Биші Шара Жиенқұлованың шығармашылық мұрасына арналған «BIRLIK» ансамблінің кеші өтті
Фото: Қазақконцерт
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстан халқы бірлігі күні мен Халықаралық би мерекесіне орай ерекше концерт ұйымдастырылды. «BIRLIK-ЕДИНСТВО» атты бұл кеш қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі, аңыз тұлға Шара Жиенқұлованың шығармашылық мұрасына арналды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Концерт барысында көрермендерге әлем халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін бейнелейтін хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Бағдарламада қазақ, орыс, тәжік, өзбек, түрікмен және басқа да ұлттардың билері орындалды. Әр қойылымды әзірлеу кезінде би қимылдары мен костюмдердің этнографиялық нақтылығына ерекше мән берілді.
Іс-шараға «Наз» мемлекеттік би театры, «Вайнах» ансамблі, Үнді мәдени орталығы, «Нұрсәулемай» хореографиялық мектебі және «Gulder» ансамблінің балеті қатысты.
«BIRLIK» ансамблі – Қазақстандағы түрлі этностар мен мәдениеттердің ерекшеліктерін біріктіретін алғашқы көпұлтты өнер ұжымы. Оның басты мақсаты – әр халықтың өнері мен мәдениетін кеңінен таныстыру. Ансамбль құрылғанға дейін репертуарды жасақтау және әртүрлі ұлт өкілдері арасынан үздік бишілерді іріктеу бағытында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.
Ұжым алғашқы күндерінен бастап республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Олар Қазақстанның мәдениет күндері аясында Түрікменстан мен Арменияда өнер көрсетіп, көрермендер мен мәдениет өкілдерінің жоғары бағасына ие болды. Сонымен қатар Ресей, Қытай, Корея, Жапония, Англия, Франция, Австрия және басқа да елдердегі концерттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетті халықаралық сахнада насихаттап жүр.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Әнел Марабаева.