Қанды қаңтар: 4 жасар Айкөркемнің өліміне кінәлі деп танылған әскери қызметкер 7 жылға сотталды

Фотосурет: Ашық дереккөзден

Заң
841

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Меделханның өліміне кінәлі деп танылған әскери қызметкер 7 жылға сотталды, деп хабарлайды  madeniportal.kz.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтаған.

ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану бойынша (ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен) айыпталған әскери қызметші Ж.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған. Апелляциялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде істі қайта қарады.

«2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында, сотталушы Ж., блок бекетінде бола тұра, оның қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Нәтижесінде, алған оқ жарақаты салдарынан жас бала (2017 ж.т. А.Мелдехан) қайтыс болып, ал, кәмелетке толмағанына (2006 ж.т. Ж.Мелдехан) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді. ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды», - делінген Жоғарғы соттың хабарламасында. 

Сонымен қатар сот алқасы ҚР Қорғаныс министрінің атына әскери қызметшілердің жол берген заң бұзушылықтары, сондай-ақ оларды жою және одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы жекеше қаулы шығарды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.