мәліметтермен қайшы, тіпті үйлеспейді. Себебін көрсетейік. Тек «архив» құжаттарына сүйенетін «шоң тарихшы» Исмурзиннің ылғи жауап беруден жалтарып, безіп кететін деректі тағы да қайтара келтірейік.

1803 жылы Ырғыз өңіріне әдейі сапарлап келген орыс офицері Я.П. Гавердовскийдің өз қолымен түзген «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» деген жазбасында: «При воззрении на Буканбаевы горы и на маяк Буканбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такового их наименования. «В старину, – говорили они, – когда калмыки, притесня орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имел главное кочевье в горах, носящих теперь его имя, (астын сыздық.-Б.К.) где природа соединила все выгоды, потребные для жизни. Чтобы вернее спасти свое убежище от неприятелей, он располагал всегда свой в долине, окруженной отовсюду возвышенными местами, по коим паслись табуны под наблюдением расставленных на вершине гор караулов…  Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографческие описания казахских земель. Первоя половина XIX века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Том. V. Стр. 219-220).

Куә боп отырмыз, шоқыға жерленген батыр жайлы орыс офицері таңбалаған дерек мүлде басқа, мұнда «старшина Буканбай» қалмақтармен шайқаста қаза болып, өзі мекендеп, шолғын қылған биік шоқыға жерленген, таудың атауы соның есімімен аталған деп отыр.        

Ал Ресей империясының архивінде сақталған 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген құжатта Табын Бөкенбай өлімі жөніндегі деректер басқаша, бүй дейді онда: «Того ж мая 28 числа яицкое войско, чрез приехавшего ис Кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит… бытность кайсацкий владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцев для взятья у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их, кайсаков, всех побил до смерти» (Қараңыз: АВПР, ф. 122, 1742 г., д. 4, лл. 50-54 об.).      

Ажалы түрікпендерден болған Табын Бөкенбайдың денесі қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясына әкелініп, жерленген. Ұрпақтары беріректе жан-жаққа сауын айтып, ас беріп, басына белгі орнатқан (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 360-363, 412-415-беттер). (Қараңыз: суретте Табын Бөкенбайдың моласы).

Мәлімет екі түрлі. Деректердегі осы ап-анық айырмашылықтарды ажырата алмай «шоқының атауы – Бөкенбай» деп қоймастан көкезуленіп, сөз ұқпай жүрген Исмурзиннің маңдайындағы көз бе, әлде арам без бе?!

Тармақтарға бөліп, Исмурзин дегеннің назарына тағы да қайыра ұсынайық:

 а) Я.П. Гавердовскийдің мәліметіндегі «Буканбай» есімді адам қалмақтармен шайқаста өліп, тауға жерленген, шоқы соның есімін иеленген дейді;

ә) Ресей империясы тұсында құжатқа түскен деректе Табын Бөкенбай түрікпендерге 500 кісімен барымтаға барып, сонда 1742 жылы қаза болды делінген. (Жерленген жері – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы маңы.-Б.К.)

Өзін зор, білгіш санайтын Исмурзин беталды лағып өзеурей бермей, дәйегі жоқ бос сөзімен емес, бұлтартпас  айғақтарымен ұсынған осы деректерімізді түгелдей теріске шығарып берсін!

2. ИСМУРЗИННІҢ ҚҰЙТЫРҚЫ ОЙЫ

Бізді «тарихшы емес, архив ақтармаған» деп қорашсынып жүрген Исмурзин өзінің әлгі  өсек-аяңға, ызаға толы «Бөгенбайтанушы» дилетант Бөрібайдың «ертегілері» (1-бөлім) деген «мақаласында» Шекті Бөгенбайға қатысты мақаламызды теріске шығару үшін тарихтан дипломы жоқ Оразбай Әділбаевтың мақаласына жүгініп, оның мына сөздерін айғаққа тартады: «Бөгенбай батыр атағы Шектінің ұранына айналған Бақтыбай батырмен замандас, Жоңғар соғысының барлық шайқастарының арасында болған адам. Бөгенбай батырдың шамамен туған уақыты 1700-1705 жылдарға, ал өлген уақыты 1755-1760 жылдарға сәйкес келеді. Егер аталық арасын орташа 30 жылдан алсақ, Қабақты шамамен 1610-1615 жылдар, Тілеуді 1630-1635 жылдар туған деп жобалап жүрміз. Егер Қабақтан Жангелді, одан Жапалақ, одан Бөгенбай десек, туған жылы 1700-1705-ке тура келеді. Бөгенбай батыр шамамен 60 жасқа жақындағанда қайтқан қалмақтармен соғыс соғыста Ырғыз маңында қайтыс болған».

Мұны шындыққа жақындату үшін Исмурзин: «Ө.Ш. Жолымбетов те «Қабақ Бөгенбай батыр 1771 жылы Еділ бойынан Жоңғарияға көшкен қалмақтармен ұрыста қаза табады» деп жеткізген. Алайда А. Қарақовтың алғашында «Қазақ» газетіне, келесі жылы «Баһадүр батыр Бөкенбай» жинағына басылған «Бөкенбай батыр» мақаласындағы Шекті Бөгенбайдың өмір сүрген уақытына қатысты «XVIII ғасырдың басы – 1717 ж.» деп жаңылыс кеткен мәліметі кейінгі зерттеушілер үшін табан тірер басты дерекке айналды. Оған тереңірек үңіліп, яғни өмірден өткен жылындағы соңғы сандарының орындары ауысып кеткендігіне ешкім мән бермеді [Қарақов А. Бөкенбай батыр // Қазақ. – 2010. – 5-12 наурыз. – № 10-11 (471-472); Қарақов А. Бөкенбай батыр // Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе: С.Т. Жанәділовбаспаханасы, 2011. 152-153 бб.]», – дейді..

Әрі қарай бүй дейді «білгір»: «...А. Қарақов Қабақ Бөгенбайдың XVIII ғасырдың басы мен 1771 жылдың аралығында өмір сүргенін көрсеткісі келген. Мұны нақтылау үшін автордың өзімен хабарласқанымызда (27.05.2024), бұл мәліметті кезінде жазушы, журналист Ө.Ш. Жолымбетовтен (1939-2013) алғанын айтты. (Амантай Қарақұлы – 1946 жылы 28 маусымда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Оймауыт ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының докторы; Өмірзақ Шеріпбайұлы – 1939 жылы 25 қарашада Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл станциясы, Құмсай жұмысшы поселкесінде өмірге келген). Бірақ Бөкенбай шоқысы туралы ешқандай әңгіме қозғалмаған. ...Шекті Бөгенбай жөнінде Ө.Ш. Жолымбетов арқылы А. Қарақовқа жеткен ақпарат О. Әділбаевтың «Бөгенбай батыр атамыздың өмір сүрген уақыты Еділ қалмақтарының қайтқан кезеңіне тура келеді» деген пікірімен толық үндеседі [Әділбаев О. Шектінің Бөгенбай батыры // Шежірелі өлке. – 2006. – 29 маусым].  ...Демек, ел жадында Шекті Бөгенбайдың 1771 жылғы «қалмақ қашу» кезінде қаза тапқаны сақталған» (астын сыздық.-Б.К.).

Тек кәсіби тарихшыларды мойындайтын Исмурзин өзінің бізге бағыттаған қарсы пікірін растауға келгенде архивтік дерек таба алмағасын тарих мамандығы бойынша дипломы жоқ адамдардың, атап айтсақ, О. Әділбаевтың, А. Қарақовтың, Ө. Жолымбетовтың сөздерін көлбеңдетеді, бұлардың да «мәліметтері» өз долбарлары екенін ойлауға өресі жетпей. Анау сөй деді, мынау бүй деді деп. 

Қысқасы, Исмурзин олардың осы сөздері арқылы Шекті Бөгенбайдың өлімін 1771 жылғы оқиғаға таңғысы келеді. Солай екеніне бұлтартпас архивтік дәлелдері жоқ болса да. Өзінің, тарихшы еместердің дәйексіз құр қиял-долбарларына сүйеніп.

«Буканбай бий киргизский», «старшина Буканбай» деп Я. Гавердовский қағазға таңбалаған Бөгенбай архив құжаттарында Мөңке би, Бақтыбай батыр, тағы басқаларымен бірге есімі аталуы керек еді. Аталмайды. Демек, ол 1771 жылға дейін бақи болған. Өмірде жоқ. Олай болса, пайымы төмен Исмурзиннің:  «...ел жадында Шекті Бөгенбайдың 1771 жылғы «қалмақ қашу» кезінде қаза тапқаны сақталған» деуі – бөстекі сөз!     

Ойы таяз, шалағай тарихшының мұндағы құйтырқылығы ап-анық байқалып тұр. Шекті Бөгенбайды 18-ғасырдың басында туып, 1771 жылы өлді деп, Қарақұмдағы Қаракесек жиынына қатыссыз қылып шығару. Осылайша «1710 жылғы бас қосуда сөйлеген Табын Бөкенбай еді» деген дәйексіз пікірін шындыққа айналдырып, бекіту.

Қайталап айтамыз, даурыққан парықсыз «бөкенбайшыл» топ пен көзіне ап-анық қып көрсеткен дәлелдерді ұғуға өресі жетпей жүрген Исмурзиннің «Шекті Бөгенбай 18-ғасырдың басында туып, 1771 жылы өлді» деген далбасалаған әрекеттері – Ерофееваның айғақсыз еш шімірікпей: «…1710 жылы Қарақұмда өткен Кіші жүздің игі жақсыларының тарихи құрылтайында Бөкенбай Қарабатырұлы алшындарды басты жауға қарсы күреске бірігуіне үндеп, жалынды, тарихи сөз сөйледі (астын сыздық.-Б.К.). …үш жүздің күллі ер-азаматын бір ғана мақсатқа бағыттаудың бастамасы, алғашқы сатысы болды», – деген өтірігін, оның бұдан соңғы: «Жоңғарларға қарсы шабуылға шығу жорығының басынан аяғына дейін Бөкенбай батыр үш жүздің біріккен әскери күштерінің жоғары қолбасшысы Әбілқайырмен иық тірестіре жүріп күресті және оның тікелей тапсырмасы бойынша Ұлытаудың оңтүстік беткейі мен Бұланты өзенінің аңғарынан Шу-Іле аймағына дейінгі әртүрлі географиялық нүктелерде өте күрделі әскери операциялар атқарды», – деген тағы бір жалған дерегін қайткенде де тарихта біржолата орнықтыруға бағытталған (Қараңыз: Ерофеева И.В. Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы. / Ауд. Мейірхан Ақдәулетұлы. – Алматы: Servise Press, 2018 жыл, 81, 159-160, 102-беттер).

Жақсы, енді Қарақұм жиынында сөйлеген «старшина Буканбайға» Табын Бөкенбайдың мүлде қатысы жоқтығын баяндауға көшейік.                   

3. ҚАРАҚҰМ ЖИЫНЫНА ТАБЫН БӨКЕНБАЙДЫҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ!

Я.П. Гавердовскийдің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» аталатын еңбегінде экспедицияға бағдар беріп, алып келе жатқан тархан Қаракөбек би мен Боранбай бидің, т.б. айтуымен түзіп кеткен, бүгіндері Исмурзин деген өз өтіріктерімен бұрмалап, құбылтып жүрген 1710 жылғы жиын жайындағы оқиға былай баяндалады: қалмақтың шапқыншылығынан әбден титықтаған қоңсылас отырған рулардың көсемдері Қарақұмда кеңеске жиналады. Қорғанудың амалын табу үшін. Осы бас қосуда үрейге бой алдырғандардың бірқатары қонтайшыға құлдық ұрып, бағынышты болуды ұсынады, енді біреулері мекенді тастап Еділ асайық дейді, қайсыбірі әр жаққа шашырай қашайық деген ой айтады. 

Жиналған рулар туралы мынадай мәлімет берілген: «К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (астын сыздық.-Б.К.). 

Әрі қарай оқиғаның қалай өрбігенін баяндап түзген Я.П. Гавердовскийдің өз мәтінін қаз-қалпында келтірейік, былай дейді: «Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай (астын сыздық.-Б.К.) уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают, (жолбастаушы тархан Қаракөбек би, Боранбай би, т.б. айтып отыр.-Б.К.) что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей (астын сыздық.-Б.К.). Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!».

Қарақұмда өткен Қаракесек жиынында сол замандағы Кіші жүз жұрты түгел мойындаған ғұрып бойынша Әлімдерден бұрын Табын руының бірінші сөз алуы, шешім айтуы, жол бастаушы боп танылуы көңілге еш қонымсыз. Мүлде сенімсіз. Мұның себептерін нақты айғақтармен ашып көрсетейік.

Күмән тудырып тұрған бірінші жайтты баяндайық. И.Ф. Бларамбергтің Ырғыз өңірінен қағазға түзіп алған деректерінде былай делінген: «Соңғы шешімді айту, кез келген іске төрелік ету – әуелі Әлім-Шөменге беріледі. Тұңғыш ұл болғандықтан. Олардың шығарған үкімдерін қалған рулар, Байұлы, Жетіру бекіген тәртіп бойынша бұза алмайды. Керісінше, Әлімұлы басқалардың шешімдерін қадағалайды, өзгертеді не кейінге қалдыра алады. Жиындарда сөзді әуелі бастайтын, бірінші болып дауыс беретін, ұйғарым жасайтын – Әлімұлы. Кіші рулардың ұсыныстарын орындауға міндетті емес» (Қараңыз: Военно-статистическое обозрение Российской империи. Т. XIV, часть 3. СПб, 1848. Стр. 74-75).

Мұның бұлай болуының әуелгі тарихын 1731 жылы қазаның 3-інде Ресей бодандығын қабылдауға қазақтарды үгіттеу мақсатымен Ырғыз өңіріне келген М.Тевкелевтің қағазға таңбалаған мәліметінен білеміз, былай дейді онда: «Сильной род алчин, а алчин разделяется на двое, то есть каракисяк и байулы. Каракисяк всех сильнея, щисляется шест родов, а имянно: чекли, каракисяк, чюмекей, дюрткара, каракете, караксакал… Байулы против каракисяк посредственный, а щисляется двенатцатцети родов, а имянно: адай, джаббас, алача, байбакты, берч, маскар, тазлар, исентемир, алтин, шихляр, (?) черкес, тана… Жедтиру, то есть сем родов, в Меньшей орде самые безсильные роды, а имяннно: табын, тама, кердеры, кереит, джагалбайлы, тиляу, рамадан».

М. Тевкелевтің жазбасында бұдан әрі былай баяндалады: алшындар яғни, Қаракесек (Әлім-Шөмен) пен Байұлы көп еді, әрі күшті еді. Бұлар бөлек-бөлек жүрген жеті руды (табын, тама, кердері, керейт, жағалбайлы, телеу, рамадан) жиі ренжіткен. Қырғыз-қайсақтардың (қазақтардың) әдет-ғұрпы бойынша, кеткен есесін қайтару үшін олар алшындардан барымта ала алмаған. Бас көтерсе басып тастап отырған. Аталған бұл рулар Түркістанда тұратын Тәуке ханнан алшындардан қорғауын сұрайды. Ол ақылды адам болған, қырғыздар (қазақтар) оны қатты құрметтеген. Солай болса да ханнан қорықпаған… Алшындардың әлімжеттігінен құтқару үшін хан амалға көшеді, олардың басын біріктіріп,  топтастырады да «Жеті ру» деп атайды. Бірақ сол әлсіз күйінде қалады» (Қараңыз:  Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 406).

Қасында тілеулес, қорған боп Табын Бөкенбай жүрсе де Тевкелев сол заманның ақиқатынан айналып өте алмай осылай деп отыр. Баяндап өткен дәстүрдің 1731 жылдың өзінде де Кіші жүз рулары арасында әлі күшін сақтап тұрғаны анық аңғарылады. Көшпенділердің ежелден келе жатқан бұл заңы маңызын жоғалтқан болса Тевкелеев оны қағазға түсірмес те еді (астын сыздық.-Б.К.) Мұны елшінің деректері растай түседі. 

Тевкелеев бір сөзінде бүй дейді: «Қарсы жақ шабуылдаған жағдайда Уфадағы башқұрттарға, Жайық казактарына көмек беру жөнінде жарлық жіберілсе Бөкенбай батыр солармен бірігіп, күйеу баласы екеуі Қазақ ордасын екі жылда Ресейге бағындырып беретініне уәде етті» (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 63).

Күллі Қазақ ордасын айтпағанда, сөзі әуелі Әлім-Шөменге расымен жүретін болса Бөкенбай бұлай демес еді. Һәм айбынымен өзгелерді ықтыра алатын шын батыр басқалардың күшін қажет қылмасы да анық. Бұл жайт Табындардың аға баласы Әлімдердің алдында әлі де әлсіз екенін дәлелдей түседі. 

Тевкелеев өзінің он бес жылқысын Алшын-Жаппас Баймұрат батырдың алдына салып, айдап кеткенін қамығып жазады (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 55). Оның сөзін сөйлеп, қамқор боп жүрген батыр Бөкенбай осы сәтте әрекетсіз қалған…

1732 жылы Хиуа мен Бұқарға бара жатқан артиллерия полковнигі Гарбердің керуенін Шекті Бақтыбай батыр бастаған 150 адам қоршауға алып, мал-мүлкін тонап алады (Қараңыз: Центрархив СССР и РСФСР. Красный архив. Исторический журнал. Том пятый. (Семьдесят восьмой). Государственное социально-экономическое издательство. Москва. 1936. Стр. 89).

Осы оқиғаға қатысқан Батыр сұлтан туралы Тевкелеев былай деп жазады: «...Батыр салтан многократно просил меня со слезами, чтоб я отписал об нем в государственную коллегию иностранных дел (л. 155) ево оправдать, понеже, хотя зделали таку пакость кайсаки, а злое слова осталось на него» (Қараңыз: Центрархив СССР и РСФСР. Красный архив. Исторический журнал. Том пятый. (Семьдесят восьмой). Государственное социально-экономическое издательство. Москва. 1936. Стр. 89).

Ал Бақтыбай ханға да, елшіге де жалынып-жалбарынып, кешірім сұрамаған. Түк болмағандай алаңсыз жүре берген. Тевкелеевтің өзі де: «...касаки люди вольныя и ханов мало слушают», – деп мойындап растайды (Қараңыз: Центрархив СССР и РСФСР. Красный архив. Исторический журнал. Том пятый. (Семьдесят восьмой). Государственное социально-экономическое издательство. Москва. 1936. Стр. 89). 

Әбілқайыр ханды кейде жүре тыңдайтын, тіпті құлақ аспай кететін кездері де болған Алшындардың бодандықты жақтаушы, тек өз руына ғана қожа Табын Бөкенбайды көзге ілмейтіндері осы мәліметтерден-ақ белгілі боп тұр ғой. 

Олай болса, Қаракесек жиынында, ескі заманда қағазға түсірілген нақты деректің куәлік етуінше, әлсіз рудың өкілі Табын Бөкенбайдың ежелден келе жатқан қатаң тәртіпті бұзып, ел алдына суырылып шығуына өз батырлары баршылық Әлімдердің жол бере қоюы, оны жолбастаушымыз деп тани қоюы – өте күмәнді. Бұрмалау.  

Қисыны келмей тұрған екінші жайтқа көшейік. Қарақұмда ел алдында сөйлеген «старшина Буканбайды» қалмақтармен шайқаста өліп, қазіргі күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясы құрамына енетін шоқыға жерленген «старшина Буканбайдан» бөліп-жарып қараудың еш дәлелі де қисыны да жоқ. Екеуі – бір кісі. Бір-бірінен бөлек адамдар болса Әлімнің рубасылары бұларды ажыратып, анықтап айтар еді. Бірін Шекті, енді бірін Табын руынан деп. Бірақ олай бөліп айтпаған. Демек, бұл – Бөкенбай емес, Бөгенбай! 

Шүбә тудырып тұрған үшінші жайтқа тоқталайық. 1710 жылғы Қаракесек жиынындағы жаңағы сөздің иесі – Табын Бөкенбай дейін десек, «Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деген сөз оның жасына еш сәйкеспейді, күмәнді. Бұл кезде ол 43 жаста екен. Оның дүниеге келген нақты уақыты – «1667 жыл» деп тұжырымдалған (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 343-бет). Және мұның Табын Бөкенбай екенін дәйектейтін ешқандай бұлтартпас құжат не басқалай айғақ жоқ. Олай болса, өзін білгір санайтын Исмурзиннің еш дәлелсіз «Ел тағдыры таразыға тартылған тұста Бөкенбай батырдың (астын сыздық.-Б.К.) жалынды сөзі жиналған жұртшылықтың жігерін жанып, ар-намысын оятты» деуі – оның бұрмалаған кезекті өтірігі.     

Бұл деректерді қорытындылай келгенде анықталған жайт: Я.П. Гавердовскийдің еңбегінде айтылатын, 1710 жылғы Қаракесек жиынына қатысып, елді бірлікке шақырған да, соңында өз жұртының мал-жанын, мекенін қалмақтардан қорғап, алпыстың ол жақ, бұл  жағында шаһид кешіп, шоқыға жерленген де – бір адам. Қайталап айтамыз, ол – есімі «Буканбай» деп орысша бұрмаланып таңбаланған Алшын-Шектіден шыққан Бөгенбай батыр!

Баяндалған осы жайттардың әрқайсысын «мен бәрін білемін, бәрін мен білемін» деп жағы талмастан өзеуреп жүрген Исмурзин нақты мәліметтермен, архив құжаттарымен айғақтап, жоққа шығаруы керек. Жалтарып, беталды лақпай.   

4. 1710 ЖЫЛҒЫ ЖИЫН – ҚОҢСЫЛАС ҚАЗАҚ РУЛАРЫНЫҢ ШАҒЫН БАС ҚОСУЫ

«1710 жылы өтті» делінетін Қаракесек жиынына Исмурзин шолақ ойлап жүргендей күллі Қазақ ордасы қатыспаған. Бұл – Ырғыз Арал, Қарақұм маңайларында көшіп-қонып жүрген қоңсылас қазақ руларының шағын ғана бас қосуы-тын.   

Я.П. Гавердовскийдің еңбегіндегі Әлімнің рубасыларының берген мәліметтерін бұрмалаудың басында тұрғандар: Л. Мейер (Киргизская степь Оренбургскаго ведомства.1865), Н. Аполлова (Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века. 1948), В. Моисеев (Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIIIвв). 1991), И. Ерофеева (Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. 1999; Рыцарь звания чести, Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы 2017), т.б. 

Гавердовскийдің еңбегіндегі мәліметтерге атүсті қараған бұл тарихшылар 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынын тым әсірелеп «Қазақ ордасының тағдырын шешуде аса маңызды орын алды, жоңғар шапқыншылығына қарсы үш жүзді біріктірді» деп бағалады, дәйексіз тұжырымдар жасады. Ойдан қосқан өздерінің жалған деректерімен жамап-жасқады. «Буканбай» деп таңбаланған Бөгенбайды әуеліде Қанжығалы Бөгембай деді. Беріректе пайда болған «бөкенбайшыл» топ Табын Бөкенбай деп даурықты. Енді сол өтіріктерін тарихта орнықтырмаққа жанұшырып, Исмурзин сияқты ойсыздарға жел беріп, небір сорақылықтарға барып жүр.  

Ақиқатында Гавердовскийдің жазған оқиғасы – қоңсылас қазақ руларының азғантай бөлігі өткізген Арал айналасындағы бас қосуы туралы һәм Қаракесек бірлестігі (Әлім-Шөмен) тұрақты жайлайтын Ырғыз, Елек, Ұлы Борсық құмы, Қарақұм өңірлері мен Байұлы, Жетірудың бір бөлігі көшіп-қонатын Жем, Сағыз төңірегіне келіп, мал-жанға шабуылдап тұратын Еділ бойының не Білеуті өзені маңайын сол кездегі жағдайларға байланысты біршама уақыт қоныс қылған қалмақтармен батыс аймағының шағын ауданында өткен қақтығыстар жайында-тұғын.    

Нақты құжаттарға сүйеніп, Жоңғар-қалмақ хандығының тарихына байланысты жағдаяттың бәріне егжей-тегжейлі тоқтаған, сонымен бірге өзге жұрттармен қарым-қатынастары да баяндалған еңбектерде, біз сан мәрте ақтарып, сүзіп шыққан басқа да бірнеше ондаған дереккөзде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиыны жөнінде, сонан кейін болды дейтін қазақ-қалмақ шайқасы туралы тым құрыса бір ауыз мәлімет жоқ. Мүлде елеусіз қалдырған. Атамайды. Бәрін тізіп шығу міндетіміз емес, сонда да сол еңбектердің бірқатарын дәлелге тартып, атап өтейік: 

       а) Бакунин В.М. Описание калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев (сочинение 1761 года). Элиста, 1995;

      ә) Историческое обозреніе ойратовъ или калмыковъ съ XV столетія до настоящаго времени.  Санктпетербургъ, 1834;

      б) Калмыки. Историческій очерк. Составилъ М. Новолетовъ. С-Петербургъ, 1884.

      в) Позднеев А.М. Въ исторіи зюнгарскихъ калмыковъ. С-Петербургъ, 1887.      

      г) Пальмов Н.Н. История Калмыцкого народа за время его прибывания в пределах России. Астрахань, 1922.

      ғ) Пальмов Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Часть I. XVII и XVIII века. Астрахань, 1926;

      д) Пальмов Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Часть II. XVIII век. Астрахань, 1927;

      е) Пальмов Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Ч. III и Ч. IV. Астрахань, 1929;

      ж) Златкин И. Я. История Джунгарского ханства. (1635-1758). Москва, 1983;     

      з) История Калмыки с древнейших времен до наших дней. 1-том. Элиста, 2009.  

Қалмақтардың өзге халықтармен қарым-қатынастарын, бастарынан өткізген түрлі тарихи жағдаяттарын зерделеген кейінгі зерттеушілер де өз еңбектерінде 1710 жылғы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынын сөз қылары анық еді. Аса маңызды болса. Бірақ ешқайсысы да бұл жайында тіс жармаған.     

Архив деректерінде және жоқ. Мұның өзі аталмыш бас қосудың, анықтап айтқанда, Қаракесек жиыны (құрылтай емес!) тұтас Қазақ Ордасы мен Жоңғар хандығы үшін саяси жағынан елеулі оқиға ролін атқармағанын ап-анық қып көрсетіп тұр (астын сыздық.-Б.К.).

       Қайталап айтамыз, шынында да 1710 жылғы жиын – Арал, Қарақұм, Ырғыз маңдарын жайлайтын қоңсылас қазақ рулары өткізген шағын ғана бас қосу-тын. Әлімнің рубасыларының аузынан 1803-1804 жылдары жазылып алынған мына дерек те бұны бұлтартпастан былай деп бекітеді: «К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (астын сыздық.-Б.К.).

       Демек, Исмурзин сықылды шалағай тарихшылардың «1710 жылы Қарақұм құрылтайында Табын Бөкенбайдың айтқан жалынды сөзі Қазақ ордасының тағдырын шешуде аса маңызды орын алды, жоңғар шапқыншылығына қарсы үш жүзді біріктірді» деп жүргендері – ойдан шығарған дәйексіз бөстекі сөз!

     5. «ӘБІЛҚАЙЫР 1710 ЖЫЛЫ ХАН БОП САЙЛАНДЫ» ДЕУ ДЕ – БҰРМАЛАУ!

       Шекті Бөгенбай мен Табын Бөкенбайға қатысты даудың негізін қалап беріп кеткен шалағай тарихшы Ерофеева деген өзінің «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» деп аталатын кітабында қоңсылас қазақ руларының Қарақұмда өткізген шағын жиынына қатысты оқиғаны былайша бұрмалайды: «Таким образом, процитированное предание утверждает, что Абулхаир был поднят на белой кошме именно в 1710 году...» (Қараңыз: Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы, «Санат», 1999. Стр. 108).

       «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» атты еңбегінде Я.П. Гавердовский: «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем» деп таңбалаған. Аудармасы: «Осы кезде Әбілқайыр сұлтанды хандардың үлкен ұлы деп сайлады (немесе таныды) және ризашылық білдірген адамдар Бөгенбайды өздерінің жолбасшысы деп жариялады».

       Мінеки, куә болып отырмыз, мәліметте «Жиында Әбілқайырды ақ киізге көтеріп, хан сайлады» деген сөз мүлде жоқ. Демек, И.Ерофееваның қисынсыз долбары, бұрмалап ойдан шығарған жалған деректері еш уақытта ақиқат бола алмайтыны анық, солай екенін тармақтарға бөліп, атап көрсетейік:

       1. Қалай десек те 1710 жылға дейін Әбілқайырдың әлі саясат сахнасына жарқырап шыға қоймаған уақыты. Бірақ Кіші жүз руларының ортасында жүріп, ептілігімен, батырлығымен, батыл әрекетімен, қолайлы шешімдерімен көзге түсе бастаған сияқты. Осы себепті жиында Қаракесек бірлестігі, оны қолдап қосылған өзге рулардың кішкене бөлігі Әбілқайыр сұлтанды ханның нақ өзі емес, символы (белгісі) етіп таныған тәрізді. Яғни, «хан тағына алдағы лайық мұрагер» деген сипатта оған сырттай білдірілген ілтипаттары болар деп болжалдаймыз. Тұспалымызды Гавердовскийдің Әлім руы билерінің айтуымен қағазға түзіп алған «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской…» (астын сыздық.-Б.К.) деген деректің мазмұны да құптай түседі. 

       2. «Буканбайдың» (дұрысы Бөгенбайдың) елдің намысын қайрап, бірлікке шақырған сөзін Әлімнің рубасылары Я Гавердовскийге зор ықыласпен, құрметпен әңгімелеп берген. Ал біреулердің өзеуреп «жиында хан сайланды» деп жүрген Әбілқайыр осы кезде таққа шынымен отырған болса, ел назары түгел өзіне ауған шақта алдағы күндерге ыңғайлаған жоспарын жарияламауы не болмаса аталы бір ауыз лебізін білдірмеуі мүмкін емес жайт. Я.П.Гавердовскийдің экспедииясына жол көрсетіп келе жатқан Әлімнің рубасылары тархан Қаракөбек пен Боранбай би, т.б. хан тарапынан жасалған әрекеттерді де атап өтулері керек еді, бірақ ол жайында тіс жармаған. Бұдан Әбілқайырдың жиынға қатыспағаны анық аңғарылып тұр…  

       3. 1710 жылы Тәуке хан тірі. Билігіне әлі нық кезі. Мұны архивтік мәліметтер бекітіп, растайды. Олай болса, Ұлы Қағанның кіші буыннан өретін Әбілқайырдың Шыңғыстан бері келе жатқан үрдісті бұзып, онымен қатар хандық мәртебеге ие бола қоюы екіталай. Жайық пен Ертістің арасына, бір шеті Жетісуға дейін үстемдік құрған ортақ «Жеті жарғыға», басқа да заңдарға, тәртіпке Қазақ ордасының қарашасы да, би-сұлтаны мен бай-бағыланы да әлі түгелдей бағынатын кезең-тін бұл. Сондықтан шағын жиында бүйректен сирақ шығарып, Әбілқайырды хан етіп сайлауы ақиқатқа қайшы, мүлде қисынсыз!

       4. Әбілқайырдың хан атануы архивтік деректерге сүйенсек, Тәуке өлген соң 1715 жылдан кейін басталған.

Исмурзиннің апасы Ерофеева Я.П. Гавердовскийдің еңбегін мұқият оқып, ондағы баяндалған әр дерекке, әр деталға терең көз жіберіп, мән бермеген. Ғылымға, тарихқа жеңіл-желпі қараған. Архивтік мәліметтерді қалауынша бұрмалаған. Адалдықтың, тазалықтың жоқтығынан.    

Еске сала кетейік, И. Ерофееваға білікті тарихшылар кезінде мынадай сындар айтқан: а) архив құжаттарындағы мәліметтерді талдауында біржақтылық басым; ә) Әбілқайыр хан туралы зерттеуінде оны Ресей империясының көзқарасы бойынша бағалап, қателіктер жіберген; б) қазақ қоғамының ішкі динамикасын терең аша алмаған; в) Ресей империясының отарлық саясатын асыра дәріптеген; г) зерттеулерінде ғылыми әдістемеге сай келмейтін тұжырымдар мен көзқарастар байқалады; г) кейбір оқиғаларды тар түсінікте бағалаған; ғ) Бөкенбай батыр жайлы зерттеуіндегі кейбір тұжырымдары, деректері қайшылықты, т.б.    

  6. БӨКЕНБАЙДЫҢ ЫРҒЫЗ ЖЕРІН ҚОНЫС ЕТКЕНІ – ДӘЛЕЛІ ЖОҚ ӨТІРІК!

Ерофеева, оны даурыға қоштап, соңына ерген «бөкенбайшылдар» «Табын Бөкенбай XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ырғыз, Торғай өзендері бойын мекендеген» дейді. «Бұрын аралас жүрген рулар XIX ғасырдан бастап қана кейінгі қоныстарына орныққан» дейді.

Хош. Бөкенбай ғұмырын осы күнгі Ырғыз ауданы төңірегінде өткізді дейік, әрине, жалғыз емес, өзіне жақын руластарымен бірге. Оларға қатысты жер-су атаулары, не қорымдары қалайша сақталынбай қалған онда?! XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы түсірілген қолымыздағы Ресей империясы карталарында Жем өзенінің бүгінгі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясы құрамына енетін тұсында «Акъ-Джарлы-Букембай», «Пес. Букембай» деген атаулар тұр. Сонда «XVIII ғасырдың бірінші жартысында ғұмырын Ырғыз жақта өткізген, қатысы жоқ» делінетін Бөкенбайдың есімі бұл жақтағы жерлерге қалайша таңылған?! (Қараңыз: №3 карта).

Ақиқатында Бөкенбай Жем бойындағы қонысын тастамаған. Ханның шақыртуымен ордаға анда-санда өз адамдарымен келіп-кетіп қана жүрген, уақытша өз киіз үйлерін тігіп, сонда аялдаған. Зейін қойып оқыған адамға бәрі ұғынықты. Тевкелевтің «Журналындағы» мәліметтер толық куәлік береді бұған. Сондай-ақ, Әбілқайыр ханның мына сөзі де мұны айғақтап тұр: «И стал он, Тевкелев, ему, хану, говорить, далеко ль улус Букенбай-батыря, чтоб к нему со известием послать. И хан сказал: до него езды будет три дни. Очень-де далеко…» (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 55). 

Бұл мәліметті кейінгі мына дерек те бекітіп тұр. «Первое письмо батыря Букенбая Кириллову и Тевкелееву» деген тақырыппен 1735 жылы түсірілген мәтінде Табын Бөкенбай былай деп хабарлама берген: «И мы ныне, по присяжной нашей должности въ подданство, въ протекціи Ея Императорскаго Величества состоимъ во всякой верности и обретаемся въ вершинахъ Ори и Эмбы рекъ, (астын сыздық.-Б.К.) и въ чемъ мурзе нами дано было слово и съ нимъ переговорено, въ которыхъ держимся мы весьма неотменно и отдаемся въ волю вашу».

«Второе письмо батыря Букенбая Кириллову и Тевкелееву» деген атаумен жазылып қалған тағы бір мәтінде Бөкенбай және бүй дейді: «И, объявляя вамъ, что мы состоимъ въ верномъ подданстве и въ прежнемъ намереніи, въ чемъ переговорено было съ мурзою, и въ томъ держимся крепко, и жительство имеемъ въ вершинахъ Ори и Эмбы рекъ...» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Добромысловъ А.И. Матеріалы по исторіи Россіи. Сборник указовъ и другихъ документовъ касающихся управленія и устройства Оренбургскаго края. 1735 и 1736 годы. Томъ II. Оренбургъ. Типографія Ф.Б. Сачкова. 1900. Стр. 113-114). 

       Ұсынылған деректерді сараптай келгенде шығатын қорытынды мынадай:

а) орыс офицері Бларамбергтің 1841-1845 жылдары жазып қалдырған деректері, 1962-2023 жылдар аралығында әлденеше рет жарық көрген Ақтөбе облысы әкімшілік-аумақтық бөлінісі карталарында дау-дамайға айналған биіктің «Бөгенбай тауы» деп еш өзгеріссіз таңбаланып келуі, көнекөздердің баяндап кеткен әңгімелері – осы күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясына енетін шоқы атауының қалмақтар өлтірген Әлімнің Шектісінен шыққан Бөгенбайға тиесілі екенін толық бекітіп тұр.      

ә) «Табын Бөкенбай Ырғыз жерін қоныс етті» деген сөздің дәйексіз бос әңгіме екені анықталды.

Назарына біз ұсынып отырған осы деректерді, тұжырымдарды  Исмурзин түгелдей терістеп өзінің «...талас-тартысқа түскен шоқыны отандық тарихнамада табын Бөкенбай Қарабатырұлының есімімен байланыстырып келсе, кейінгі кездері шекті Бөгенбай Жапалақұлына телуге ұмтылған ой-пікірлер легі алға шығуда» (астын сыздық.-Б.К.) деген сөздерін нақты айғақтармен дәлелдеп шықса дейміз. Әй бірақ күмәніміз бар бұған. «Ауру қалса да әдет қалмайды». Ананы айтып, мынаны айтып, өсек-аяңды бықсытып кететін сияқты тағы. Қанына сіңген әдетімен.  

Әуелі ақиқатқа көзін жеткізіп алмай «Табын Бөкенбай Қарақұмда сөз сөйлеп, үш жүзді жоңғарларға қарсы жұмылдырды, Бұлантыда өзі қол бастап соғыс ашты, жеңіске жеткізді» деп жар салған өтірікке ерген, өзін зор санайтын Исмурзин шындықты мойындауға қатты намыстанады «айналама, достарыма күлкі боламын оларға білгір боп көрініп жүргенде» деп. 

Айтқандай, қоясын ақтарған шындыққа қарсы айтар айғақтары болмай аласұрған Исмурзин деген өзінің езбелеген «Бөгенбайтанушы» дилетант Бөрібайдың «ертегілері» атты мақаласын аудандық «Ырғыз» газетіне де бастырды. «Бөкенбайшыл» топтың «ақыл» беруімен. Сондағы құйтырқы ойы – байбалам салып, қаралаған сөздеріне ырғыздықтарды сендіру, адамдарға біз жайлы теріс пікір қалыптастыру. Бірақ түлкібұлаңға қалай салса да Исмурзиннің 1710 жылғы Қаракесек жиыны мен шоқы жайындағы, тағы басқа да көпірме сөздері оның ойдан шығарған мәнсіз өтірігі боп қала беретіні – дәлелдеуді еш қажет етпейтін ақиқат! 

«Бөкенбайшыл» топ пен Исмурзинді бір-бірінен ажырамастай қып матап тастаған не нәрсе екенін де айтып өтейік. Түйсігі бар қарындас біле жүрсін.

Айшадан жеткен хадисте Алла елшісі (С.Ғ.С.) былай депті: «Адамдардың жандары жауынгерлер сықылды, бірін-бірі ұғынысса ғана бірігеді, ұғыныспаса бірікпейді» (Әл-Бухари 3336, Муслим 2638). 

Имам Ибн әл-Әсир мұны: «Жаны бар денелер қалай жаратылғанына қарай бірігеді не бөлінеді. Осы себепті ізгі адамдар өздеріндей ізгілерді, ал күнәһарлар қасиеті кемдерді жақсы көріп, дос болуға ұмтылады», – деп тарқатып ашып, көрсеткен.  

Исмурзиннің «бөкенбайшыл» топтың «сен керемет білгішсің» деп көпшік қойғанына еліріп, бостан босқа шауып, арамтер боп жүргені – ұятының кемдігінен. Өресінің тым таяздығынан. Дәлелді сөздерге тоқтамай ылғи нақты жауаптан жалтарып, тақырыптан ауытқып, көкезуленіп лаға беруінің негізгі себебі – осы. 

Бұдан әрі қарай сөз таластыра беру – ештеңе ұқпайтын мылжың, парықсыз Исмурзиннің деңгейіне түсу екенін бек түсіндік. Алла ондай жамандықтан сақтасын!  

 

Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы.

      

     

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана-Павлодар автожолында жол апаты болды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Олардың төртеуін жедел...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қаржаубай Нұрымовтың отбасына жүйелі түрде қысым көрсетіп, тыныштығын бұзған азамат заң алдында жа...