Абай сүйген ұлттық ойын және оны жаңғыртқан Әуезов

Фото: ашық дереккөзден

MADENI TV
381

Ұлы ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының ұлттық ойын – тоғызқұмалақты ерекше жақсы көргені көпшілікке онша белгілі бола бермейтін тың деректердің бірі. Ал осы көне зияткерлік ойынды ХХ ғасырда қайта жаңғыртып, ғылыми және мәдени айналымға енгізген тұлға – көрнекті жазушы, ғұлама ойшыл Мұхтар Әуезов екені тарихи деректермен дәлелденіп отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Абай мұрасын күллі әлемге танытқан Мұхтар Әуезов ұлы ақынның рухани болмысына, оның дүниетанымы мен өмір салтына айрықша мән берген. Зерттеушілердің айтуынша, Әуезов Абайдың ақындық, философиялық көзқарастарымен қатар, оның зияткерлік ойындарға қызығушылығын да терең зерделеген. Соның ішінде тоғызқұмалақ ойынына деген ықыласын ерекше атап өткен.

Мұхтар Әуезов өз дәуірінде тоғызқұмалақты тек зерттеп қана қоймай, бұл ұлттық ойынды тұрақты түрде ойнаған. Ол арнайы шеберлерге тоғызқұмалақ тақталарын жасатып, оларды өзінің жұмыс бөлмесінде сақтағаны жөнінде деректер бар. Бұл – жазушының ұлттық мұраға деген шынайы құрметінің, қазақтың зияткерлік мәдениетін сақтап, дамытуға ұмтылғанының айқын көрінісі.

Заңғар қаламгер тұтынған сол тоғызқұмалақ тақталары бүгінде елордадағы Ұлттық музей қорында сақтаулы. Олар тарихи әрі мәдени маңызы зор жәдігер ретінде көпшілік назарына ұсынылып келеді. Бұл экспонаттар арқылы келушілер тек көне ойын құралын ғана емес, Абай мен Әуезовті жалғаған рухани сабақтастықты, ұлт ойының терең философиялық мәнін де сезіне алады. 

Тоғызқұмалақ – жай ғана ойын емес, ұлттың ойлау жүйесін, математикалық дәлдігін, стратегиялық қабілетін қалыптастырған асыл мұра. Абайдың бұл ойынға қызығушылығы мен Мұхтар Әуезовтің оны қайта жаңғырту жолындағы еңбегі – қазақ руханиятының терең тамырларын айғақтайтын маңызды дерек. Бұл сабақтастық ұлттық құндылықтарды бағалау мен ұрпақ санасына сіңірудің жарқын үлгісі болып қала бермек. 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов екінші жары Айманмен бірге қасиетті Мекке мен Мединаға қажылық сап...

ӘДЕБИЕТ

Апам екеуіміз күні бойы күй­бең­десек те, қыбыр-жыбыр тір­ші­лі­гіміз бір бітпей...