Неге адамдар түніменен ұйықтамайды?Ойлайды,Ойлар оны улайды...Мүмкін, түнде түс көреді,Өзге жерді ме...
Ақын Ұларбек Дәлейұлының 7 өлеңі
4283
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап отырмақ. Бүгінгі ақын - Ұларбек Дәлейұлы! Мархабат!
Елегізу Сере сере, сере қар, Сені күттім селкілдеп, Күз бораны іргемді көтереді кеңкілдеп. .................................... Сеңгіл тұман ішінде боз шудасы желкілдеп, Боз жауында сонау-у-у жыл қалып қойған көшімнен. Бозадырда жоғалған інген кірді түсіме, Бір емшегі тесілген, Тілерсегі кесілген... Мынау мәңгүрт, меңіреу дүниені қарқ қып, Боз бұйдасын жұлқылап боздады-ау бір жарықтық! Қарашада қар жауар, қармен бірге зар жауар, Уа, Шығыс аспанын шулатпаңдар, қарғалар! Көзім жасын көп ішкен мұңаясың жер неге, Көшпенділ ер жебесі бата ма әлі кеудеңе? Мына әлемге һәм адал ниетімдей бір ізгі, Серіліктаудың басынан сыңсып жетті сыбызғы. Бүгін саған дүние, белгісіздеу дерегім, Алтай қолда тұрғанда Мен Мен едім, Мен едім. «Басы сайран, түбі ойран» – дүние жолы кіл аңғар, Тобылғы түбін босатып, неге ауады жыландар, Толарсақтан тер қатып, неге ауады бұландар? Мынау жансыз мезгілге сұрап тұрмын жан сауға, Ат шалдырып қайтайын атам құны бар тауға. Селдер жүрген бұлаққа жасым сығып қайтармын, Бұлақ басы суалса басым сығып қайтармын. Қарашада жауған қар тас бетінде ериді, Тасқа туса тарлан боз табан күші кемиді... Ақ тұмсығын күн шалған Аспан текті шайырдан, Оңқай соққан құба жел! О, құштарын айырман! «Ақын симас табытқа» теріс біткен өлеңмен, Түннің зілдей мүрдесін көтеріп ап келем мен... Балқашта ақшам Балқашта ақшам. Су беті жарық, Үрейді меңзеп шоршиды балық. Мұңлы бір жырды оқимын ұзақ, Көзімнің жасы жиекке тамып. Балқашта ақшам. Су беті айғыз, Айдыннан алыс ұшады байғыз. Жалғыз қайықта сыңсиды сырнай, (Кімді аңсап әнге салды екен қай қыз)? Ақ мұнар әне, шемен боп шөккен, Қамыстар әне, өлең боп кеткен. Кешірші мені, Алтайдың белі, Келе алмадым ғой, ...Келем деп кеткем. Есімнен өшпес, есіл құрақ күн, Дариға-ай! Сені несін жылаттым?! Басымнан күнде құлан су ішіп, Балқашқа жеткен жетім бұлақпын. Ол да мезгілге тоналар, Аға, Құм – кебіндерге оранар, Аға! Түсінер мені анау түнгі айдың, Елесі құшқан молалар ғана... Ай өзі айтып мүрдеге датын, Балқашта ақшам, Түн де әне жақын. Теңіздегі ойға тұтқын боп тынар, Бостандық жырын іздеген ақын. Бостандық! Сенің алдыңа құлап, Ізіңді құшып сүйемін бірақ. Жағаға жақын жабағы қостан, Жаралы көздей жанады шырақ. Балқашта ақшам. Су беті жарық, Сыңсиды біреу аралда налып. ...Мұңлы бір жырды оқимын мен де, Көзімнің жасы жиекке тамып... Қараша түнеген ауыл ...Эпосқа жатпайды сеніп, Ойы да, қыры да Елес. Қараша бұлтына жерік, Көктемді іздеген емес. Сол ауыл – Жаугер заманда, Қалыпты біздерге мирас. Селт етпей, адам, ғаламға, Эраға айылын жимас. Тамсанар таулардың түнін, Онда жоқ көсілген дала. Есімде қалғаны бүгін, Ескірген молалар ғана. Ұқсайтын қыздың мұңына, Еліткіш, есуас жаны. Мен барсам күздің жырына, Босайтын шығармын, тағы... О, мені өзіңе шақыр, Тасыңмен туыспын, таулар! Арша табытта алаңсыз жатыр, Алтайға жерленген шалдар. Ойы да, қыры да Елес, Жадында тұтас бір дәуір. Қабағын мүлде ашқан емес, Қараша түнеген ауыл. Ең ұлы ғасырды шақыр, Бір тапса сол табар емін. Алтайға жерленген ақыр, Беу, шаһит жүрегім менің! Алматы. «Сайран» вокзалы Мұрат Шаймаранұлына Таңның дағы тыныштығы бұзылған, Уақыттың да қос өкпесі қызынған. Маған жонын төсеп жатыр жолдар да, Сұлап қойып ұзыннан. Талықсыған тұнжыр күннен у жұтып, Тықыршиды, тамшыларға тіл бітіп. Мені әне, «Сайран» вокзалында, Мұрат ағам тұр күтіп. Жалғыз тартым темекі алып жаймадан, Өлген махаббатым жайлы ойланам. Жанары да жасаурап тұр аспанның, Тағдырымдай қаймана. – Бұл неткен мұң, Бұл не деген дайын мұң, Мені неге мезгілімнен айырды...? ...Табаныма танып естен құлайды, Дымқылданған жапырағы қайыңның. Шақ емес бұл – мезгіл құсы тыраулар, Шақ емес бұл – мезгіл мені қыраулар. Қолмен қойып әлдекімнің тағдырын, Бал ашады Сығандар. Жақтырмаған қабағындай інімнің, Кешегідей ашық емес бүгін күн. Мас әйелдей мәре-сәре қоғамнан, Түңілдім! Жүрегіме аяқ асты тіл бітіп, Жібердім-ау, біраз мұңды сырғытып. Мені әне, «Сайран» вокзалында Мұрат ағам тұр күтіп. Сұрғылт күнді сылтау етіп бір ғана, Алар ма еді қылғытып. Сосын тіл бітіп... Аңсар Осынау бағдарсыз өмірде, Қай маңнан табылар жол, тұрақ? Мен сені күтемін қараша желінде, Бұтадай қалтырап. Жаныма бір нұрлы от жақты, Сен жақтан ерменнің иісі. Жолаушы кезеді сан тарау соқпақты, Кешкі өкпек кетірген күйісін. Ойында жусанды даласы, Найзағай кемірген һәм ескі таулары. Бөрілер жататын таласып, Шілде де жауатын қарлары. Жортуыл жолдары, Сынған бір сойылдар арманда. ...Қарт Алтай Тәңіріге созатын қолдарын, Көкжиек көзінен қызыл қан тамғанда... Аршалар! О, нұрлы жасындар, Қанымда қаһарлы сел аққан. Мен сені күтемін, Гүлзарлар қасында, Мұңлықтар мекені – көзінде таң атқан. Ол маңда бізге енді жоқ өлім, Жалғыздық парағы фәниден жыртылған. Мен оған сәбидей сенемін, Сәбидей иірімге ұмтылған. Ешқашан басылмай аптығы, Уақыт шаңдағы самайға қонады. ...Әкемнің жоғалтқан жастығы, Анамның ескірген жамалы... ...Осынау бағдарсыз өмірде, Қай маңнан табылар жол, тұрақ? Мен сені күтемін, Қараша желінде, Бұтадай қалтырап... Күз сарыны Иесіз бақ төрінде шымшық үні – Хабарындай мына күз дүрсілінің... Жапырақтың, қарашы, күрсінуін, Жүрегімнің, қарашы, тұншығуын... Анау қыздың қарашы, қырсығуын... Дала біткен безініп өз гүлінен, Қарашаның келерін сезді білем. Бұталардың басынан тозаң ұшып, Уақыт сырғып барады өздігінен. Өз демінен тоңады сарша тамыз, Жалғыздығы оның да сонша таныс... Азу тісі ақсиып көшеді бұлт, Жайлы болмас биыл да Арқада қыс... Жапырағымен у сепкен жараңызға, Беу, сағыныш! Күз сіздің молаңыз ба? Әлі сеніп отырмын аулама кеп, Рудаки айтатын сол аңызға. Қасіреті де шараптан күшті бірақ, Ол құс енді, көзімнен ұшты жырақ... Айға сүйеп басымды көз іліп ем, Жалғыз тамшы кеудемнен түсті құлап. ...Күз сарыны сүйрелеп шалғайымнан, Сайтан – елес көлбейді жан-жағымнан. «Қара жердің сызы өтер, тұра ғой» – деп, Түн жарықтық сипайды маңдайымнан....* * * Ой буып мен жайлы ғана, Маңайлап ошақтың қасын. Сағыныш шерін төктің бе, Ана, «Ағарып мың құлаш шашың?!» Тамсанып сүтіңнің дәмін, Ойланам тағдырым жайлы. Көрсем де мұңлықтың бәрін, Дәл сендей сағына алмайды! Арыма жақтым ба күйе, Анау бір даңғаза шудан. ...Даңғаза өмірді сүйе, Өзіңнен қан уыстап туғам. Бүгінге үмітті жалғап, Қолым да, жолым да күрмеу. Тым алыс әкетті алдап, Ескі үйден басталған сүрлеу. Түсіріп уайымшыл күйге, Жауа ма жаңбыры күздің. Елесі келе ме үйге, Мен сүйген бақилық қыздың... Елсіз бір адырға түсіп, Ұйықтаймын сертімді жастап. ...Бір күні жетермін ұшып, Адасқан құстарды бастап... Қаһары қатты бұл қыстың, Құлазыр қаңтардың түні. ...Сен де ұзақ азапқа түстің, Тым ұқсас Аналар мұңы. Жатқанмен жолдарды құшып, Сағыныш аспаны асқақ. Бір күні жетермін ұшып, Адасқан құстарды бастап...